Әділетті орта мен сапалы білім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзімді баспасөзге дәстүрлі сұхбат беруі президенттің қоғаммен тікелей, ашық әрі жүйелі диалог орнатуының айқын көрінісі. Ауқымды сұхбат президенттің халық алдындағы есептілігін күшейтіп, азаматтардың саяси үдерістерге деген сенімін арттыра түсті. Сұхбат формалды есеп беру шеңберімен шектелмей, елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты өзекті мәселелерді қамтуымен ерекшеленді.  Мемлекет басшысы қоғамды алаңдатқан күрделі сұрақтарға нақты жауап беріп, қабылданып жатқан шешімдердің мәні мен маңызын түсіндірді. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, қоғамдық пікірдің қалыптасуына оң ықпал етеді.

Сұхбат барысында Президент қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін түбегейлі өзгерістердің қажеттігі туралы нақты әрі орнықты айтты. Жаһандық сын-қатерлер, технологиялық даму, еңбек нарығындағы өзгерістер мен әлеуметтік талаптардың артуы мемлекет пен қоғамды бұрынғы қалыптасқан көзқарастарды қайта қарауға мәжбүр етіп отыр.  Болашаққа бейжай қарамайтын ел үшін жастардың сапалы білім алуы, әділетті ортада өмір сүруі және өз әлеуетін толық жүзеге асыра алуы – өте маңызды.

Президент сұхбатын оқи отырып, еліміздегі өзгерістердің тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін аңғардық. Нақты нәтижелер адамның өмір сапасынан, әлеуметтік әділеттіліктен, заңның үстемдігінен және болашаққа деген сенімінен көрінеді. Өскелең ұрпақ өз елінде адал еңбегімен табысқа жетуге болатынына көз жеткізгенде ғана, мемлекеттің дамуы орнықты әрі ұзақ мерзімді сипат алады. Осы тұрғыдан алғанда, түбегейлі өзгерістер – уақытша науқан емес, ұлттың болашағын айқындайтын тарихи таңдау. Қоғамның бұл үдеріске саналы түрде қолдау білдіруі, ал мемлекеттің жауапты әрі жүйелі саясат жүргізуі жастарға берілген ең үлкен инвестиция болмақ.

Біз жоғары білім саласында қызмет етіп жүргендіктен жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, оның жан-жақты дамуына жағдай жасауды ең маңызды міндеттердің бірі деп білеміз. Олардың  интеллектуалдық әлеуетін арттырумен қатар,  тұлғалық, шығармашылық және әлеуметтік қабілеттерін дамытуға да ерекше мән береміз.  Мемлекет басшысының өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін түбегейлі өзгерістердің қажеттігі туралы ұстанымы –біз үшін ортақ әрі қолдауға лайық бағыт.

Жалпы,  Президенттің мерзімді баспасөзбен тұрақты байланысы сөз бостандығы мен ашық ақпарат кеңістігін дамытуға бағытталған  қадам деп түсінемін.

Ермек Бөрібаев,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма  төрағасы- ректоры, з.ғ.д., профессор.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий