Ұлттың қамы, ұрпақтың болашағына қызмет
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Жетістіктері мен табыстары ғасырға бергісіз отыз жылдан астам уақытта жаңа Қазақстанның іргесі қаланды. Бүгінгі Қазақстан – бірлігі жарасқан, болашағы жарқын ел, жасампаз әлеуетін бүкіл әлем таныған абыройлы мемлекет. Ал қазақ халқы – әлемдік өркениет көшінде өзіндік жолы мен қолтаңбасы бар мемлекет қалыптастырушы ұлт.
Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Мемлекеттік рәміздерімізді қабылдап, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жандандырдық. Бүгінде еліміз білім беру жүйесін дамыту арқылы әлемдік кеңістікте өз орнын белгіледі. Осындай игі істердің қатарында егемен еліміздің мектептеріне арналған төл оқулығымызды жазу, оның жүйесін қалыптастырудың да орны ерекше. Өйткені сапалы оқулық – сапалы білімнің, ал сапалы білім – сапалы ұлттың негізі. Әрине, оқулық жазу, оны шығару, ертең жас ұрпаққа қызмет ете алатындай жүйесін қалыптастырып дамыту оңай іс емес.
Бұл – келешек ұрпақтың төл оқулығымыздан білім нәрімен сусындауына еңбек еткен осы сала мамандарының талай жылғы төккен терінің нәтижесі. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап «Мектеп» (бұрынғы атауы «Рауан») баспасының алдына жаңа буын төл оқулықтарымызды басып шығару міндеті қойылды. Алғашқы кезеңде баспа оқулықтардағы ескірген идеологиялық көзқарастарды ысырып, жаңа өзгерістер енгізе бастады. Оқулықтар әуелі қазақ тілінде, кейін орыс, ұйғыр, өзбек тілдеріне аударылды. Жаңа пәндер бойынша да оқулықтар басылып шықты. Тәуелсіздік алғаннан кейін араға бес жыл салып, бiлiм тұжырымдамаларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар, оқу-әдiстемелiк құралдар және тексеру тапсырмаларының жүйесiн жасау мақсатында жаңа бағдарлама қабылданды.
Соның нәтижесінде 1997 жылы қазақстандық жаңа буын оқулықтарын шығару қолға алынды. Алғашқы жылдарда кездескен қиыншылықтарды желеу етіп, кейбір топтар ел арасында «…төл оқулықтардың қажеті жоқ, бұрынғыдай Ресейдің аударма оқулықтарымен оқыта берген дұрыс», – деген пікір таратуға тырысқан сәттер де болды. Алайда, министрлік пен қазақстандық баспалардың жүзеге асырған іс-шараларының, тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында елімізде бірнеше авторлық мектептер қалыптасты. 2005 жылы ғылыми және педагогикалық сараптама өткізудің нормативтік-құқықтық актілерін жасау, тәуелсіз сарапшылардың білікті базасын құру әрі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді мемлекеттік сараптамадан өткізу сапасын жетілдіру мақсатында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды.
Мекемені 2005-2010 жылдары педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Абылқасымова басқарып, оқулықтану ғылымын зерделей отырып, ғылыми-әдістемелік орта құрды. 2011 жылдың қаңтар-сәуір айларында орталықты педагогика ғылымдарының докторы, профессор Саулеш Мұқанова басқарса, осы жылдың бесінші мамырынан бастап мекеменің басшылық қызметі маған бұйырды. Педагогика ғылымының майталман мамандары басқарған орталықта тұрақты жүйе қалыптасып, еліміздің мықты ғалымдары мен практик мамандары сынға ең жиі ұшырайтын салада аянбай еңбек етіп отырған ұжымға мен де сіңісіп кеттім.
Оқулық – әрқашан да білім алудың басты құралы саналады. Себебі оқулық – күнделікті әрбір оқушының, ата-ана мен мұғалімнің қолында болатын бірден-бір құрал. Сондықтан жұртшылықтың оқулықтар сапасына аса үлкен мән беріп, оған қатысты өз сын-пікірлерін білдіріп отыруы – заңды құбылыс. Жаңа ақпараттық заман оқушыларға берілетін білімнің мазмұны мен сапасына жаңа талаптар қойып отырады. Бұл, әрине, оқу құралдарын әзірлеу ісінде де жаңаша көзқарасты қажет етеді. Тарихқа көз жүгіртсек, жалпыға міндетті білім беру стандарттарына 2012, 2014 жылдары өзгерістер енгізілді. 2016 жылдан бері еліміздің орта білім беру жүйесі жаңартылған білім мазмұнына көше бастады.
Жаңа білім беру стандарты және үлгілік оқу бағдарламалары бекітілді. Осы жаңалықтардың бірден-бір көрінісі және жүзеге асырушысы оқулық еді. Оқулыққа бұрынғыдай тек ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар оқытудың белсенді әдістерін қолдана отырып, оқушылардың өздік жұмысын ұйымдастыру және бағыттау қызметтері жүктелді. Оған теориялық материалдар мен мәтіндердің көлемін азайтып, оқып-жаттауға лайықталған тапсырмалардың орнына баланы өздігінше ойлануға және ізденуге жетелейтін шығармашылық тапсырмалар мен олардың түрлі жаттығуларды орындауы арқылы тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған оқу материалдарын көбейту қажеттілігі туындады.
Жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың білім беру талаптарына сай болуы – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі деп білсек, осы тұрғыда Білім және ғылым министрлігі (қазіргі Оқу-ағарту министрлігі), біздің орталық, оқулық авторлары, сарапшылар мен баспа өкілдері ауқымды жұмыстар атқарды деп толық сеніммен айта аламын. Қысқаша тоқталып өтсем: сараптама сапалы болуы үшін орталықта білікті ғалымдардан, жоғары санатты мұғалімдерден және әдіскерлерден құралған 4 мыңға жуық маманнан тұратын сарапшылар базасы жасақталды.
Орталыққа келіп түскен оқулықтарға сарапшылар нақты критерийлер бойынша ғылыми және педагогикалық сараптама жүргізді. Оқулықтар шығарылмас бұрын осы орталықтың «Қоғамдық бақылау» порталына ілінді. Оқулық сапасына қатысты мұғалімдердің пікірін ескеру үшін 2018 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде семинарлар өткізіле бастады. Онда авторлар жаңартылған мазмұндағы мектеп оқулықтарының жобасымен таныстыру мақсатында бағдарлама ерекшеліктерімен бірге өздерінің ұстанған концепциялары, әдістемелік нұсқаулықтарымен мұғалімдерді хабардар етіп, ал келесі кезеңінде оқулық талқыланып отырды.
Барлық өңірлерде бір ай бойы 160-200 адамнан құрылған авторлардың кездесулері ұйымдастырылып, баспадан шығатын оқулықтар таныстырылып, жіті талданды. Бұрын-соңды үрдіске айналмаған мұндай кездесулік сапарлар халық арасында «Авторлар шеруі» деп аталып кетті. Оқулық сапасын қамтамасыз ету үшін сарапшылар біліктілігінің жоғары болуы және оны үнемі жетілдіріп отыруы аса маңызды. Осыған байланысты Орталық отандық және шетелдік мамандарды жинап, жылына бірнеше рет оқыту семинарлары мен курстар, тренингтер өткізіп отырды.
Авторларға үнемі ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіліп, жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, оқыту курстары мен семинарлар, форумдар ұйымдастырылды. Орталықтың ең басты жұмысының бірі – оқулықтарды әзірлеу және оның сапасын бағалау процестерін ғылыми-әдіснамалық тұрғыда қамтамасыз ету. Осы орайда тілге тиек ететін жұмыс – жаңа білім әдіснамасына сәйкес заманауи оқулықтарға қойылатын талаптар әзірленді. Сонымен қатар оқулықтарды сараптамадан өткізудің қағидалар жүйесі де толықтырылып, қайтадан жаңартылды. Бұл критерийлер сарапшылардың басшылыққа алатын нұсқаулығы іспеттес.
Жыл сайын оқулықтар басылымға шықпас бұрын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері, ғалымдар, қоғамдық ұйым өкілдері, мұғалімдер мен журналистерден тұратын арнайы жұмыс тобы осы оқулықтардың аударма сапасына лингвистикалық талдау жүргізіп, әлеуметтің қабылдауы тұрғысынан тағы бір зерделеу ісі қолға алынды. Оқушының күнделікті қолданатын оқулықтары мен жазу құралдарының салмағына шектеулер қойылды.
Олардың электрондық нұсқалары қолжетімді болып, интерактивті, билингвалды оқулықтар қолданысқа енгізілді. Оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мониторингін жыл бойы жүргізу дәстүрге айналды. Мемлекеттік мәні аса маңызды оқулық сапасын жақсартуға байланысты нормативтік құжаттарға көптеген өзгерістер мен жаңалықтарды енгізу, тағы да басқа іс-шаралар әлі де жалғасын тауып келеді. Атқарылған жұмыстарды тізе беруге болады. Ең бастысы, оған қаншама адами ресурс, көз майларын тауысқан авторлар, уақытпен санаспай жұмыс істеген сарапшылар, жаңа талаптарға тез икемделген баспагерлер, олардың біліктілігі, төзімділігі, қоғамдағы түсініспеушілікті, негізді-негізсіз айтылған сындарға төтеп беруі, түсіндіруі осы саланың нағыз кәсіби мамандары мен жанашырларының еселі еңбегі екенін атап өтуіміз керек.
Ерекше маңызға ие мемлекеттік миссияны орындау барысында біздің Орталықтағы моральдық-психологиялық ахуал, әріптестерімнің жоғары біліктілігі, адамгершіліктері мені әркез жігерлендіріп отырды. Күндеріміз былай тұрсын, оқулық оқып талдаумен өткізген талай түндеріміз есіме түсіп отыр. Сол күндері еш ренжімей, бірге болған ұжымыма алғысым шексіз. Сегіз жыл бойы иық тіресе еңбек еткен әрбір әріптесімнің ауқымды жұмыстары көз алдымда әрі ол сәттер мәңгі жадымда болмақ. Бүгінгі күні бұл орталықтың атқаратын қызмет ауқымы артып, толықтай білім мазмұнын сараптау жұмысын қолға алуы әріптестерімді жаңа жетістіктерге шабыттандырады деп сенемін. Ал орталықтың тізгінін ұстап отырған Назира Қабдоллақызына әрбір бастамасына береке мен абырой тілеймін!
Егемендік алғаннан бері жарық көре бастаған төл оқулықтарымыздың бастапқы нұсқасы төрт рет қайта басылып шыққан болса, жаңартылған мазмұндағы оқулықтардың екінші басылымы жарық көруде. Ол дегеніміз, ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, білім беру саласына озық үлгілерді енгізу арқылы болашақ ұрпақты тәрбиелеу мақсатында Орталық батыл қадамдарға барып, оқу-ағарту ісінің өзіндік үлгісін қалыптастыруда үлкен жұмыстар атқарып келеді. Білім беру саласында жүргізіліп жатқан күллі реформа, оқулық жасауда бастан өткерген тәжірибе мен алдағы ізденісіміз – кешегі Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары мен ағартушы-ұстаздардың өнегелі, тағылымды жолының жалғасы деп білемін.
Осы ретте құрылғанына жиырма жыл толып отырған Орталық ұжымын, барлық әріптестерімді мерейлі мерекелерімен құттықтаймын! Ел болашағы, ұлттың қамы, ұрпақтың келешегі жолындағы игілікті істеріңізге табыс тілеймін! Сіздердің әр күнгі төккен терлеріңіз – болашақ ұрпақтың ертеңіне жасалған қамқорлық. Ал болашақ ұрпақ – елдің, егемен мемлекетіміздің тағдыры. Сондықтан, Сіздер – әрбір оқушының, ұстаздар мен ата-аналардың, жалпы халықтың құрметіне лайық жансыздар!
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» ҚеАҚ Басқарма төрағасы – Ректор


