Халықаралық академияның зияткерлері үздіктер тобында

UCMAS International Competition 2025 & World Cup 2025 әлемдік турнирінің жүлдегерлердің биылғы тобын қазақстандық жас зияткерлер кезекті мәрте толықтырғанын беделді бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Бұл халықаралық жарыс желтоқсан айының 6-7 күндері Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласындағы Грузия ұлттық университетінің (ГЭУ) алаңында ұйымдастырылып, сексен төрт (Малайзия, Канада, Мальдив, Үндістан, Непал, Біріккен Араб Эмираттары, Египет, Шри-Ланка, Коста-Рика, Моңғолия, Иордания және тағы да басқа) алыс-жақын елдерден келген 1500 білікті балғындар жер жаһаннан жиналған төрт мыңнан астам педагогика саласының майталман мамандары мен сұңғыла сарапшыларының алдында білімдерін сынаған еді.

UCMAS Kazakhstan хабарлағандай, халықаралық деңгейдегі байқауда республиканың әр аймағынан келген үздік үміткерлер тәуелсіз еліміздің ұлттық намысын қорғаған. Марапаттар қоржынында сегіз алтын мен 15 күміс медаль және бірнеше қола бар. UCMAS World Cup 2025 әлем кубогына қоса қола жүлдені иеленген үздіктер де – қазақстандық құрама. Қоғамдық ұйым өкілдерінің мәліметінше, олар кезекті жеңістерін жыл сайынғы желтоқсан айының 16-сы күні айрықша аталып өтілетін мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздік күніне арнаған.

Астана қаласы бойынша жүлделі бірінші орын – Альтаир Амиралиев (visual compilation – F) – «Nurorda» мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы, ол бос уақытында баскетбол ойнап, домбыра тартады, оқуда озат. Қалалық және республикалық жарыстардың жеңімпазы; Айбар Ургенишбай (visual compilation – B) – сегіз жаста. Т.Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейдің 3 «Б» академиялық сыныбының шәкірті. Қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Домбыра тартып, дзюдомен айналысады. Менталдық арифметикаға бес жасынан бастап қатысады. Болашағынан зор үміт күттіретін табанды да озат оқушы. Мектеп мақтанышы.

Айбар Ургенишбай

Екінші орын – Амир Дайырбек (visual compilation – A) – Т.Жүргенов атындағы №70 мектеп-лицейдің 3 «Б» сынып оқушысы, сегіз жаста. Шахмат, каратэ, футбол спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады. «Нұрсаулем-ай» би ансаблінің мүшесі. Бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы; Амира Кусаинова (visual compilation – A) – он жаста. №91 мектеп-гимназияның 4 «Г» сыныбының қабілетті оқушысы. «VIVIYA» би ансамблінің мүшесі. Бірнеше би байқауларының Гран-при иегері. Бос уақытында сурет салғанды ұнатады; Диас Шаргынов (visual compilation – F) – үздік жас зияткер. №62 мектеп-лицейдің 12 жастағы жетінші сынып оқушысы. «Дарын» республикалық олимпиадаларында алгебра, химия, физика, информатика және тарих пәндері бойынша жүлделі бірінші орын иегері әрі әлденеше мәрте жүлдегер атанған алғыр жас.

Үшінші орын – Мирас Амиралиев (visual compilation – C) – «Nurorda» мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы. Ол киокушинкай каратэ бойынша аттестациядан сәтті өтіп, жасыл жолақты сары белбеумен марапатталды, бұл оның спорттық дайындығының жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. Сонымен қоса ол бос уақытында сурет салғанды ұнатады. Нұрали Нұрлан (visual compilation – B) – сегіз жаста. №93 мектеп-лицейдің 3 «З» сынып оқушысы. Бос уақытында дзюдомен айналысатын сары белбеу иегері. Домбыра үйірмесіне қатысу арқылы көптеген қазақ күйлерін нақышына келтіре орындауды меңгеріп жүр. Сүйікті пәндері: математика және ағылшын тілі. РФМШ-ға оқуға түсу – ең басты мақсаты.

Айым мен Сезім Қабырхан

Эдвин Энелане (visual compilation – B) – Экономикалық лицейдің 3 «Д» сынып оқушысы. Оқу озаты. Қолы бос кезде саксофонда ойнап, брейк-данс және тенниске қатысады. Тамерлан Есенгельдинов (visual compilation – B) – №27 мектеп-лицейдің 2-сыныбында оқитын жеті жастағы дарынды шәкірт. Домбыра аспабында ойнау бойынша республикалық байқаудың лауреаты және бос уақытта акробатикамен тұрақты айналысады. Сезім Қабырхан (visual compilation – A) – тоғыз жаста. «Nurorda» мектеп-лицейінің үшінші сынып оқушысы. Фортепиано үйірмесі мен спорт түріндегі жүзуге қатысады. Шахмат ойнағанды жақсы көреді және түрлі жарыстарда жүлделі орындармен марапатталған.

Айым Қабырхан (visual compilation – A) – сегіз жаста. «Nurorda» мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы. Фортепианода ойнағанды ұнатады, қолөнер үйірмесіне қызығушылығы жоғары, өте белсенді. Суда жүзуді үйренумен қатар бос уақытын тиімді пайдаланады. Бейбарыс Жанат (visual compilation – A) – №115 «Жайлы мектептің» бірінші сынып оқушысы. Бос кезінде футболға барады, «Astana water polo» клубының мүшесі және домбыра тартады. «Жетісу дарындылары» энциклопедиясына енген жергілікті жас талант.

Амиралиев Альтаир мен Мирас анасымен

– Менталдық арифметика – бұл жай ғана жылдам есептеу емес. Түсіне білген адамға ол ми жұмысын жан-жақты дамытуға бағытталған тиімді жаттығулардың жиынтығы. Мен осы қосымша білімге машықтанған перзенттерімнің есте сақтау қабілетіне қоса зейіні артып, жеке мүмкіндігіне сенімділігі артқанын байқадым. Осы орайда үздіксіз және қызықты дайындықтарымен балаларды баурап алатын пән мұғалімі Бибігүл Нарынбайқызына шын жүректен алғыс білдіремін, – дейді Амиралиев Альтаир мен Мирастың анасы Ақмарал Жарасбаева.

– Айбар Ургенишбайдың анасымын. Менталды арифметикаға баламызды бес жасынан бердік. Бибігүл Амантаева апайының бұл бағыттағы еңбегі ерен. Ол он жылдан астам тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз ретінде әрбір оқушының ақыл-ойын дамыту жолында үздіксіз ізденіп келеді. Көптеген шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. UCMAS online open challenge 2020 жылдың абсолюттік чемпионы (Амирлан Сейткадыров). Үндістандағы (Нью-Дели) былтырғы халықаралық додада Алдияр Құмархан бірінші орын алды.

– Ұлымыз бұл дайындық курстарына бес жасында барған болатын. Содан бері қарым-қабілетіндегі оң өзгерістерді байқадық. Зейіні ашылып, зердесі жүйеленді. UCMAS аталатын осы қосымша білім беру орталығын таңдағанымызға қуанамыз. Осында келетін балалар математиканың жүйріктері атануда, – дейді бізбен әңгімесінде Тамерлан Есенгельдиновтың анасы Алия Муратова.

Амир Дайырбек
Эдвин Энелане
Амира Кусаинова
Диас Шаргынов
Нұрали Нұрлан
Бейбарыс Жанат
Тамерлан Есенгельдинов

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий