Қазақ әдебиеті арқылы отбасы құндылығына тәрбиелеу
Қазіргі қоғамда отбасы институтының тәрбиелік маңызы артып келе жатқан кезеңде мектептегі білім беру мазмұнына ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды енгізу – уақыт талабы. Осы тұрғыда «Қазақ әдебиетіндегі отбасы құндылығы» тақырыбындағы авторлық бағдарлама – жас ұрпақты отбасын қадірлеуге, ата-анаға құрметпен қарауға, туыстық байланысты бағалауға тәрбиелеудің тиімді жолы болып табылады.
Бағдарлама аясында оқушылар әдеби кейіпкерлердің тағдыры арқылы отбасылық сыйластық, мейірім, жауапкершілік сияқты рухани-адамгершілік қасиеттерді ұғынады. Қазақ әдебиетіндегі Абай, Ыбырай, Мағжан, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларында көрініс тапқан отбасы бейнесі – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Қазақ әдебиеті – ұлттың рухани жадын сақтайтын, мәдени кодын жеткізетін құндылықтар қоры.
Соның ішінде отбасы құндылығы – қазақ дүниетанымының ең негізгі ұғымдарының бірі ретінде әдебиетте кеңінен көрініс тапқан. Қазақ халқы үшін отбасы – тәрбие бесігі, адамгершіліктің бастауы, ұлт бірлігінің тірегі. Осы ұғым әдеби шығармаларда терең мағынамен өріледі. Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдерінде ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілік, үлкенді сыйлау, тәрбиенің мәні кеңінен сөз болады.
«Ата-анаға көз қуаныш – бала деген» секілді өлең жолдарынан-ақ отбасы ішіндегі сүйіспеншілік пен үмітті байқауға болады. Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінде де отбасы тәрбиесінің рөлі ерекше. «Асыл шөп», «Ана мен бала», «Мейірімді бала» секілді шығармаларында ата-ананың мейірімі мен баланың ізеттілігі көркем жеткізіледі. Бұл – жас ұрпаққа өнеге болатын мазмұн. Жиырмасыншы ғасыр әдебиетінде де отбасы тақырыбы өзектілігін жойған жоқ.
Бейімбет Майлиннің әңгімелерінде ауыл өмірі, отбасы тіршілігі, ананың қажырлы еңбегі мен баланың тағдыры шынайы суреттеледі. Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі – ананың даналығы мен мейірімін бейнелейтін шоқтығы биік туынды. Осындай шығармаларды оқыту барысында оқушылардың бойына отбасы құндылығын сіңіру маңызды. Осы мақсатта орта мектептің 8-сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиетіндегі отбасы құндылығы» атты авторлық бағдарлама әзірленді.
Бағдарлама мақсаты: Қазақ әдебиетіндегі шығармаларды оқыту арқылы оқушыларды отбасы құндылығына тәрбиелеу. Міндеттері: оқушылардың көркем шығармаға қызығушылықтарын арттыру; шығарма идеясын ажырату қабілеттерін жетілдіру; шығармадағы оқиғаны өмірлік жағдаймен байланыстыра алуға үйрету; шығармаға композициялық талдау жасауға дағдыландыру; тақырыпқа сай ойын көркем жеткізу қабілетін жетілдіру.
Және шығармашылық ойлауын дамыту; автордың астарлы ойын анықтау қабілетін жетілдіру; оқушылардың бойында отбасы мүшелеріне құрмет, отбасылық қарым-қатынаста сыйластық таныту дағдысын дамыту. Осы міндеттерді орындау үшін жалпы сабақ тақырыптарын «Ауыз әдебиетіндегі отбасы құндылығы», «Поэзиядағы отбасы құндылығы», «Прозадағы отбасы құндылығы» және «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі отбасы құндылығы» атты төрт бөлімге бөліп қарастырдық. Мәселен, «Ауыз әдебиетіндегі отбасы құндылығы» бөлімінде отбасы тақырыбындағы мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер берілді. Ертегілердің ішінде «Ертөстік» ертегісі таңдалып, Төстіктің ағаларын іздеу жолындағы жанқиярлық ерлігі талқыланды.
Мақалдар тақырыбында төмендегідей мақалдар берілді. Отан – отбасыдан басталады. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Інісі бардың тынысы бар, Ағасы бардың жағасы бар. Ананың көңілі балада, Баланың көңілі далада. Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білесің. Сонымен қатар сабақ тапсырмасы ретінде мынадай тапсырмалар ұсынылды: Сөзжұмбақты шеш.
|
|
О |
|
|
|
|
|||
|
|
|
Т |
|
|
||||
|
|
Б |
|
|
|
|
|||
|
|
А |
|
|
|
||||
|
|
|
|
С |
|
||||
|
|
|
|
Ы |
|
|
|
|
|
…. отбасынан басталады; әкеңнің әкесі; ата-аның баласына айтатын өсиет сөзі; жарық дүниеге әкелетін жан; ағайын; ұлдан кіші қыз. Отбасы мүшелеріне байланысты қара өлең ұйқасымен жұмбақ құрастыр. «Отбасындағы әкенің рөлі» тақырыбына эссе жаз. Қазақ әдебиетіндегі отбасы бейнесі тек тұрмыстық сипатпен шектелмейді. Ол арқылы ұлттық тәрбие, адамгершілік, борыш пен жауапкершілік, сүйіспеншілік пен жанашырлық сияқты құндылықтар насихатталады.
Бұл шығармалар – қазіргі оқушыны тәрбиелеуде тиімді қолдануға болатын көркем-танымдық құрал. Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетіндегі отбасы құндылығы – ұлт болмысының өзегі. Осы тақырыпты мектеп бағдарламасында жүйелі оқыту жас ұрпақтың рухани дамуына, ұлттық сананың қалыптасуына зор әсер етеді. Әдебиетті тәрбиелік құрал ретінде пайдалану – ұрпақ пен ұлт болашағы үшін маңызды қадам.
Пайдаланылған әдебиеттер: Бітібаева Қ.О. Қазақ әдебиетін терендетіп оқытудың инновациялық әдістемесі мен технологиясы: 5-11-сынып мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал. – Алматы: Дәуір-Кітап, 2012.– 308 б; Дәрібайұлы С. Қазақ әдебиетін оқытудағы әдеби ойындар мен жаттығулар: оқу-әдістемелік құрал. әл-Фараби атын. Қазақ ұлттық ун-ті… – Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 51 б; Есенова А. Қазақ әдебиеті сабағында эпикалық шығармаларды оқытуда оқушылардың оқырмандық қабілетін дамыту// «Қайнар» университетінің хабаршысы. – 2020. – № 2 – 82-87 б.
Динара Сартаевна ИГИСИНОВА,
№97 мектеп-гимназияның қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
педагог-модератор, Астана қаласы
