2025 жыл – жаңару мен нақты нәтижелерге толы болды
Биылғы жыл біздің аймақтағы білім беру жүйесі үшін ауқымды өзгерістер мен тұрақты дамудың маңызды кезеңі болды. Жыл бойы өңірде білім сапасын арттыруға, жұмысшы мамандықтарын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, оқу үдерісін цифрландыруға және әрбір бала үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылды.
Облыстық білім басқармасы үшін басты басымдықтардың бірі – өңір экономикасының сұранысына сай техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту болды. Осы мақсатта облыстың екі колледжінде жалпы білім беретін мектептердің 10–11-сынып оқушыларына арналған жұмысшы біліктілігін игеруге бағытталған эксперименттік білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Колледждер базасында болашақ кәсіпкерлерді қолдауға арналған төрт «Бизнес Стартап» студенттік орталық ашылды.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытындағы маңызды көрсеткіштердің бірі – халықаралық деңгейдегі жетістіктер. Желтоқсан айының 3–9-күндері аралығында Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan-2025» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында біздің өңірден отыз алты құзыреттілік бойынша 42 қатысушы өнер көрсетті. Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар да өз жалғасын тапты.
«Келешек мектептері» жобасы аясында облыс аумағында алты жаңа мектеп пайдалануға берілді. Төрт білім ордасы реновациядан өтіп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалып, қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктеме азайды. Сонымен қатар биыл екі жалпы білім беретін мектеп жанынан инклюзивті қолдау кабинеттері ашылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолжетімді орта қалыптасты.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында жергілікті бюджет есебінен ауылдық елді мекендердегі елу бір мектеп оқу жиһазымен қамтамасыз етілді. Орал қаласында 13 пәндік кабинет сатып алынды. Реновация бағдарламасы аясында облыс бойынша он бес пәндік кабинет алынса, «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен төрт тірек мектепке 20 пәндік кабинет жеткізілуде. Сондай-ақ ауылдық мектептер үшін жетпіс бір пәндік кабинет сатып алынып, кезең-кезеңімен орнатылуда. Білім сапасын арттыру – өңірдегі барлық білім беру ұйымдары үшін негізгі бағдар болып қала береді.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жергілікті оқушылар халықаралық және республикалық деңгейде айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, түрлі халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада бір қола медаль, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалары байқауында бір күміс және бір қола, Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиадада бір күміс пен бір қола медаль, XVII Еуразиялық информатика олимпиадасында – үш қола медаль жеңіп алды.
Республикалық деңгейде де облыс оқушылары жоғары нәтижелер көрсетті. Президенттік олимпиадада бір күміс медаль, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада – 19 медаль, ғылыми жобалар конкурсында он екі медаль, «Зерде» білім бәйгесінде үш алтын мен 3 күміс және алты қола медаль еншіледі. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысында Батыс Қазақстан облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда-2025» атағының екінші дәрежелі Дипломымен марапатталып, қоржынға алты алтын мен бес күміске қоса сегіз қола медаль салды.
Ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық олимпиадада да облыс командасы үздіктер қатарынан көрінді. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта – екінші дәрежелі, жаратылыстану-математикалық бағытта үшінші дәрежелі диплом иеленіп, барлығы 4 алтын мен тоғыз күміс және 18 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар республикалық кезең қорытындысы бойынша облыстың бес педагогі «Үздік педагог» атағына ие болды.
Батыс Қазақстан облысының білім беру жүйесінде балалардың техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып отыр. Бұл бағытта облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығы жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуде. Орталық робототехника, бағдарламалау, инженерлік жобалау, авиа және дрон бағыттары бойынша үйірмелер арқылы оқушылардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттырып, болашақ инженерлер мен ІТ-мамандарын даярлауға елеулі үлес қосып келеді.
Әсіресе орталық жанындағы авиа және дрон үйірмесі соңғы жылдары республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелерімен танылып отыр. Үйірме тәрбиеленушілері түрлі халықаралық жарыстарда өңір мен ел намысын абыроймен қорғауда. Шәкірттердің арасында ерекше жетістіктерімен көзге түскен Нсанбаев Әлиханды атап өткен жөн. Ол биылғы маусым айында АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен халықаралық дрон жарысында жоғары кәсіби шеберлік танытып, екі бірдей жүлделі екінші орынға ие болды.
Сонымен қатар қаңтар айында Сауд Арабиясында ұйымдастырылған халықаралық авиа-дрон байқауында отандық құраманың сапында өнер көрсетіп, жүлделі орыннан көрінді. Балалардың техникалық шығармашылығы саласындағы тағы бір айтулы жетістік – өткен қараша айында дрон-футболдан Қазақстан құрамасының тарихи табысы. Алғаш рет ұлттық құрама Сингапур, Испания және Өзбекстан командаларын басып озып, әлемдегі ең үздік бес команданың қатарына енді. Бұл жетістік өңірдегі қосымша білім беру жүйесінің әлеуеті мен техникалық бағыттағы үйірмелердің тиімділігін айқын дәлелдейді.
Білім нәтижелерін жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасады. Оқу үдерісіне жаңа цифрлық технологиялар енгізіліп, білім беру бағдарламалары мен оқыту әдістемелері жаңартылуда. Бұл өзгерістер оқушылар мен педагогтер үшін білім алуды барынша қолжетімді әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқарушылық құрамды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Биылғы жылдың көлемінде өңірдегі білім беру ұйымдарының 60 басшысы тағайындалды. Олардың жиырма төрті «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінен іріктелді.
2025 жылдың қорытындылары аймақтағы ағарту саласының дәйекті әрі кешенді дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Іске асырылып жатқан жобалар мен қол жеткізілген нәтижелер алдағы жылдардағы жаңашыл бастамаларға берік негіз қалыптастырып отыр. Негізгі назар алдағы уақытта да білім сапасын арттыруға, қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталмақ.
Елдос САФУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы, Орал қаласы





