Білім игілігіне арналған серіктестік
«Алматыкітап» баспасы бүгінде еліміздің білім беру кеңістігінің ажырамас өзегіне айналды. Ол дәстүрлі оқулықтың терең тамырын заманауи цифрлық технологияның жаңаша тынысымен үйлестіріп, ұлтқа қызмет ететін сапалы білім ресурстарын ұсынады. Оқушы мен ұстаз алдындағы жауапкершілікті серік еткен баспа – білімді ұрпақ қалыптастыру жолындағы қажырлы еңбектің, жаңашылдық пен тұрақтылықтың жарқын үлгісі.
Заман талабына сай сапалы оқулықтан бастап цифрлық платформаларға дейінгі кең ауқымды жұмысты жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан бұл баспаның даму жолы бірнеше іргелі бағыттан тұрады. Олар – дәстүрлі оқулық мәдениетін сақтау, білімді цифрландыру, өңірлерге қолжетімді цифрлық инфрақұрылым тарату, халықаралық кеңістікте балаларды кітап оқу мәдениетіне баулу.
Дәстүрлі оқулықтар – «Алматыкітап» баспасы баспа саласындағы алғашқы жылдары мектепке дейінгі мекемелерге арналған оқу құралдарын шығарды. 2007 жылы Элеонора Нығметқызы Баталова білім беру заңнамасына баламалы оқулықтар шығаруды ұсынды. Осының нәтижесінде бастауыш сынып пен жоғары сыныптарға да жаңа буын оқулықтарын дайындауға қол жеткізді. Бұл – қиындық пен жауапкершілікке толы кезеңдер еді. Алғаш авторлық қауымдастық, редакторлық топ жасақталып, жұмыс қарқынды басталды. Содан бері осы команда үздіксіз қызмет атқаруда.
Баспа негізін қалаушы Эленора Нығметқызы Баталова және Гаухар Айтжанқызы мен Саят Болатұлының басшылығымен талай жаңа жобалар мен бастамалар іске асты. Қазіргі таңда баспа – мектепке дейінгі, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу құралдарын дайындайды. Оқулық дайындау – ұрпақ алдында жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Оқулықтың сапасын тек мәтіннің мазмұны ғана емес, оның білім стандарттарына сай болуы, әр тараудың ғылыми дәлдігі, әдістемелік тұтастығы айқындайды. Авторлардың жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен баспа мамандарының кәсіби шеберлігі бір арнаға тоғысқанда ғана шынайы оқулық әзірленеді.
Бүгінде «Алматыкітап» баспасында бір жүз елуден астам қызметкер бар. Олардың әрқайсысы өз ісінің майталманы – тәжірибелі әдіскерлер мен редакторлар, кәсіби дизайнерлер, цифрлық білім беру саласының IT мамандары. Әрбір дайын оқулық – осы ұжымның бірлескен еңбегінің жемісі. Бүгінде «Алматыкітап» баспасы 300-ге жуық автормен жұмыс істейді. Олардың қатарында Алматы, Астана, Қостанай, Ақтөбе, Жамбыл, Семей, Қарағанды облыстарының мектеп ұстаздары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары бар. Ерекше мақтан тұтатындары да жетерлік.
Мәселен, Ыбырай Алтынсарин атындағы академияның экс вице-президенті Руслан Қаратабанов 7–11-сыныптардың «География» оқулықтарының авторы болса, Түркістан облысы, Созақ ауданындағы мектеп мұғалімі Роман Алауұлы Қадырқұлов 1–11-сыныптардың «Информатика» және «Цифрлық сауаттылық» оқулықтарының авторы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары, педагогика ғылымдарының кандидаты әрі әдіскер оқытушылар А.Ақпаева мен Л.Лебедева 1–4-сыныптардың «Математика» оқулықтарының авторлары.
Білім саласына қосқан елеулі еңбегі үшін Қостанай қаласының М.Қозыбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Е.Богатырева – бастауыш сыныптарға арналған «Русский язык», «Литературное чтение» оқулықтарының авторы – «Құрмет» орденімен марапатталды. Ә.Хазимованың бастауыш мектептің қазақ тілді емес сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулығы өзге тілді оқушылардың қазақ тілін жеңіл әрі сапалы меңгеруде ұтымды оқу құралына айналды. Ә.Рысқұлбекованың жетекшілігімен әзірленген 2–4-сыныптардың «Әдебиеттік оқу» оқулықтары бастауыш сынып оқушыларының кітап оқу мәдениеті мен танымдық қабілеттерін дамытуға арналып әзірленген.
Бұл оқулықтардың мазмұны ұлттық құндылықтарға, білімді күнделікті өмірмен байланыстыра берілген оқу тапсырмалары, теориялық мәліметтің тәжірибемен ұтымды ұштастырылып, жеңіл әрі түсінікті тілде берілуі оқушылардың пәндік қызығушылығын арттырды. Бүгінде ұлт білімінің тірегіне айналған баспа заманауи форматта жаңа белестерді көздеп отыр. Сол өрелі мақсаттардың бірі – әзірленіп жатқан ерекше жоба, жаңа «Алгебра» оқулығы. Бұл еңбек – елімізге кеңінен танылған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев пен тәжірибелі әдіскер, «Алгебра» және «Математика» оқулықтарының авторы Олег Владимирович Пактың шығармашылық ынтымақтастығынан туған құнды оқу құралы.
Оқулық Қаныш Сәтбаевтың классикалық «Алгебрасының» өзегін сақтай отырып, бүгінгі заман талабына лайық жаңаша өңделіп әзірленген. Математикалық сауаттылықты дамытып, жаңа буынның білімін биікке жетелейтін бұл оқулық – оқушы үшін ойлау мәдениетін қалыптастыратын, мұғалім үшін әдістемелік тұрғыдан таптырмас оқу құралы болары сөзсіз. Баспаның Dorling Kindersley (Ұлыбритания) баспасымен бірлесіп шығарған ғылыми-танымдық ауқымды жобаларының бірі – «Менің Қазақстаным» сериясы (100 атау). Ол тарих, табиғат, дәстүр мен мәдениет тақырыптарын кеңінен қамтиды. Оның ішкі «Ұлы тұлғалар» топтамасы Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды қайраткерлердің өмір жолына арналған.
Сондай-ақ Назипа Құлжанова мен Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы еңбектері баспаға әзірленуде. Бұл жоба қазақ халқының рухани мұрасын толықтырып қана қоймай, оны халықаралық деңгейде танытуға ықпал етеді. Мемлекет басшысының «Ұлттық кітап күнін» белгілеп, аталған мерекені мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмасына сәйкес 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіліп, рухани мереке алғаш рет аталып өтілгенін білеміз. Іс-шара аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен бірқатар жобалар іске асты. Атап айтсақ, «Ұлттық кітап» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздары анықталды.
Байқаудың Гран-при сыйлығы «Жыл кітабы» мазмұны мен баспа-полиграфиялық сапасы жағынан өте жоғары деңгейде дайындалған, жылдың ең үздік номинациясы бойынша «Алматыкітап» баспасының «Ұлы тұлғалар» топтамасымен шыққан: Абай, Ыбырай, Шоқан мен Ахмет кітаптары лайықты деп танылды. Топтама «Жыл кітабы» атағын және 6,5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы иеленді. Баспаның басқарма мүшелерінің шешімімен жүлде қаражаты түгелдей Семейдегі №35 мектепке арналған үлгілі кітапхананы қаржыландыруға жұмсалды. Бұл да баспаның үлкен бір белесі мен кітап әлеміне берген үлесі деп білеміз.
Электронды оқулықтар – TopIQ.kz. Қоғам өмірінің барлық салаларында орын алып жатқан ақпараттандыру үдерісі білім беру жүйесіне де өз әсерін тигізді. Әсіресе, жаңа буынның оқыту үдерісіне жаңа әдіс-тәсілдер мен цифрлық құралдарды тиімді пайдалану қажеттілігі артты. Балалардың білімді игеріп, оқу дағдысы заманға сай түрленді. Енді цифрлық санадағы ұрпақ – цифрлық білімге әуестенді. Осы орайда, цифрлық дәуірде қалай тиімді оқытуға болады деген сұрақ күн тәртібінде тұрды. Қазір дәстүрлі оқулықтар жаңа мазмұн мен заманауи формаға ие болып, оқыту үдерісіне енгізіліп жатты. Осы бағытта «Алматыкітап» баспасы 2020 жылы отандық тұңғыш «TopIQ.kz» білім беру платформасын жасап, оны апробациядан сәтті өткізіп, білім беру ұйымдарына енгізді. Платформа дәстүрлі кітаптың заманауи электронды жалғасына айналды.
Оның ең басты тиімділігі – автоматты тексеру жүйесі бар интербелсенді тапсырмалары, мультимедиялық материалдары, жеке және топтық жұмыс құралдары және мұғалімдерге арналған аналитика және сабақ жоспарлары болып табылады. Бұл платформа тек электронды кітапхана ғана емес, білім берудің толыққанды экожүйесі іспетті және отандық серверде орналасқан. «TopIQ.kz» – мұғалім үшін әдістемелік құрал, оқушы үшін сенімді серік, ал қоғам үшін – білім берудің цифрлық үлгісі. TopIQ.kz бүгінде тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылды.
2022 жылы Лондонда өткен Global EdTech Startups Awards байқауында 147 елдің ішінен жеңімпаз атанып, қазақстандық цифрлық өнім әлемдік деңгейде мойындалды. Сондай-ақ Қазақстанның білім беру жүйесінде – халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңін бастап берді. Мәселен, Әзірбайжан Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында білім беру саласында маңызды құжатқа қол қойылды. Келісім цифрлық оқыту мен жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға бағытталған.
Қазақстандағы ең инновациялық білім беру жобаларының бірі ретінде өзін танытып үлгерген TopIQ платформасымен енді бауырлас елдің оқушылары мектеп бағдарламасын интерактивті форматта жеңіл әрі қызықты түрде меңгеретін болады. Олар цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып, анимациялық тапсырмалар мен заманауи контентті қолдана алады. Платформаның тағы бір басты артықшылығы – жасанды интеллектке негізделген «Qamqor» онлайн-ассистенті. Ол – TopIQ.kz цифрлық білім беру платформасына енгізілген және оқу бағдарламасына сай кез келген сұраққа жылдам әрі нақты жауап беріп, тиісті оқу материалдарын автоматты түрде іріктеп, өңдеп ұсына алады.
Сонымен қатар «Qamqor» күнтізбелік-тақырыптық жоспарлауды оңтайландырып, оқу материалдарын талдап, мұғалімдерге қажетті ақпаратты тез табуға көмектеседі. Бұл құрал ұстаздардың уақытын үнемдеп, білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Мобильді оқу станциялары – TopIQ-Mobil Box. Шэньчжэнь қаласының КТС компаниясымен бірлесіп жасалған TopIQ-Mobil Box – ауылдық, қалалық және балалар кітапханаларына арналған «Алматыкітап» баспасының жаңа өнімі.
Бұл станциялар: TopIQ.kz платформасымен жабдықталған; заманауи кітаптар мен цифрлық ресурстармен толықтырылған; ең шалғай аймақтардағы балаларға білім алуға тең мүмкіндік береді. Қосымша, бұл кешендер интернетсіз жұмыс істеп, ауыл мұғалімдері мен оқушыларына сапалы білім алуға жол ашады. Онда орнатылған «Qamqor» көмекшісі мұғалімге сабақ жоспарын құруға, оқушыны жеке оқытуға көмектеседі. Әрбір «Mobil Box» – XXI ғасырдың шағын кітапханасы. Бұл бастама Қазақстанның барлық аймағын қамтиды.
Осы ауқымды жобаны баспаның басқарма мүшелері: «Болашақтағы білім – әрбір балаға, оның тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуы тиіс. Біздің жоба – Қазақстанның болашағына қосқан үлесіміз. Әлі де болса қала мен ауыл арасында білім теңсіздігі бар. «1000 станция» жобасы сол алшақтықты қысқартуға бағытталған. Әр станция – XXI ғасырдың шағын кітапханасы»,– деп түсіндіреді. Биылғы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбымен өткен Тамыз кеңесі аясында облыс әкімдеріне «TopIQ-Mobil Box» станциялары таныстырылды. Құны 400 миллион тұратын «TopIQ-Mobil Box» бір мың станциясы ауыл мектептеріне Жаңа жыл қарсаңында сыйлыққа ұсынылады.
Халықаралық аренадағы жетістіктер – «Алматыкітап» баспасы жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанды әлемнің ең ірі: Франкфурт кітап жәрмеңкесі (Германия); Bett Show (Ұлыбритания); Пекин халықаралық кітап жәрмеңкесі (Қытай); Мәскеу халықаралық кітап көрмесі (Ресей); Турин кітап жәрмеңкелерінде (Италия) таныстырып келеді.
2025 жылы Франкфуртта Шоқан Уәлиханов жайлы жаңа ағылшын тіліндегі еңбек таныстырылды. Бұл – қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде насихаттаудың маңызды қадамы болды.
Қоғаммен байланыс және балалар – баспаның басты миссиясы – балалардың кітап оқу мәдениетін дамыту мен кітап оқуға қызығушылығын арттыру. Оған баспаның 7 дүкені анық дәлел. Солардың арасында ТМД елдеріндегі ең көрікті кітап дүкені атағын жеңіп алған ерекше дизайндағы Алматы қаласындағы Абай атындағы Кітап үйі кез келген адамды бейжай қалдырмайтыны анық. 2023 жылы Астанада Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс «Алматыкітап» баспасының Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйі ашылды.
Бұл Кітап үйі – заманауи кітап дүкені ғана емес, жаңа кітаптардың тұсаукесері, қаламгерлермен кездесу, балаларға арналған шеберлік сабақтар мен түрлі мәдени-ағартушылық, ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізілетін әдеби шаңырақ. Жаңа Кітап үйі көптеген мемлекеттерге көзтартар көркемдігі мен ерекше дизайны арқылы танымал. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқауында «Үздік кітап дүкені» атағын иеленген Алматы қаласындағы Абай атындағы Кітап үйі де үздік нұсқа. Екі ғимараттың да дизайнері – Айжан Оспанова.
«Алматыкітап» баспасы қоғаммен байланысты нығайту үшін түрлі байқаулар ұйымдастырып тұрады. Соның бастысы – «Leader TopIQ». Бұл байқау ұстаздар мен оқушылар арасында бес жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Байқауда жыл сайын 500-ден астам үміткер бақ сынап, бес жыл ішінде 4 мыңға жуық адам қатысты. Жеңімпаздардың кәсіби дамуына мүмкіндік беріліп, тамыз кеңесі аясында қаржылай қолдау көрсетіледі.
Бүгінде білім саласындағы алаңдатарлық мәселе – контрафакт өнімдер. Арзан бояу, сапасы төмен қағаз – балалардың денсаулығына қауіп төндіруде. Тіпті құрамынан қорғасын мен формальдегид табылған жағдайлар да тіркелген. Осы орайда «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Айтжанқызы Саймасаева ата-аналарға: «Контрафакт оқулық сапасыз ғана емес, денсаулыққа қауіпті. Бұл – авторлық құқықтың бұзылуы, көлеңкелі бизнестің өсуі. Сондықтан әр ата-ана түпнұсқаны таңдауы тиіс», – деп үндеу тастады: 26 жылдық тарих – бұл тек өткен жол ғана емес, жаңа белестердің бастауы.
«Алматыкітап» баспасы бүгінде: дәстүрлі оқулық шығаратын, заманауи цифрлық платформалар жасайтын, халықаралық аренада Қазақстанды танытатын, балалар мен отбасыларды оқу мәдениетіне баулитын білім беру экожүйесіне айналды. Бұл – тек баспа емес, елдің зияткерлік болашағына үлес қосатын іргелі орталық. Баспа болашақта «Qamqor» қолдауы бар оқулықтардың санын көбейту; жеке оқу маршруттарын енгізу; оқу материалдарын генерациялайтын ЖИ сервистерін жасау; мәтіндерді дыбыстау қызметін іске қосу; пәнаралық байланыстарға арналған ассистентті әзірлеуді мақсат етеді.
Бұған мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары, жаңа EdTech-бағдарламалар және өңірлік бюджеттердің қолдауы қажет. Мектеп оқулықтарын әзірлеу саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін «Алматыкітап» баспасының бастамасымен «АЛҚА» ассоциациясы құрылды. Ассоциацианы «Алматыкітап» баспасының президенті Г.А. Саймасаева басқарады, оған еліміздің жеті баспасы (АРМАН-ПВ, Келешек-2030, EDU Stream, Сапалы Білім Баспасы, ENGLISH BOOK, InterРress Distribution) мүше болып, серіктестікте жұмыс істейді.
Бұл білім беру саласындағы әртүрлі мамандарды, баспагерлерді, редакторлар мен педагогтерді ортақ мақсат аясында біріктіріп, оқулық сапасын жақсарту жолында бірлескен жұмыс жүргізуге мүмкіндік туғызады. «АЛҚА» ассоциациасы арқылы білім беру жүйесіндегі маңызды сұрақтарды талқылап, ортақ шешімдер қабылдауға, сондай-ақ Үкімет пен Оқу-ағарту министрлігіне нақты ұсыныстар жолдауға мүмкіндік береді. Ұйымның басты мақсаты – мектеп оқулықтарының проблемаларын тиімді шешу, осы арқылы білім сапасын арттыру және ұлттық білім беру жүйесінің қажеттіліктеріне жауап беретін сапалы оқулықтар әзірлеу.
Оқулық әзірлеу барысында кәсіби редакторлар мен корректорлардың жеткіліксіздігі, сонымен қатар, жас мамандардың үлкен жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін жұмысқа қызығушылығының төмендігі басты мәселелердің бірі. Әсіресе пән бойынша арнайы редакторларды табу өте қиын. Арнайы редактор ғылыми қателіктерді жібермеумен қатар филологиялық білімге ие болып, мәтінді ғылыми талаптарға сай дұрыс әрі тиімді өңдей алуы қажет. Оқулық әзірлеу үдерісінде арнайы редактордан кейін, педагог әрі психо-лингвист мамандардың сараптамасынан өту маңызды.
Себебі, оқулық мазмұнындағы қалыптасқан терминдер, ғылыми ұғымдар мен оқу тапсырмалары, иллюстрациялық материалдар оқушының жас ерекшелігіне сай дидактикалық-әдістемелік тұрғыдан сауатты берілуі тиіс. Барлық баспаға жауыр болған: қыркүйек – қыргүйек, шекара – шегара, көкөніс – көгөніс, алма ағашы – алмаағашы және т.б. сөздердің оқулықта дұрыс жазылуын орфографиялық сөздікпен бекітуін талап етеміз. Көпшілік негізге алып жүрген 2013 жылғы орфографиялық сөздікті жаңа техногияларға байланысты енген ұғымдармен толықтырып, өңдеуін сұраймыз.
Ғылыми терминдердің, сөздердің орфографиялық және орфоэпиялық жазылуына байланысты туындайтын мәселелерді шешу үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен ортақ шешімімен реттеу қажет деп санаймыз. Баспа саласында оқулық авторларын дайындау маңызды және өзекті мәселелердің бірі. Оқулық жазатын ғалымдар мен тәжірибелі әдіскер педагогтердің пәндік білімі жоғары болғанымен, оқу бағдарламасы мен оқушының жас ерекшелігіне сәйкес оқу материалын жазуда қиналатыны байқалады. Сондықтан арнайы оқулық авторларын дайындайтын мектеп ұйымдастыру қажеттілігі айқын.
Оқулық жазатын авторлар шығармашылық демалыссыз, бірнеше жұмысты қатар атқара жүріп, оқулық жазатыны баршамызға белгілі. Соны біле тұра, баспагерлер оқулық авторларынан қысқа уақыт аралығында талапқа сай оқу-әдістемелік кешен әзірлеуді талап етеміз. Мұндай талап өз кезегінде сапалы оқулықтардың жазылуына кері әсерін тигізіп қана қоймай, авторлардың шығармашылық әлеуетін тежейді. Осыған байланысты, оқулық авторларына арнайы уақыт бөлу, шығармашылық демалыс беру мәселесін шешу өте маңызды. Бұл мәселені шешу арқылы авторлардың оқулық мазмұнына мұқият көңіл бөлуіне жағдай жасар едік.
Оқулықтардың арнайы сараптамадан өтуі – оқулық сапасы мен мазмұнын жақсартудың маңызды кезеңі. Сараптамалық жұмыс оқулықтың ғылыми және педагогикалық талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді. Бұл үдеріс, өз кезегінде, оқулықтардағы ақпараттың дәлдігі мен толықтығын бақылауға, сондай-ақ оқушының жас ерекшеліктеріне сай болуын қамтамасыз етеді. Осы орайда Білім мазмұнын сараптау орталығының ұжымына ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Сараптама жұмысына қатысатын сарапшылардың біліктілігін халықаралық деңгейде жетілдіру нәтижесінде сараптамалық жұмыстың сапасы мен деңгейі едәуір жоғарылағанын көруге болады.
Сонымен қатар әрбір сараптама кезеңінің шынайы әрі әділ өтуі сапалы оқулықтарды іріктеуге оң әсерін тигізіп отыр. Білім мен ілімнің биік өрісіне үлгі болардай біртұтас даму стратегиясын қалыптастырып, оны нақты іспен жүзеге асырып келе жатқан «Алматыкітап» баспасының ертеңге деген үміті – келешекке бағытталған жарқын арман, ұлт болашағын нұрландырған ізгі тілек іспетті. Баспаның бүгінгі еңбегі – болашаққа сәуле шашатын даңғыл жол салу, әрбір баланың қолына сапалы, әрбір ұстаздың қолына сенімді құралды ұстату.
Гульмарал КАБДОЛАШЕВА,
«Алматiкiтап» баспасының баспасөз хатшысы





