Цифрлық серпін және экономиканың жаңа тіректері: агроөндіріс, транзит, туризм
Биылғы 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы даму күн тәртібін бір ғана саламен шектемей, өзара тығыз байланысты бірнеше стратегиялық басымдық арқылы айқындады. Экономиканы жаңғырту, өңірлік және жаһандық бәсекеде тиімді орын алу, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайту осы сұхбаттың негізгі өзегіне айналды. Президенттің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген тұжырымы ел дамуының бағыт-бағдарын айқын көрсетеді.

Президент 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауының мәнін нақтылай отырып, Қазақстанның «цифрлық державаға айналуы керек» екенін айтты. Бұл мақсатқа жету үшін елде бастапқы мүмкіндіктер барына тоқталды. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы жетістіктер, IT-стартаптарды қолдайтын экожүйе және Astana Hub сияқты инновациялық кластердің жұмыс істеуі. Сұхбатта келтірілген нақты деректер бұл бағыттағы ілгерілеуді көрсетеді: 2025 жылы IT-қызметтер экспорты шамамен 1 млрд АҚШ долларға жуықтаған, CryptoCity пилоттық аймағы құрылу үстінде, жасанды интеллект жөніндегі кеңес пен тиісті заң қабылданған, арнайы министрлік құрылған. Сонымен қатар Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлерінің іске қосылғаны айтылды. Мұның бәрі цифрландыруды ұран деңгейінде қалдырмай, институттық негізге көшіру қадамы ретінде көрінеді.
Сауда және логистика мәселесінде Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуеті геосаяси бәсекенің маңызды бөлігіне айналғанын ашық айтты. Көлік-логистика тақырыбы бүгінде жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөздердің тұрақты күн тәртібіне енген. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі (5 теміржол және 7 автокөлік) Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүктің шамамен 85 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Президент «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий бағыты – Орта дәлізді дамытуға Қазақстанның белсенді қатысатынын, сондай-ақ Орта дәліздің жұмысына Қытайдың қосылуын құптайтынын атап өтті. Демек, дәліздер бәсекесінде Қазақстан үшін жылдамдық, болжамдылық, рәсімдердің тиімділігі шешуші артықшылыққа айналуы тиіс.
сұхбаттың елеулі бөлігі агроөнеркәсіп кешеніне арналды. Президент ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нақты көлемін келтірді: 2024 жылы шаруаларға 580 млрд теңге, ал 2025 жылы 1 трлн теңге жеңілдетілген несие берілген. Алайда қаржы көлемінің ұлғаюы автоматты түрде тиімділікке әкелмейтінін атап өтіп, қолдаудың қайтарымы мен әділ бөлінуін күшейту қажеттігін баса айтты. Соңғы жылдары астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жеткенімен, ендігі кезекте ауыл шаруашылығын әртараптандырып, әсіресе мал шаруашылығын дамыту маңызды екені айтылды. Бұл жерде кооперацияны дамытуға қайта оралу бастамасы ерекше: кооперативтер еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттырып, нарыққа жақындауға мүмкіндік береді деген пікір білдірілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы туризмді «экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес тоғысатын күрделі сала» деп бағалап, кәсібилік пен жауапкершілік қажет екеніне тоқталды.
Қазақстанның жаңғыруы – жекелеген науқан емес, басқару сапасын көтеретін жүйелі өзгеріс. Цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік қызметтен бастап, экономиканың секторларына дейін өнімділікті арттыруға бағытталса, көлік-логистика дәліздер бәсекесінде елдің стратегиялық орнын күшейтеді. Ал ауыл шаруашылығы мен туризмде басты өлшем – бөлінген ресурстың тиімділігі, кадр және басқару мәдениеті. Су инфрақұрылымы мен ресурс үнемі болса, әлеуметтік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді қауіпсіздіктің берік іргетасы болмақ.
Әлім МЫЛҚАЙДАРОВ,
география ғылымының кандидаты, География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының оқытушысы