Қазақстандағы оқу әдебиетін әзірлеу әрі сараптау саласының қалыптасуы
Қазақстанда оқу әдебиеттерін әзірлеу кезеңінің тарихы – тамыры тереңнен бастау алатын, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін дамудың қиын да күрделі жолынан өткен салалардың бірі. Мектептерге арналған оқулық шығару мәселесі он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында бастау алып, 1879 жылы Ыбырай Алтынсариннің кирилл алфавиті үлгісіндегі «Қазақ хрестоматиясы» оқу құралы басылып шықты. Бұл Қазақстандағы білім беру саласындағы балаларға арналған ең алғашқы оқу басылымдарының бірі болды.
Елдікті сақтаудың жолын мектеппен байланыстырған көрнекті қазақ зиялылары А.Байтұрсынұлы, М.Шоқаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ә.Ермеков, Ж.Күдериннің қазақ тілі мен әдебиеттану, психология мен педагогика, өсімдіктану мен тіршіліктану, математика пәндері бойынша жазған оқулықтары өткен дәуірдің басында жарық көрді. М.Дулатов, М.Тынышбаев, С.Асфендияров, Т.Рұсқұловтардың тарих саласындағы зерттеулерінде де осы мәселе көрініс тапты.
Ахмет Байтұрсынұлы араб алфавиті негізіндегі төте жазу үлгісімен жазылған «Оқу құралын» 1912 жылы жарыққа шығарса, 1925 жылы әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жаңа әліппені ұсынды. Алайда саяси себептердің салдарынан Қазақстандағы білім беру жүйесі КСРО-лық ортақ жүйеге көшіріліп, бұл оқу құралдары 20 жылдардың аяғына дейін ғана қолданыста болған. Кеңес Одағы аумағында негізгі пәндер бойынша оқулықтың бір ғана нұсқасын қолдану міндетті еді.
Ал бұл оқулықтарды басып шығару құқығын Мәскеудегі «Учпедгиз» (кейіннен «Просвещение») баспасы иеленді. Алғашқы қазақ баспалары ретінде 1947 жылы құрылған «Мектеп» баспасы «Просвещение» баспасынан шыққан оқулықтарды қазақ тіліне аударып басумен қатар «Әліппе», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы» және «Қазақстан географиясы» пәндерінен төл туындыларымызды жазумен айналысты. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап «Мектеп» (1990-2000 жылдары «Рауан»), 1992 жылдан бері «Атамұра» корпорациясы тәуелсіз мемлекетіміздің төл оқулықтарын жасауға белсене кірісіп кетті.
Алғашқы уақытта әуелден бар оқулықтардағы ескірген идеологиялық көзқарастар алынып, бүгінгі идеология тұрғысынан түзетіліп өңделді. Оқулықтардың толықтырылған нұсқалары алдымен қазақ тілінде, содан соң орыс және басқа да тілдерге аударылып басылды. Сонымен қоса жаңа пәндер бойынша бірнеше оқулық жарық көрді. Қазақстандық жаңа буын оқулықтарын шығару ісі 1996 жылы қыркүйекте ҚР Үкіметінің «Жалпы білім беретін мектептердің оқулықтарын және оқу-әдістемелік кешендерін дайындау мен басып шығарудың мақсатты бағдарламасы туралы» №1173 қаулысы қабылданған соң қарқын ала бастады.
Бұл бағдарламаның негiзгi мақсаты – бiлiм тұжырымдамаларын, оқу бағдарламаларын, оқулықтар, оқу-әдiстемелiк құралдар және тексеру тапсырмаларының жүйесiн жасау болды. Бағдарлама жаңа буын оқулықтарын әзірлеп, басып шығару және республика мектептеріне енгізу жұмыстарын үйлестіру жөнінде біршама шараларды анықтады. Жаңа бағдарламалар мен мектеп пәндері бойынша оқу жоспарларын жасау Білім беру мәселелері жөніндегі институтқа жүктелді, ал оқулықтардың жобаларын жасаумен Қазақ білім академиясы (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА) айналысты.
2004 жылы барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары үшін оқу әдебиеттерін әзірлеу, басып шығару процесін үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 24 мамырдағы №454 бұйрығымен Білім беру ұйымдары үшін оқу әдебиеттерін дайындау мен басып шығаруды ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулық бекітілгеннен кейін балама оқулықтар әзірлеу мүмкіндігі туды. Аталған құжатта білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етілген оқу әдебиеттерінің тізбесі және оларды таңдау мүмкіндігін көздейтіні туралы айтылған.
Бұл бір жағынан баспалар арасындағы бәсекелестікті дамытып, оқулық сапасын арттыруға мүмкіндік бергенімен, екінші жағынан мектепке енгізілетін оқу материалдарының сапасын бағалау мен білім мазмұнын мемлекет тарапынан бақылау қажеттілігін арттырды. ҚР Үкіметінің осы мақсаттағы (29.04.2005 ж., №405) қаулысымен «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды. Сол жылдардан бері оқу әдебиеттерін сараптау сапасын арттыру бойынша үздіксіз іс-шаралар атқарылып келеді. Атап айтатын болсақ: ғылыми және педагогикалық сараптама өткізудің нормативтік-құқықтық актілері әзірленді; тәуелсіз сарапшылардың білікті базасы құрылды.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-ші, 2-бабына сәйкес, оқулықтар мен ОӘК сараптама жүргізуді ұйымдастыру қызметі мемлекеттік монополияға жатқызылды; сараптама жүргізу қағидасында мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі белгіленіп, авторлар мен авторлық ұжымдардан құжаттарды қабылдау және сараптамалық қорытынды беруді оңтайландыру мақсатында бұл процесс «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырыла бастады; сараптаманың бес сатылы жүйесі жолға қойылды; сараптаманың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді иесіздендіру процесі енгізілді.
Білім мазмұны – үздіксіз дамуды қажет ететін процесс. Сол себепті де барлық деңгейдегі білім мазмұнын жаңартуға және өсуден тұрақты даму кезеңіне өтуге бағытталған Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, соның аясында жаңартылған мазмұндағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу жұмыстары жүргізілді. 2016 жылдан 2020 жылға дейін 1–11-сынып оқулықтары кезең-кезеңімен сараптамадан өткізіліп, оқу процесіне енгізілді.
Білім беру мазмұны толықтай жаңартылып, оның негізгі құралы ретінде оқулыққа құзыреттілік, тұлғалық әрекет тәсілдерін жүзеге асыру, мәтіндерді азайтып, шығармашылық тапсырмаларды көбейту, тәжірибеге бағдарланған тапсырмалар арқылы өмірлік тәжірибемен байланыстыра отырып оқыту сияқты жаңа талаптар қойылды. Осыған байланысты Орталық та өз қызметінде жаңашылдыққа бет бұрып, авторлар мен сарапшылар қауымын да аталған бағытта жұмыс атқаруларына мұрындық болды. Орталықтың қолдауымен авторлар мен сарапшыларды оқыту курстары ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінде жаңартылған мазмұндағы оқулық концепциясын талқылау жұмыстары жүзеге асты.
Әсіресе білім беру мазмұны мен әдістеменің жаңаруына байланысты қоғамда туындаған мәселелер және толассыз сұрақтар бойынша түсіндіру жұмысын Орталық қызметкерлері өз мойнына алды. 2020-2021 жылдары Орталық қызметін трансформациялау жұмысы қолға алынып, еңбек бағытын кеңейте бастады. Орталықтың бастамасымен Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына оқулықтардың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту жөнінде және үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жүргізу туралы нормалар енгізілді.
Қызмет бағытының кеңеюіне байланысты 2021 жылы мекеме Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы болып қайта құрылды. Осы жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүргізілген «Орта білім беруді жаңғырту – оқулықтарды сараптау талаптарын әзірлеу және сарапшылардың әлеуетін арттыру бойынша консультациялық қызметтер» жобасы аясында білім беру ресурстарының сапасын бағалау әдістемесі толықтай қайта қаралып, оқу басылымдарын дайындау талаптары жетілдірілді.
Жоғарыда аталған материалдар негізінде Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар әзірленіп бекітілді. Сонымен қатар аталған жоба аясында 2 мыңға жуық оқулық сарапшысы арнайы курстан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Қазіргі кезде Орталық цифрландыру дәуірін бастан кешіруде. Президент тапсырмасына сәйкес 2022-2023 жылдары қолданыстағы оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілді.
Былтыр бұл көрсеткіш толық жүз пайызға жетіп, 1–11-сынып аралығындағы оқу пәндері бойынша оқулықтар толықтай цифрлық форматқа ауысты. Бүгінгі таңда 704 электронды оқулық 11 арнайы платформада орналастырылып, оқушыларымыз үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Бұл шараның тиімділігіне келетін болсақ, біріншіден мұғалімдерге пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін кеңірек қолдануға мүмкіндік болса, екіншіден электрондық оқулықтардағы бейнематериалдар, аудио, анимациялар және интерактивті элементтер оқу материалдарын түсінуді әрі есте сақтауды жеңілдетеді.
Өткен жылы мұғалімдерге жаңа оқу жылына арналған оқулықтарды өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Etandau.gov.kz платформасы іске қосылды. Екі жылдан бері бұл платформа арқылы еліміздің жиырма аймағынан 106 мыңнан астам педагог өз таңдауын жасап, шешімдерді қабылдаудың ашықтығы мен ыңғайлылығы артуда. Бұл тәсіл білім беру жүйесіндегі демократиялық принциптерді нығайтып қана қоймай, «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларының жүзеге асуына ықпалын тигізуде.
Оқулықтар мен ОӘК сараптаудың Тақырыптық жоспарына өтінімдер қабылдау кезінде оқу әдебиетін әзірлеуші баспалардың кең ауқымын ақпараттандыру мақсатында Орталық сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде келесі жылға арналған тақырыптық жоспарды қалыптастыру жөніндегі жұмыстың басталуы туралы ақпарат кеңінен таратылды. Сонымен қатар өтінім беру процесін жеңілдету және ашықтығын арттыру үшін бұл процесс автоматтандырылған жүйеге көшірілді. Бүгінгі күні мектеп оқулықтарын әзірлеп, сараптамадан өткізуге өтінім білдірген баспалардың саны 20-дан асып отыр.
Білім беру ресурстарын бағалау сапасы сарапшылардың біліктілігіне тікелей байланысты екені анық. Осыған байланысты сарапшыларды іріктеу және олардың кәсіби құзыреттілігін арттыру процесіне өте көп мән берілуде. Өткен жылдың соңынан бастап сарапшыларды іріктеудің бірнеше сатылы жаңа жүйесі енгізілді. Жаңа жүйе үміткерлерден өтінімдерді қабылдау, тестілеу, әңгімелесу, эссе жазу, оқыту және қорытынды бақылау нәтижесінде оларды сарапшылар базасына енгізу кезеңдерінен тұрады. Сарапшыларды іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, олармен кері байланысты жеңілдету және оқыту курсын тиімді ұйымдастыру үшін E-Expert платформасы әзірленіп іске қосылды.
Оқулықтар мен ОӘК білім беру ұйымдарына ұсынылғанға дейін сараптаманың екі кезеңінен, пилоттық мектептерде сынақтан, қоғамдық бағалаудан және Пәндік комиссия қарауынан өтетіні белгілі. Ал сол оқулықтардың білім беру процесіндегі тиімділігін анықтау да зор маңызға ие. Осы мақсатта жаңадан әзірленген оқулықтар бір жыл қолданыста болған соң, олардың сапасына мониторинг жүргізіп, тиімділігін анықтау жұмысы жолға қойылуда. Қазіргі уақытта қолданыстағы оқулықтардың сапасына мониторинг жүргізу әдістемесі күшейтіліп, педагогтер, білім алушылар мен ата-аналар арасында сауалнама жүргізуден бөлек балалардың оқу материалдарын игеру деңгейін бақылау арқылы да талдаулар жасалып, тәжірибе жүзіндегі тиімділігі анықталуда.
Білім беру мазмұны мен болашақ ұрпақ тәрбиесі үздіксіз дамуды қажет етеді. Сондықтан да Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты қайта қаралып, заманауи талаптарға сай жетілдіру жұмыстары атқарылуда. Жаңа талаптарға сәйкес білім мазмұны оқыту мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ете отырып, құндылықтарға негізделген «Адам», «Ар-ұждан», «Намыс», «Отбасы», «Отан», «Тіл», «Мәдениет», «Білім», «Еңбек», «Табиғат» мазмұндық концептілерін қамтуы, цифрлық құралдар мен платформаларды пайдалану, жасанды интеллектіге негізделген дайын құралдар мен қосымшаларды қолдана білу дағдыларын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар білім алушылардың функционалдық сауаттылығын, құзыреттіліктері мен кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ете отырып, инклюзивтік білім беру қағидаттарының да сақталуы міндетті. Қазіргі уақытта өзгерістер мен толықтырулар енгізілген 1–9-сыныптардың үлгілік оқу бағдарламалары Орталықта сараптамадан өтіп, практикалық тиімділігін анықтау мақсатында пилоттық мектептерде сыналуда. Осылайша, отандық оқу әдебиетін әзірлеу мен сараптау ісі еліміздің білім беру саясатындағы өзгерістер мен қоғамның қазіргі заманғы сын-тегеуріндері мен қажеттіліктеріне бейімделе отырып, заманауи білім беру стандарттарына қол жеткізуге ұмтылу арқылы дамуын жалғастыруда.
Мақсатымыз – білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға ықпал ететін сапалы оқу материалдарын жұртшылыққа ұсыну. Биылғы жылы Орталығымыздың құрылғанына 20 жыл толып отыр. Әріптестерімді осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, осынау жауапкершілігі мол салада еңбек етіп, болашақ ұрпаққа сапалы білім берудің негізгі құралы – оқулық сапасын арттыруға қосып жатқан үлестері үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің еңбектеріңіз шынайы құрметке лайық! Бұл күн біз үшін даму жолындағы маңызды кезең және алға жылжуымыздың қозғаушы күші болып табылады. Алдағы уақытта да білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу ісінде шығармашылық табыс пен абырой тілеймін!
Назира АБДРАХМАНОВА,
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры
Вашему вниманию подкаст главного редактора газеты Ляззат Туркестановой с Абдрахмановой Назирой Кабдоллаевной, директором Научно-практического центра экспертизы содержания образования Министерства просвещения РК
Загрузка...