Білім мазмұнын дамыту жолындағы кәсіби тәжірибе

2020 жыл. «Оқулық» орталығына басшылыққа тағайындалған сәтім – елдің де, әлемнің де астаң-кестеңі шыққан уақыт болатын. COVID індеті басталып, алғашқы локдаун жарияланған шақ. Қарапайым күнделікті тіршіліктің өзі тұйықталып, Орталық қызметкерлері үйден шығуға шамасы келмей қалған кезеңде жаңа міндетке кірісу – әрине, оңай болған жоқ. Бірақ сол ауыр күндер маған өмірлік бір ақиқатты тағы дәлелдеді: нағыз кәсіби ұжым қиындықта танылады.

Мен Орталыққа келгенге дейін Республикалық сараптамалық комиссия құрамында болып, оқулық сапасына қатысты мәселелерді жақсы білетінмін. Біреудің кемшілігін сырттай сынау бар да, сол кемшіліктердің шешімін өз қолыңмен іздеу – мүлде басқа шаруа. Сондықтан жұмысқа кіріскен күні-ақ педагогтер жылдар бойы айтып жүрген түйткілдерді жүйелі түрде шешуді мақсат еттім.

Алғашқы қадам – қолданыстағы оқулықтардың кең ауқымды мониторингі. Мұғалімдер пікірін жинау арқылы 400 беттен асатын талдау материалын әзірледік. Бұл тек қағаз бетіндегі есеп емес, мектептің шынайы тынысын сездіретін нақты деректер еді. Бұл материалдарды кейін оқу бағдарламаларын жетілдіру үшін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына, ал оқулықтарды түзету үшін баспаларға жібердік. Кейін өзім Академияға ауысқанда да осы деректер күнделікті жұмысымның тірегіне айналды. Оқулық сапасының артында ең алдымен автор, содан кейін баспаның жауапкершілігі тұратынын жақсы түсіндім.

Осы себепті авторлар құрамын қайта қарап, баспаішілік сараптаманы күшейттік. Әр оқулыққа баспа басшысының жеке кепілдігі қойылуы тиіс деген талап бекіттік. Бұрын формальды ғана орындалып келген бұл рәсім оқулық өндірісінің шынайы жауапкершілік алаңына айнала бастады. Сонымен қоса алғаш рет оқулық авторларына арналған арнайы курстар ұйымдастырдық. Дидактика, оқулықтану, мазмұндық құрылым, жаңа талаптар – барлығы қамтылды. Бұл тың тәжірибе авторлардың өзінен де жоғары баға алды. Оқулықтың ғылым мен тәжірибе тоғысындағы үлкен еңбектің жемісі екенін сезінетін жаңа буын қалыптаса бастады.

2020 оқу жылына оқулықтарды әзірлеп, оларды елдің түкпір-түкпіріндегі мектептерге жеткізу – сол кездегі ең ауыр миссия болатын. Қалыпты жағдайда да бұл жұмыс күрделі, ал ол жылы жолдар жабық, мекемелер тоқтап, шетелде басылған оқулықтарды елге әкелу үшін халықаралық келіссөздерге дейін баруға тура келді. Оқулықтардың шектеусіз тасымалдауды ұйымдастыруға рұқсат беретін Үкіметтің арнайы қаулысын шығару үшін зор қажыр-қайрат жұмсадым, келісім беретін басқа мемлекеттік органдардағы әріптестерімнің мазасын әбден алғаным да рас. Соның нәтижесінде осы маңызды қаулыны бас-аяғы бірнеше күн ішінде шығара алдық және бұл көп мәселені шешті.

Қалыпты жағдайда мұндай құжатты шығару айға дейін созылып кетіп жататын. Сонда мен бір жайтты анық сезіндім: ортада шынайы кәсібилік пен азаматтық жауапкершілік бар жерде ең қиын міндеттің өзі орындалады екен. Орталық қызметкерлері де, баспалар да, тасымалдау мекемелері де жан-тәнімен еңбек етіп, балалардың оқулықсыз қалуына жол бермеді. Оқулықтардың кемшілігі көбіне олар сүйенетін үлгілік оқу бағдарламаларындағы жүйесіздіктерден басталатынын көрдік. Сондықтан үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жүргізуді заңдастыру бастамасын қолға алдық. Бұл бастама «Білім туралы» Заңға өзгеріс енгізуге алып келді.

«Оқулық» орталығы «Білім мазмұнын сараптау орталығы» болып қайта құрылып, білім мазмұнының түп негізін сараптауға жауапты Республикалық деңгейдегі маңызды орталыққа айналды. Сол жылы жаңартылған білім беру стандарты бойынша 11-сынып оқулықтары шығарылуы қажет болатын. Соңғы сыныптың оқулықтарын сапалы шығару үшін оқу бағдарламалары мен оқулық авторларының басын Online форматта қосып, үлкен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырдық. Мен үшін бұл кезең тек кәсіби белес қана емес, адамдық биікті үлгі еткен жандармен бірге еңбек еткен уақыт болды. Орталық қызметкерлері сол күрделі кезеңнің нағыз тірегі болды.

Сол кезде орынбасарым болған Әділхан Төлегенұлы, Саят Құсайынұлы, сараптама зертханасының меңгерушісі Ләззат Байымбетова, оқулықпен қамтамасыз ету зертханасының меңгерушісі Жанар Жаркембаева, ғалым хатшы Толқын Айтқазина, бас бухгалтер Асыл Есенжаров, жетекші сарапшылар Ришад Михалев, Әлия Ілесқызы, Сәуле Капезовна, Шынар Ергалиевна, кәсіподақ төрағасы болған Сәндігүл Нұрғазиевна, міне осы және басқа әріптестеріме маған қолдаушы, ақылшы болғаны үшін, адал еңбектері үшін өз ризашылығым мен алғысымды білдіремін.

Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы – өз еңбегінің маңызын терең сезінетін, айлығы көп болмаса да жауапкершілігі орасан қызмет атқарып жүрген адал жандар ұжымы. Осындай ұжым – қазіргі қоғамда сирек әрі бағалы құбылыс. Менің еңбек жолымдағы үлкен белес болған осы мәртебелі Орталықтың мерейтойымен барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Ұжымға береке, әр маманға денсаулық, жасаған еңбегінің жемісін көретін бақыт тілеймін. Білім беру ісінде қалдырған із – елдің ертеңіне қосылған елеулі үлесіңіз.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ,
ҚР Оқу-ағарту экс-министрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий