Оқулық сараптамасының бел ортасында
2021 жылы мен Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының басшылық қызметіне тағайындалдым. Бұл кезең елдегі білім беру мазмұнын бағалау жүйесінде ауқымды өзгерістер жүріп жатқан шақпен тұспа-тұс келді. 2023 жылдың ортасына дейін осы мекемеде еңбек етіп, оқулық сараптамасы мен оқу бағдарламаларын бағалау ісінің күрделі де жауапты үдерісінің куәсі болдым.
Орталықтың басты міндеті – мектептерге ұсынылатын оқулықтардың мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламаларына сәйкестігін қамтамасыз ету. Бұл тексеріс жай ғана қателерді түзету емес, бүкіл ұрпақтың білім мазмұнына әсер ететін іргелі жұмыс екенін түсіндік. Мен қызмет еткен жылдары орталық алғаш рет халықаралық деңгейде салыстырмалы зерттеуге қатысты. Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында оқу әдебиеттеріне қойылатын талаптар мен сараптама рәсімдерін жаңарту мақсаты көзделді.
Бұл бастаманың аясында халықаралық байқау нәтижесінде таңдалған консорциум сараптау жүйесіне кешенді талдау жасады. Зерттеу нәтижесінде сараптама рәсімдеріне сырттай баға беріліп, пәндер бойынша қолданылып жүрген критерийлерге нақты ұсыныстар енгізілді. Ең маңыздысы – осы уақытқа дейін орталықтың ұсынысы ретінде қарастырылып келген сараптама критерийлері алғаш рет Білім және ғылым министрінің бұйрығымен ресми, міндетті құжат ретінде бекітілді. Бұл сараптама сапасын арттыруда үлкен қадам болды.
Осы кезеңде енгізілген тағы бір маңызды өзгеріс – ана тіліндегі оқулықтардың тікелей қазақ тілінде жазылуы. Бұған дейін көптеген оқулықтар алдымен орыс тілінде әзірленіп, кейін қазақшаға аударылатын. Бұл тәжірибе мазмұн сапасына, тілдік бірізділікке кері әсер етіп келді. Енді оқулық түпнұсқасы тікелей қазақ тілінде жазылуы тиіс деген талап қойылды. Электронды оқулықтар мен цифрлық ресурстарға қойылатын талаптар да заманауи сұраныстарға сай жетілдірілді. Бұрын назардан тыс қалып келген өзекті тақырыптар – психологиялық денсаулық, әлеуметтік теңсіздік, тұрмыстық қиындықтар оқулық мазмұнында үгіттік емес, бейтарап ғылыми сипатта қамтылуы тиіс деген ұстаным бекітілді.
Сол жылдары Орталықтың құрылымы мен атауы да өзгеріп, құзыреті кеңейтілді. Енді тек оқулықтар ғана емес, үлгілік оқу бағдарламалары да сараптаудан өте бастады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы 24 шілдедегі №344 бұйрығының жаңартылған редакциясы қабылданып, сараптама процесіне қойылатын талаптар нақтыланды. Соның ішінде, баспалардың ішкі сараптамасына қатысты нақты рәсімдер бекітілді. Бұрын бұл баспаның жөн деп тапқан формада жүзеге асқан талап болатын, енді ол нақты нормалар ретінде жүзеге асты.
Сараптамаға ұсынылатын оқулықтардың форматы, апробация кезеңінің реті, авторлық құрам туралы толық ақпарат ұсыну тәртібі жүйеленді. Апробация – оқулық сапасын бағалауда аса маңызды қадам. Бұл кезеңді біз зерттеушілердің тікелей апробациялық мектептерге барып, мұғалім, ата-ана, оқушылармен сұхбаттасып өткізуге тырыстық. Балама оқулықтар жүйесін енгізу мәселесі де осы жылдары өзекті бола түсті. 2000-жылдардың ортасында берілген таңдау құқығы – олардың кәсіби еркіндігіне жасалған маңызды қадам. Ендігі мәселе мұғалім таңдауы мен жергілікті білім органы тапсырыс беруі арасындағы алшақтықты болдырмау.
Бұл ретте шетелдік тәжірибеге – Оңтүстік Корея, Жапония және тағы да басқа елдердің модельдеріне назар аударылды. Министрлік деңгейінде тиісті ереже бекітілді. Сондай-ақ қателерге қатысты баспалардың жауапкершілігі заңмен реттелді. Оқулықтағы өрескел қателер қоғамда дау туғызады, алайда жауапқа тарту мәселесі айтарлықтай қиын. Соған байланысты баспаның кінәсынан болған қателер үшін жауапкершілік туралы жаңа құқықтық норма қабылданды. Оқулық – ең көп тараған оқу кітабы болғасын, оның сапасына қоғамда сын үнемі болды. Нақты ахуалды білу үшін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таралған пікірлерді жүйелеп, нақты талдау жасадық.
Көптеген пікірлердің әдістемелік айырмашылықтар мен түсінбеушіліктен туындағанын көрдік. Мысалы, грамматикалық емес, коммуникативтік әдістеменің енгізілуі тіл пәндерінде біршама тартысқа түсті. Алайда бұл қателік емес – педагогикалық тәсілдердің айырмашылығы. Оқулықтағы кейбір мысалдар да түсінбеушілікке негіз болды. Мәселен, кітапта берілген суреттен орамал мен хиджабты шатастыру, терминологиядағы әр алуандылық, «қ» мен «г»-ның, «б» пен «п»-ның тартысы, шетелдік контент, бейстандартты жаттығулар, тағысын-тағылар – барлығы да түсіндірме мен әдістемеге мұқият қарау қажеттігін көрсетті.
Осы дауларға жауап ретінде біз дәлелді материалдар дайындап, қоғаммен ашық диалог жүргізуге тырыстық. Сараптама процесінің кезеңдері, нәтижелері, өткен тарихи жолы, оқулықтар мен оқу әдебиетінің сараптамасы туралы кеңінен тараған жаңсақ пікірлер, халықаралық тәжірибе жайында біршама визуалды, инфографикалық мәлімет дайындадық. Оқулық сараптамасы – күрделі де тәуекелі көп жүйе. Мұнда қоғамның, баспаның және мемлекеттік органдардың мүдделері тоғысады. Атап айтқанда, оқулық – педагогика, тіл, пәндік ғылым мен әдістеменің трансшекаралық өнімі, сондықтан осы салалардың айнасы іспеттес.
Осы аталған салалардағы даулы мәселелер, әр аулан көзқарастар оқулықтағы материалдан табылса, сынға өзінен өзі ілініп кетеді. Оқулықтарды бәсекелес баспалар шығарған соң, әр баспа үйі қарсыласының өнімін жақтырмауы – табиғи құбылыс. Осыған байланысты БАҚ-тағы оқулыққа қатысты сын-ескертулер сараптама қорытындысының шығуы және оқу жылының басына таман жиілейді. Өйткені, баспалар – бизнес субъектілері ғана емес, айналасына пікірлес педагогтер мен ғалымдарды шоғырландырған қауымдастық ретінде де әрекет етеді.
Мемлекеттік органдар оқулық сараптамасына ұлттық идеология мен қауіпсіздік мәселе ретінде қарайтындықтан, бұл рәсімді мемлекеттік монополияға жатқызды. Монополияның артықшылығы – тұрақтылық, ал кемшілігі – қаржыландыру жүйесі қасаң, өзгертуге икемсіз. Сараптау рәсімдерін түбегейлі өзгерту үшін қажетті ресурстарды тарту – қиын, аса ұзақ процесс. Оқулық пен оның ілеспе басылымдарының сараптамасы – білім беру жүйесіндегі аса маңызды, бірақ сырт көзге әрдайым бірден байқала бермейтін бағыт. Бұл салада көп нәрсе қолда бар жағдайлармен атқарылып келеді.
Біз қызмет еткен кезеңде сараптама рәсімдерін нақтылау, олардың құқықтық тұрғыдан бекітілуі, қоғамдағы сын-ескертулерге ашық және жүйелі түрде жауап беру, сарапшыларға тең жағдай жасау үшін оқулықтарды кодтау, сыртқы сарапшыларды тарту және шешім қабылдау өкілеттігін толық беру сияқты бірқатар маңызды тетіктерге ерекше көңіл бөлінді. Мен осы жүйенің ішкі логикасын ашық түсіндіруге, қоғамда қалыптасқан кейбір жаңсақ пікірлерді тарқатуға, нақты шешімдер ұсынуға тырыстым. Егер осы әрекеттеріміз сараптама жүйесінің кейінгі дамуына оң ықпал етсе – мұны еңбектің бағалануы деп түсінемін.
Бүгін де бұл жұмыс – тәуекелі мен жауапкершілігі қатар жүретін, түрлі мүдделер тоғысатын, бірақ ең бастысы – ел болашағына қызмет ететін абыройлы іс. Қазіргі орталық ұжымына осы күрделі де қажетті істі одан әрі дамыту жолында табыс тілеймін. Сараптама рәсімдерін жетілдіру арқылы сапалы, мазмұнды, ұлттық басымдықтарға сай келетін оқулықтар әзірлеуге бірге жол ашамыз деп сенемін. Мен әрдайым осы саланың жанашырымын.
Елдос НҰРЛАН,
«Amanat» партиясының Саяси менеджмент академиясының Атқарушы директоры
