Тәуелсіздік құрдасы ұлттық гимназияға – 35 жыл      

Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады (Қасым – Жомарт ТОҚАЕВ).

Арманы асқақ, мақсаты айқын, талғамы бөлек дарынды шәкірттердің бағын ашып, жұлдызын жаққан дарынды балаларға арналған облыстық ұлттық гимназия 35 жылдық тарихында саналы тәрбие мен сапалы білімнің негізін қалап, ұлт тарихында өзіндік миссиясын абыроймен атқарып келеді. Тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алған руханият пен заманға лайық жаңашыл білім тоғысып, оқушы бойында үйлесім тапқанда ғана кемел келешекке нық қадам басылады. Сондықтан ұлттық гимназия – елдің ертеңін тәрбиелейтін, рухты биіктететін, жүрекке иман, санаға ізгілік дарытатын ерекше мектеп.

Ұлттық гимназия тек білімнің ордасы ғана емес, ұлттық руханияттың, мәдениеттің және ізденістің алтын бесігіне айналды. Бүгінде тамыры терең, тұңғиығы шексіз даналықты, рухани тереңдік пен адамдық кемелдікті әр шәкірттің жүрегіне ұялатуды мақсат еткен ұлттық гимназия – білім көкжиегінің көшбасында десек қателеспейміз. Ұлт келешегін кемелдендіру жолында, ұрпақ тәрбиесін жүйелі жүзеге асырып, әрбір шәкірттің тұлғалық құзіреттілігін шыңдауда ұлттық білім ордасы өзіне ғана тән айшықты сара жолын қалыптастырған.

Гимназиядағы дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеудің басты мұраты – жан-жақты дамыған, білімді де іскер, ойлау жүйесі терең, адамгершілігі биік, дені сау әрі бәсекеге қабілетті жас буынды қалыптастыру. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Сейталиев: «Ұлт мектептерінің бірегейіне айналып, дарындылардың ошағына айналған ұлттық гимназияда ізденімпаз, іскер, жаңашыл ұстаздар қиядағыны көзге алатын қырағы, сәл сабырды ұғатын сезімтал, көзі ашық, көкірегі ояу қаншама шәкірттерді  тәрбиелеп жатыр, – деп дәл баға берген.

Бұл күннен 35 жыл кейін шегінсек, республика көлемінде тұңғыш ашылған қабілетті балаларға арналған мектеп-интернаттың негізін қалау – оңай шаруа болмағаны айқын. Ел тәуелсіздік алып, өтпелі кезеңнің ауыр жүгін арқалаған шақта жаңа ұлттық мектеп ашу – үлкен ерік-жігер мен табандылықты талап етті. Сол игі істердің басы-қасында болып, қиындығы мен қызығы мол уақытты бастан өткерген, тәй-тәй басқан ұлттық гимназияның тұсаукесеріне куә болып қана қоймай, оның дамуына жанын салған ұстаздар – бүгінгі табыстың негізін қалаған нағыз майталмандар.

Гимназияның оқу корпусы жөндеуде тұрған уақытта өзге мектепте уақытша білім беріп, кейін өз ордамыздың жаңарып, жаңғыруына қолғабыс еткен ұстаздарымыз – нағыз болашақ ұрпақтың жанашырлары бола білді. Ұлттық гимназияның алғашқы ұстаздары Д.Жалмұқанова, М.Оңалбаева, С.Бабакиева, Л.Үсенов,  Е.Хамза, Б.Құспанов, Ә.Кушенова,  Б.Өтешқалиева, Қ.Хасанова, Б.Губашева, С.Ерекенова, М.Аманқосова,  Ж.Шамбаева, К.Исағалиева, Г.Уралова. т.б. облыстың түкпір – түкпірінен келген дарынды балаларды  оқытуда уақытпен санаспады.

Гимназия алғаш ашылған кезеңде өткізілген түрлі республикалық семинарлар, жарыстар мен пәндік олимпиадалар дарынды оқушылардың білімін де, білігін де айқын даралап берді. Сол табыстардың нәтижесінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының мамандары арнайы келіп, іріктеу емтихандары арқылы болашақ студенттерін мектеп қабырғасынан таңдап алуы-сол уақыттағы оқыту мен тәрбиелеу ісінің зор жетістігі еді. Бұл жаңашыл қадам ұлттық гимназияның абыройын арттырып, мерейінің өсуіне тың серпін берді.

Сол сәттерде шәкірттерді ғылым әлеміне талпындырып, біздерге демеу берген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ұстаздары Қ.Сейталиев, С.Өтепқалиев, А.Шамғонов, Ғ.Имашев, А.Абиров, Б.Кенжегулов,  Қ.Жүсіп,  Б.Қуанбаева және тағы да басқа танымал тұлғалардың еңбектері ұшан-теңіз десек, артық айтпағанымыз. “Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі”, – деген Абай даналығын ұстанымына айналдырған ұжым еңбектің қадірін біліп, талмай ізденудің шынайы нәтижесін көрсете алды.

Білімге деген осындай адалдық пен табандылықтың арқасында гимназия бүгінде зор жетістіктер биігіне көтерілді. Осы жолда мектеп басшысының сенімді тірегіне айналған, әр жылдары оқу ісі меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған М.Оңалбаева, А.Дариева, С.Рамазанов, А.Дармуканова, Э.Жолдасова, ғылыми істер жөніндегі орынбасарларым болған А.Махметова мен А.Жумабаева, О.Нугманова,  тәрбие ісі меңгерушілері  Б.Өтешова,  Г.Сабирова,  Б. Қуанбаева, А.Қарасаева, Г.Ермагамбетова,  К.Тулегенова, Ш.Имашова, А.Зулкашева, С.Кулахметова,  Ш.Үржімбаева,  гимназия психологы Г.Уразгалиева сынды өз саласының білікті мамандарының  кәсібилігі, жауапкершілігі мен мектепке деген жанашырлығы – гимназияның дамуына тың серпін берген баға жетпес үлес.

Талай шәкірттің өмір жолына бағдар берген, олардың екінші үйіне айналған жатақхананың тыныс-тіршілігі – өз алдына бір бөлек әлем. Әр баланы жас өскіндей мәпелеп, тәрбиелеуге үлес қосқан Р.Губашева, Н. Исамберлиева, Ж.Жанғалиева, Т.Таженова, Қ.Қостаева сынды қызметкерлердің еңбегі – ерекше құрметке лайық. “Ұстаздан шәкірт озады”- дейді дана халық. Гимназияда білім алып, кейін өздері түлеп ұшқан ұяда ұстаздық жолын бастаған түлектеріміз Г. Мұқашева, Э.Куандыкова, Ш.Имашова, Ә.Есенғалиев, К.Тулегенова, Г. Ермағамбетова, Э.Жолдасова, Б.Амангелдиева, Ж.Малиева, С.Жулдаева, Т. Күйкентай, С.Үмбеталиева сынды ұстаздардың еңбектері өлшеусіз.

“Ұстаздан шәкірт озады”, – демекші, біздің гимназия шәкірттері Ш.Имашова, Ж.Атшыбаева, А.Изимова және тағы да басқа бүгін де іргелі білім ордаларын басқарып жүрген мектеп директорлары. Ұлттық гимназия – асқақ арман, айқын  мақсаты бар шәкіртін білім бәйгесінде баптар  бапкерлер мектебі. Бүгінде Атырау өлкесінде елеулі қызметте жүрген кешегі шәкірттеріміз – Сапарова Эльмира – облыстық онкологиялық диспансер басшысы, Ермекқали Әлібек – жер қатынастары басқармасының басшысы, Ембергенов Самат – Атырау қаласы әкімі орынбасары.

Өнер, мәдениет, спорт  саласындағы түлектеріміз – Нұрманов Саадат – Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығында бас әкімші, Сартбаева Бақытбек – облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы, Нұралин Азамат – «BARYS.KZ» компаниясының басшысы, спорт жанашыры, Атырау облысы Парадзюдо Федерациясының жаңа президенті, Измағамбетов Берік – ҚР спорт шебері,  отырып ойнау волейболының Атырау облысы  және ҚР Ұлттық құрама командасының капитаны, ҚР тоғыз дүркін чемпионы, ҚР 3 дүркін кубогының иегері, ҚР Спартакиадасы және параолимпиаданың 3 дүркін чемпионы.

Гимназия табалдырығынан түлеп  ұшып, бүгін де еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген шәкірттеріміздің мерейі – біздер үшін зор қуаныш. Өз шәкірттеріміздің ішінен шыққан 4 PhD докторлары, 19 ғылым кандидаты атанған түлектеріміздің әр табысы – біздің жетістігіміздің үлгісі.  Біздің шәкірттеріміз бүгін де ғылымның әр саласында ел экономикасы гүлденуіне үлес қосып, түрлі министрліктерде, әкімшілік басқару органдарында өз ісінің шебері атанып отырғандарына үлес қосқанымызды мақтанышпен айта аламыз.

Мектептің ең басты күші – оның ұстаздары. Біздің гимназияда кәсіби біліктілігі жоғары, жаңашыл, өз ісіне адал педагогтар қызмет етеді. Ұстаздарымыздың әрқайсысы тек білім беріп қана қоймай, оқушының талантын ашып, мінезін қалыптастырып, өмірлік мақсатын бағдарлауға ықпал етеді.  Бүгінде гимназияда 25 – 35 жыл үздіксіз ұстаздық қызмет атқарып,   шәкірттердің жұлдызын жаққан Исағалиева К, Уралова Г, Жумабаева А, Жукабаева Г,  Тажгалиева Б, Сапиева А, Куандыкова Э, Бисенгалиева Г, Ибрагимова Г тағы да басқа талантты ұстаздарымыз әлі де талай биікті бағындырары сөзсіз.

Гимназия ұстаздары  жеткен табыстардың өзі – олардың нағыз талантты, дарынды, көшбасшы ұстаздар екеніне дәлел.  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Үздік педагог»   конкурсы жеңімпаздары  Б.Тажгалиева,  Н.Даумов,  Н.Аккайнанова, Э.Куандыкова, А. Зулхашева облыс мұғалімдері мәртебесін арттыра білді.  «Әуезовтанушы мұғалім» республикалық байқауының жеңімпазы Г.Мұқашева, «Жүзден жүйрік» республикалық байқауының жеңімпазы А.Сапиева,  «Алтын диск» республикалық байқауының жеңімпазы Г.Бисенғалиева, “Инновациялық педагогикалық идеялар жобалары» республикалық фестивалінің жеңімпаздары  Б.Тәжіғалиева, Э.Қуандықова, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсы жеңімпаздары Н.Аккайнанова, Э.Куандыкова, А.Зулкашева,  Қостанай қаласында өткен  «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасы жеңімпазы Г.Байдешова, «Жыл психологы» республикалық конкурстың жеңімпазы О.Нугманова, «Педстарт» математика пәні мұғалімдерінің қашықтық олимпиадасы жеңімпаздары  П.Иманғалиева,  Г.Бисенғалиева, А. Әбілқасым, Қазақстан педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен республикалық байқауда «Үздік жас педагог» А.Жауынбаева, ІІ республикалық  «Жас маман» байқау жеңімпазы  Ж.Сдихова, «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық премиясының ТОП-50 финалисті  Аккайнанова Н және тағы да басқа мамандар әр жылдарда гимназияның абыройын асқақтатты.

Қай дәуірде болмасын, елдің ертеңін белгілейтін басты күш – білімді де қабілетті ұрпақ. Ұлттың өркендеу жолы жас буынның ой өрісімен, парасат биігімен өлшенетіні анық. Сондықтан дарынды оқушыны тану, қолдау, оның білім жолындағы ізденісін дамыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ұлт болашағы білімді, ізденімпаз, шығармашыл жасқа байланысты. Ендеше, дарынды оқушыны қолдау арқылы біз тек бір шәкірттің емес, тұтас мемлекеттің келешегін кемелдендіреміз.

Бүгінгі талантты жас – ертеңгі елдің бәсекеге қабілетті маманы, ойлы азаматы, жаңа идеялар жасаушысы. Демек, дарынды оқушы – ұлттың мақтанышы ғана емес, оның кемел келешегінің кепілі. Ұлттық гимназияның шәкірттері жыл сайын мектеп мәртебесін асқақтатып қана қоймай, тұтас елдің мерейін өсіріп келеді. Гимназия шәкірттері әр жыл сайын халықаралық және республикалық пән олимпиадаларында жүлделі орындарға, ғылыми жобалар байқауларында гранттар мен арнайы марапаттарға ие болып, шығармашылық конкурстарда оза шауып, бәйге алған шәкірттеріміз, спорттық жарыстарда рекордтық көрсеткіштер көрсетіп келеді.

Гимназиядағы  дебат, драма, робототехника  үйірмелеріне қатысып жүрген талантты шәкірттер – республикаға танымал жарыстар жеңімпаздары. ІТ салаларында биік белестерді бағындырған дарынды шәкірттердің  жетістігі – болашаққа салынған инвестиция және  кәсіби дамудың  алғашқы берік қадамдарының бастамасы. Әр жылдардағы ҰБТ қорытындысы бойынша да тек жоғары көрсеткіш көрсетіп, мемлекеттік гранттарға ие болған оқушылардың әр қуанышында гимназия ұстаздарының адал еңбегі тұрғанын мақтанышпен айта аламыз.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде алғашқы 125 балдық жүйе бойынша ең жоғары нәтиже  жинаған үш үздік түлек  Есенбаев Нарул, Жаймұханов Қайыржан, Өтеуова Жансаялар жетістігі – ұлттық гимназия тарихында елеулі оқиға.  ҰБТ-ның жаңа форматына сай шекті балл 140 болып өзгерген 2016-2017 жылы біздің шәкірттеріміз Қарасаев Дәурен, Дарын Дана 137 жоғары ұпайды жинай алды. Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның жетістіктері жоғары бағаланып, ҚР Оқу – ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің қорытындысы бойынша әр жылдар сайын «Ең үздік мектеп» номинациясы беріліп келеді. Бұл – үлкен мәртебе.

«Ұстаз – ұлы мамандықтың тарланы, жас дарынның жолын ашу арманы» деген ұстаным гимназия ұстаздарына тән ерекше қасиет. Оқушыларына тек сәттілікке жетуді үйретіп, «ерінбей еңбек етсең – ерінің асқа тиеді, ерініп ілбіп кетсең – иегің тасқа тиеді» деген даналықты өмірлік серік ете білген  ұстаздар ұлт алдындағы ұлы миссияларын абыроймен атқарып келеді. Ұлттық гимназияның 35 жылдық даму жолындағы ерекше кезеңдердің бірі – оны өз түлегінің басқаруы. Бұл – гимназия тарихындағы сабақтастық пен ұлылықтың айқын көрінісі.

Бүгінде ұлттық гимназияны кешегi өнегелі шәкіртіміз, осы білім ордасының түлегі, бірнеше жыл бойы тәрбие ісі меңгерушісі қызметін атқарған тәжірибелі педагог Имашова Шынаргул Балғабайқызы басқарып отыр. Шынаргул Имашованың басшылық қызметке келуі гимназия дамуының жаңа бір асуы іспетті. Жас та болса білігі толысқан, ұлтын сүйген ұстаздың жаңашыл көзқарасы мен талапшылдығы оқу ордасының рухын серпілтіп, жаңа бастамаларға жол ашты. Оның іскер жетекшілігімен гимназия заман талабына сай жаңғырып, биік мақсаттарға ұмтылып келеді.

Кешегі басшы, бүгінгі ардагер ұстаз ретінде ұлттық гимназияның биікке жеткен бүгінгі жетістіктеріне куә болып, жүрегім шын қуанышқа толады. Бұл мектеп – тек білім орны ғана емес, әр шәкірттің талпынысын қолдап, ел болашағын тәрбиелейтін алтын бесік. Ұлттық гимназияның әрбір табысы – ұжымның қажырлы еңбегінің, жаңашыл бастамаларының жемісі. Ұлттық гимназияның өсіп-өркендеуі – әр ұстаздың маңдай тері мен ұжымды біріктірген ынтымақтастықтың нәтижесі. Бүгінгі биіктеріңізге қуанып, ертеңгі жетістіктеріңізге тілекшімін. Ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғыс айтамын!

Нұрлыбек Ғилажұлы ДАУМОВ,
Құрметті профессор,  Қазақстан ПҒ
Академиясының акадамигі,
ҚР-ның “Құрмет” орденінің иегері,
Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы”
құрметті атағының иегері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий