Білім мазмұнын айқындаған мерейлі белес

Құрметті әріптестер, қадірлі ұстаздар, сарапшылар және білім саласының жанашырлары! Биыл Білім мазмұнын сараптау орталығы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл екі онжылдық – ұлттық білім беру жүйесінің дамуындағы жауапты кезеңдерді, ізденіс пен жаңғыруға толы белестерді біріктірген ерекше тарих.

Осы жылдар ішінде Орталық еліміздің оқу әдебиеттерінің сапасын қамтамасыз етуге, білім мазмұнын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сараптауға, жаңа буын білім беру стандарттарының жүзеге асуына кәсіби қолдау көрсетуге бағытталған маңызды миссияны абыроймен атқарып келеді. Сапалы білім мазмұнын қалыптастыру – елдің болашағына қаланған берік іргетас. Бұл жолда мыңдаған сарапшы мен ғалымның, авторлар мен педагогтердің қажырлы еңбегі, өз ісіне деген адалдығы үлкен рөл атқарды.

Әр маманның кәсібилігі мен жауапкершілігі ортақ мақсатымызға жетуге зор үлес қосып отыр. Соңғы жылдары іске қосылған «Expertise.gov.kz», «E-expert.gov.kz», «Etandau.gov.kz» платформалары мен «Mektep.Sozdik» мобильді қосымшасы сараптама үдерістерінің ашықтығын арттырып, қоғамға қолжетімді ақпараттық орта қалыптастырды. Бұл – заманауи технологияларға сүйенген жаңа кезеңнің нақты нәтижесі.

Жиырма жылдық мерейтой – өткенге ой жүгіртіп, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды меже. Орталық бұдан әрі де ғылыми дәлдікке, әділдік пен кәсібилікке негізделген ұстанымын сақтай отырып, білім жүйесінің қарқынды дамуына қызмет ете береді. Жоғары оқу орындарымен орнатылған стратегиялық серіктестік, сарапшы кадрларын жүйелі даярлау, оқулық сапасына қойылатын талаптарды жетілдіру бағытындағы жұмыстар – ортақ еңбегіміздің жемісі.

Қоғам тарапынан түсетін ұсыныстар мен пікірлер біз үшін әрдайым маңызды, өйткені сапалы оқулық – барлығымызды біріктіретін ортақ мақсат. Алдымызда жаңа технологияларды, жасанды интеллект шешімдерін сараптама үдерісіне енгізу, цифрлық мәдениетті дамыту сияқты тың міндеттер тұр. Баршаңызға адал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Мерейтойымыз құтты болсын! Болашаққа бірге нық қадам басайық!

Назира АБДРАХМАНОВА,
ҚР Оқу-ағарту министрлігі РҒП Білім мазмұнын сараптау орталығының директоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий