ҚазҰУ инфрақұрылымы жаңарды: ғимарат шатырларына күн панельдері қойылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқу корпустарының және жатақханалардың шатырлары инвестор есебінен жаңартылып, күн панельдері орнатылды.
Жаңғырту жұмыстары барысында шатырлардағы тозығы жеткен ескі жабындылар толық алынып, құрылыс талаптарына сай тегістеу жұмыстары жүргізілді. Қоқыстар шығарылып, қара қағаз төселді. Жаңартылған суағар жүйелері орнатылып, жауын-шашынға қарсы қорғаныс күшейтілді.
Ең бастысы, құны 1 млрд теңге көлеміндегі жоба университет бюджетіне салмақ салмай, инвестордың қолдауымен жүзеге асырылды.
Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша университеттің электр энергиясын тұтыну көлемі 9,17 млн кВт/сағ-ты құраған. Ал қуаты 994 кВт болатын 1390 күн панелі жылына 3,39 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл да өз кезегінде ҚазҰУ-дың энергияға қажеттілігінің 35 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 20 мың шаршы метр аумақты алып жатқан күн панельдерінің арқасында университет жыл сайын 111 млн теңгеден астам қаражатты үнемдейді. Қазіргі сәтте Экономика және бизнес жоғары мектебі, журналистика, заң, тарих, география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология, медицина және денсаулық сақтау, филология факультеттерінің ғимараттарын, сонымен қатар бірқатар студенттер үйін күн панельдерімен жабдықтау аяқталды.
Мамандардың айтуынша, жабдықтардың қызмет ету мерзімі ескерілген жағдайда өтелу кезеңінен кейінгі 20 жылда жобаның жалпы экономикалық тиімділігі 2 млрд теңгеден асады. Бұл жобаның ұзақ мерзімді әрі экономикалық тұрғыдан тиімді екенін көрсетеді.
Жыл сайын университет базасында ғылыми орталықтар, зертханалар қарқынды ашылуда. 2030 жылға қарай ҚазҰУ-дың электр энергиясына деген сұранысы екі есеге артып, 18 млн кВт/сағ-тан асады деп болжануда. Осы тұрғыда күн панельдері арқылы оқу ордасының электр энергиясына деген қажеттілігінің бір бөлігі баламалы көздер арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Бұл студенттер мен қызметкерлерге тұрақты, экологиялық таза энергияны пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ университеттің инновациялық имиджін нығайтады.
Жоспарға сәйкес, болашақта ҚазҰУ қалашығындағы барлық факультеттер мен жатақханалар күн панельдерімен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Загрузка...


