Өнертапқыш өреннің өркениетті өрісі

– Біздің кең байтақ жеріміз бар. Алайда республика аумағының жартысынан көбі шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан еліміз үшін су мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек, артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында. 2023 жылы халыққа Жолдауымда мен суды тиімді пайдалану жайына ерекше тоқталдым. Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданып, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінді. Шетелден инвестиция тартылуда. Қазір осы салада отыз мыңға жуық адам жұмыс істейді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы шілде айының тоғызы күні су шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау үшін бір топ майталман мамандарды Ақордада арнайы шақырып, мемлекеттік деңгейдегі түрлі марапаттарды табыстау рәсіміндегі құттықтау сөзінде.

 

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті былтыр құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артқандықтан қазіргі кезде бес жүзден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында суды үнемдеу мәдениеті жан-жақты дәріптеліп жатыр. Еліміздегі екі миллионнан астам оқушы «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты ауқымды жобаға қатысты. Мемлекет басшысының айтуынша, өскелең ұрпақ судың құндылығын білгені жөн және тіршілік нәрін босқа ысырап етпеу туралы жастайынан түсініп өсуі қажет. Себебі су – барша азамзат ұрпағының өмірі мен денсаулығының қайнар көзі әрі әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс ретінде бағаланады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов алдыңғы аптада ауадан су жинауға арналған ғылыми жобаның жас авторы атанған Алматы қаласындағы №79 гимназияның білімгері Дана Қадырбекпен арнайы кездесіп, ортақ мақсаттағы тақырып бойынша әңгімелескен болатын. Бейіндік ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған мәліметке жүгінсек, өнертапқыш өрен заманауи наноматериалдарды қолдана отырып, атмосферадан су жинайтын құрылғы ойлап тапқан. Бұл қондырғы электр желісіне қосылмай-ақ ауадағы ылғалды тиімді сіңіріп, конденсациялауға мүмкіндік береді.

Басқосудың қорытындысы бойынша салалық министрлік пен шығармашыл шәкірт жаңа құрылғының жұмысын бірлесіп талдау арқылы жобаны пилоттық режимде іске асыруды, ақпарат пен деректер алмасу барысында тың технологияны кеңінен қолдану мүмкіндігін зерттеуді көздейтін меморандумға қол қойды. Нұржан Молдиярұлы министрліктің құрамындағы Ғылым және инновациялық технологиялар департаментіне бұл әзірлемені қанатқақты жоба ретінде сынақтан өткізу үшін барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ жобаның авторына Алғыс хат пен бағалы сыйлықты табыс етті.

Дарынды жастардың су үнемдеу мәселелеріне бейжай қарамай, бірегей ғылыми жобалар әзірлеп, жүзеге асырып жүргені қуантады. Біз бұл жобаны бұрыннан бақылап келеміз. Ол су ресурстарын үнемдеуде ерекше шешім ұсынады, бұл әсіресе шалғай аймақтар үшін маңызды. Құрылғының ылғал аз кезде де атмосферадан су жинай алуы оның практикалық қолданылуын кеңейтеді. Қазіргі заманауи наноматериалдар мен күн энергиясын қолдану бұл жобаны «жасыл» инновациялардың маңызды жобасына айналдырады. Судың қауіпсіздігі мен тіршіліктің нәрін тиімді пайдалану – біздің жаңа кодексте жазылған стратегиялық басымдықтардың бірі. Министрліктің тарапынан қолдауға алынған жаңаша жоба қолда бар ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз ауыл шаруашылығында, өндірісте, күнделікті өмірде қолдануға болатын осындай бағалы бастамаларды мемлекеттің қаржысы есебінен елдің игілігіне жаратуға мүдделіміз, – деді ол сөйлеген сөзінде.

Еске салсақ, бұл ғылыми жоба халықаралық және республикалық деңгейдегі бірнеше байқауларда жоғары баға алған еді. Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған WICO халықаралық көрмесіне қатысқан отыз алты елдің екі мыңнан астам үміткерлерінің арасында ол оқ бойы оза шауып, алғашқы қатардан көрінген еді. Индонезиядағы жаһан жастарының халықаралық ғылыми жәрмеңкесінде (YISF) бақ сынаған жиырма төрт мемлекеттен келген қаншама қатысушыларды қапыда қалдырған бойда жүлделі бірінші орынды иеленді. ҚазҰУ халықаралық конференциясы мен Kazakhstan Smart Space ғарыштық технологиялар байқауында жоғары марапатқа қол жеткізгені тағы бар.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіпті дамыту ұйымымен (UNIDO) бірлесіп жүзеге асырылатын «жасыл» стартаптарды қолдау жөніндегі Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) халықаралық бағдарламасының он жартылай финалисінің қатарына енді. Бұл жобаны осы саланың сарапшы мамандары еліміздің барлық аймағынан келіп түскен бес жүзден астам өтініштің арасынан іріктеп алғандарын білдік. Рас, әлемде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде бұл жайсыз жағдайдың ауыр салдары айқын сезіледі. Сондықтан күрделі инфрақұрылымды қажет етпейтін әрі автономды түрде жұмыс істей алатын, суға қолжетімділігі шектеулі өңірлерде адамдарға көмектесетін құрылғы ойлап табудың маңызды зор.

– Атмосферадан су жинайтын әмбебап жабдық жасаудың ойдағы қиялын жетекшіммен бірге іске асырдық. Осы орайдағы бұл кездесу маған қайталанбас әсер қалдырғанына қуаныштымын. Су ресурстары және ирригация министрлігінің жас ғалымдарға белсенді қолдау көрсетіп жатқаны ерекше қуантады. Бұл мүмкіндіктің менің ғылыми зерттеуге бағытталған бұл жауапты жұмысымды әрі қарай ілгері дамытуыма соны серпін сыйлағаны дауысыз. Министрдің тиісті құрылымдар мен кәсіби мамандарға берген нақты тапсырмасының негізінде біз бұл дайын құрылғыны далалық жағдайда сынап көруге және жобаны пилоттық режимде іске асыруға қол жеткіземіз, – деді озық оқушысы Дана Қадырбек.

Он бірінші сыныпта оқитын болашақ жас түлектің айтуынша, бұл құрылғы қазірдің өзінде жарты литр су шығарады. Ол келешекте бұл мөлшерді еселеуді көздеп отыр. Басты мақсат – құрылғының өнімділігін арттыру. Бұл бағытта дарабоз дарын жобаны қолданысқа енгізуге және оның ауқымын кеңейтуге көмектесетін акселерациялық бағдарламаға белсене қатысып келеді. Өкінішке қарай күнделікті тұрмыста қарапайым көпшіліктің тарапынан әлемнің кейбір шөлді аумақтарында алтынға бағаланатын Н20 үнемдеу ережелері әрдайым сақтала бермейді. Тіпті тіс жуу кезінде құбырдың бұрандалы тетігін уақытша өшіре тұру немесе шаруашылыққа қолданылған суды қажеттіліктер үшін қайта пайдалану сияқты қарапайым әдеттердің өзі аса ауқымды шығын мөлшерін әлдеқайда азайтар еді.

– Сондықтан су ресурсын үнемдеу туралы түсінігімізді арттырудың маңызы ерекше. Жаңа технологияның негізінде заманауи құрылғыларды әзірлеу су саласында инновациялық серпіліс бола алатындығы анық. Өйткені осындай жобалар болашақта ел ғылымының дамуына және жоғары технологиялық жұмыс орындарының құрылуына ықпал етпек. Шәкіртіммен бірге химия, биология, инженерия, экология және ақпараттық технологияларды біріктіру арқылы жаһандық мәселені шешуге талпындық. Жобаның ғылыми құндылығы техникалық шешімінде ғана емес, сонымен бірге пәнаралық білім базасын қалыптастыруда көрініс табады. Бұл тұрақты дамуға, ғаламшарымызды сақтауға үлес қосады. Жоба шалғай елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге, энергия көздерін тиімді жаратуға көмектеспек. Алюминий мен фумар қышқылы – арзан әрі тез табылатын материалдар. Олар заманауи технологияларды өндірісте кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл заттар улы емес әрі табиғатқа залал келтірмейді, – дейді осы білім ордасындағы физика пәнінің майталман мұғалімі, жоба жетекшісі Әлия Серікбаева.

– Алюминий фумараты негізінде жасалған құрылымдар суды жақсы сіңіреді. Бұл материал көп энергияны қажет етпейді. Әсіресе, шалғайдағы аймақтар үшін өте маңызды. Ауадағы ылғалды жинау әдісі суы тапшы, климаты құрғақ өңірлер үшін тиімді шешім болмақ. Инновациялық әдісті әрі қарай жетілдіру үшін материалдың қасиеттерін сынақтан өткізуге арналған заманауи зертханаларды пайдалану қажеттілігі даусыз. Осы орайда отандық оқу орындарымен қатар шетелдегі ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастық байланыс орнатудың мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Жаңа жобаның табысты дамуы үшін мемлекеттік құрылымдар қаржылай қолдаудың тиімді тетіктерін қарастыруды қолға алды.

Әлия Рахметілдайқызының мәлімдеуінше, салалық министрлік пен жас өнертапқыш арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің нәтижесінде алдағы уақытқа жоспарланған ауқымды жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылатындығына сенім мол. Себебі зертхана мүмкіндіктеріне қоса инженерлік көмек пен ақпараттық-ағартушылық бағыттағы шаралардың пайдасы көп. Қазақстан-Британ техникалық университетіндегі (ҚБТУ) әлеуетті әріптестері Асылзат Искалиева мен Ринат Жәнібековтің көмегімен шәкіртінің теориясы тәжірибе негізінде сынақтан өткізілгені белгілі болды. Бірегей байланыс пен жас мамандарды кәсіби тұрғыдан таңдаған саласына бейімдеудің нәтижесінде су жинаудың тың технологиясы қолға алынғанына, ең алдымен, қазақстандық ғалымдар куә болып отыр.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий