Халықаралық деңгейдегі педагогикалық форум
Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордадағы Әдістемелік орталық пен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры бірлескен түрде өткен аптада «Құндылық. Тұлға. Болашақ» тақырыбында халықаралық деңгейдегі педагогикалық форум ұйымдастырған болатын.
Басқосудың басты мақсаты – адамзаттық құндылықтарды оқу-тәрбие үдерісіне интеграциялау, педагогтер мен әдіскерлердің тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен бір мың бес жүзге жуық педагог қатысып, сондай-ақ 10 мыңнан астам адам қашықтан бақылады. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Татарстан және Қазақстаннан келген сарапшылар құндылықтарды білім мазмұнына енгізудің ұлттық және халықаралық модельдерін ұсынды.
Халықаралық спикерлер: Татарстан Республикасындағы №4 гимназия-интернатының математика пәнінің мұғалімі Леонтьев Тимур Николаевич, Өзбекстан Республикасы, Қашқадария облысының №2 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі (Teach For Uzbekistan жобасы аясында) №4 гимназия-интернатының математика пәнінің мұғалімі Рамазон Ибрагимов, Қырғыз Республикасы, Білім министрлігіне қарасты Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институтының аға оқытушысы Торогелдиева Бекайым Айтбаевна, Тәжікстан Республикасы «Андарз» жекеменшік білім беру ұйымының сарапшы-әдіскері Муллоев Азимджон Саидджонович, қазақстандық спикерлер: Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің физика пәнінің мұғалімі Алтаев Нұрлан Алтайұлы, Қызылорда қаласындағы №10 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернаты, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Есбосын Нағиша Қожаққызы құндылыққа бағытталған іс-тәжірибелерін ортаға салды.
– Педагог тек сабақ беруші ғана емес, сонымен қатар тұлғаны тәрбиелеуші де болуы керек. Осыған байланысты салалық министрліктің «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында пәнге адамзаттық құндылықтарды кіріктіру мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Осының негізінде педагогтеріміз форумда өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, көрмелерде шығармашылық жұмыстарын таныстырып жатыр. Басты мақсат – әрбір баланың бойындағы қасиеттерін аша отырып, құндылықтарды бойына сіңіре отырып білім беруді көздеу. Бұл жерде Астана қаласынан бөлек еліміздің әр өңірінен 100-ден аса педагог келіп қатысып отыр, – деді сөйлеген сөзінде іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Астана қаласындағы Әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Дәуешова.
– Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Татарстан елдерінен келген ең үздік спикерлер іс- тәжірибесін ортаға салады. Отандық спикерлеріміз өз кезегінде «әр мұғалім сабақ берген кезде баланың қасиеттерін қалай аша білуі керек, жас ұрпақты өмірге қалай бағыттау қажет және кейде оқушылар қандай да бір қиындыққа түсіп жатса, сол тығырықтан ұстаз ретінде қалай алып шығуы тиіс» деген бағыттарда өздерінің іс-тәжірибесін паш етеді. Форумнан күтілетін нәтижеге келсек, біз өз іс-тәжірибемізді тарата отырып, құндылықтарды әр пәнге кіріктіру бойынша әрі қарай жоспар құрып, жұмыс істейтін боламыз.
Қай елде, қай мемлекетте болмасын педагогиканың басты мақсаты жас өркендерді ізгілікке, жалпыадамзаттық құндылыққа тәрбиелеп, байыпты білім беру, әлемде бейбітшілік пен ынтымақтың, мейірімнің, адал еңбектің салтанат құруына ықпал ету болып табылады.
– Тәжікстанның білім беру ұйымдары соңғы он жылдан бері жаңадан енгізілген мемлекеттік деңгейдегі Ұлттық тұжырыммен жұмыс істейді. Бұл тұжырым 18 бағыттан тұрады. Елдегі әрбір мұғалім өз сабағында осы тұжырымдардың ең болмаса біреуін жүзеге асыру керек. Мысалы, математика мұғалімі өзінің сабағында оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін дамыта алады. Ұстаз қырық бес минуттық сабағының 7-10 минутын балалардың бойына адамгершілік қағидаттарын сіңіруге арнайды. Бүгін мен өзімнің жеке іс-тәжірибеммен бөлісетін боламын, – деді іс-шара барысында өзіндік қызықты тәжірибесімен бөліскен ұстаз, Тәжікстан Республикасы «Андарз» жекеменшік білім беру ұйымының сарапшы-әдіскері Азимджон Муллоев.
Жалпы құндылықтарға негізделген білім берудің жас ұрпақты тәрбиелеудегі үлесі зор екенін іс-шараға қатысушы спикерлер жан-жақты саралап берді. Халықаралық форум екі күнге жалғасты. Алғашқы күні қатысушылар назарына Q-Talks – TEDx форматындағы халықаралық және республикалық спикерлердің баяндама сессиясы, Астана қаласы білім беру ұйымдарының үздік тәжірибелері қойылған «Білім. Әдіс. Инновация» көрмесі, «Құндылықтарға бағдарланған білім: әдістемелік ынтымақтастық және тәжірибе» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұсынылды және елордадағы бірнеше білім беру ұйымдарының жұмысы таныстырылды. Форумға жиналғандар екінші күні практикалық шеберлік сабақтары мен инновациялық оқыту модульдері таныстырылатын панельдік сессияларға қатысты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ерғазы МАНАПҰЛЫ
Загрузка...
