«АДАЛ АДАМ – АДАЛ ТАБЫС – АДАЛ ЕҢБЕК»: ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті ұғымдардың бірі – адалдық. Адал адам – елдің тірегі, адал табыс – отбасының берекесі, ал адал еңбек – мемлекеттің қуаты. Осы үш құндылықты бойына сіңірген ұрпақ қана нағыз кемел қоғамды қалыптастыра алады.

Біз мектеп мұғалімі ретінде, күн сайын шәкірттерімізге тек білім беріп қана қоймай, олардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға тырысамыз. Өйткені бала мектеп қабырғасында тек пән үйренбейді, ол өмір сүрудің жолын, мінез-құлық мәдениетін, адал мен арамның аражігін ажыратуды меңгереді.

Адал адам дегеніміз – өтірік айтпайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, өзгеге қиянат жасамайтын тұлға. Біз балаларға «адал болу – әлсіздік емес, керісінше үлкен күш» екенін ұғындыруымыз керек. Адалдық – ардың ісі, ал арын сақтай білген адам ғана шынайы құрметке ие болады. Сабақ барысында түрлі жағдаяттық тапсырмалар, өмірлік мысалдар келтіре отырып, оқушыларды шыншылдыққа, әділдікке баулимыз.

Адал табыс – маңдай термен, таза жолмен келген табыс. Бүгінгі таңда тез байығысы келетін, бірақ адал еңбек еткісі келмейтін көзқарастардың бар екені жасырын емес. Мұндай ойлар балалар санасына сіңбеуі үшін біз оларға еңбектің қадірін, адал жолмен келген табыстың ғана баянды болатынын мысалдар арқылы түсіндіруіміз қажет. Мысалы, сынып сағаттарында ата-аналардың, ауылдағы еңбек адамдарының өмір жолын әңгімелету арқылы шәкірттерге нақты үлгі көрсетеміз.

Адал еңбек – кез келген мамандықтың негізі. Мұғалімнің де, дәрігердің де, құрылысшының да еңбегі адал болса ғана қоғам алға жылжиды. Сабақта біз оқушыларға әр кәсіптің қадірін түсіндіріп, «ең бастысы – қандай жұмыс істесең де, оны адал әрі сапалы орында» деген қағиданы бойларына сіңіруге тырысамыз. Бұл ретте мектептегі еңбекке баулу, қоғамдық пайдалы жұмыстардың маңызы зор.

Біз, Алматы қаласындағы №59 мектеп-гимназиясының ғылыми-жаратылыстану кафедра мұғалімдері , әр сабағымызды осы құндылықтарды насихаттауға бағыттап өткізуге тырысамыз. Осы орайда, «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» құндылықтар айлығында төмендегідей шаралар жүзеге асырылды:

– «Жасампаздық және жаңашылдық» бағыты бойынша 9-10 сыныптар арасында «Сенің экологиялық ізің» тақырыбында инновациялық жоба ұсынылды;

– 9 «Ә» сыныбы Жұмабаева Фаризаның, 9 «Б» сыныбы Кенесова Сараның, 9 «В» сыныбы Дархан Аружанның, 9 «Г» сыныбы Аманов Нұрболдың жетекшілігімен комикс кітапшаларын жасады;

– 10 «А» сыныбы Шарипова Айнұрдың жетекшілігімен қалдықтарға екінші өмір сыйлау бойынша эко-шопперлер дайындады;

– 10 «Ә» сыныбы Арзықұлова Гүлмираның жетекшілігімен қалдықтарға екінші өмір сыйлау бойынша алауошақ дайындады;

– 10 «Б» сыныбы Әлімжан Дархан мен химия лаборанты Айнабекова Гүлназдың жетекшілігімен қалдықтарға екінші өмір сыйлау бойынша аққала  дайындады және қызықты химиялық эксперименттер көрсетті;

– 10-сынып оқушыларымен Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне “Мамандығым – мақтанышым” тақырыбында  экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларды жасампаздық пен жаңашылдыққа бағыттай отырып, болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал ету, техникалық және жаратылыстану бағытындағы мамандықтардың маңыздылығын түсіндіру.

Сонымен қатар, цифрлық дәуірде адалдық ұғымы жаңа қырынан көрініс табуда. Интернеттегі плагиат, көшіріп алу, біреудің еңбегін иемдену сияқты келеңсіз әрекеттердің бар екенін жасыра алмаймыз. Сондықтан біз оқушыларға ақпаратты дұрыс пайдалану мәдениетін, авторлық құқықты құрметтеуді де үйретуіміз керек. Бұл да – адал еңбектің заманауи көрінісі.

Қорыта айтқанда, «Адал адам – адал табыс – адал еңбек» құндылықтары – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Осыларды бала жүрегіне жеткізе алсақ, ертеңгі күні еліміздің тірегі болатын саналы, жауапты, отаншыл азаматтарды тәрбиелеп шығарамыз. Ұстаз үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. «Адал адам – адал табыс – адал еңбек» құндылықтарын  жүйелі түрде насихаттау – жас ұрпақты рухани бай, ар-ұятты, еңбекқор етіп тәрбиелеудің тиімді жолы. Осындай жұмыстар арқылы біз ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтардың бойына ең асыл қасиеттерді сіңіре аламыз.

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, «№59 мектеп-гимназия» КММ
Ғылыми-жаратылыстиану пәндер кафедра жетекшісі :
Орайханова  Анар Темирхановна

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий