Қазақстанда Ұлттық ғылым академиясының басқаруымен алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылды
Алматы қаласында М.Тынышпаев атындағы ALT университетінің базасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқаруымен еліміздегі алғашқы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтын (Institute of Transport Science and Technologies – ITST) құру туралы меморандумға қол қойылды.
Институт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік, логистика және транзит салаларын дамытуға қатысты стратегиялық тапсырмаларын іске асыру аясында құрылып отыр. Президент өз Жолдауларында және жария сұхбаттарында көлік-логистикалық секторды дамыту Қазақстанның халықаралық экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және ұзақ мерзімді орнықты өсудің негізгі факторларының бірі екенін бірнеше рет атап өткен.
Қазақстанның Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасуы елге халықаралық көлік-логистикалық хабқа айналу және қуатты транзиттік әлеует қалыптастыру үшін айрықша мүмкіндік береді. Бүгінде республика аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 6 автожол және 5 теміржол бағыты бар. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 157 мың шақырымды, теміржол желілері 15 мың шақырымды құрайды.
Көлік ғылымдары мен технологиялары институты көлік саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын мамандандырылған ғылыми орталық ретінде жұмыс істейтін болады. Институт қызметінің негізгі бағыттарына көлік жүйесін дамытуға арналған ғылыми-техникалық негіздемелерді әзірлеу, транзит пен логистиканың тиімділігін арттыру, көлік инфрақұрылымының беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету, инновациялық материалдар мен технологияларды енгізу, сондай-ақ көлік нысандарын әртүрлі жол-климаттық жағдайларға бейімдеу кіреді.
Институттың маңызды ғылыми бағыттарының бірі – Қазақстан аумағының жол-климаттық аудандастырылуын нақтылау. Қазіргі таңда ел аумағы екі ғана жол-климаттық аймаққа бөлінген. Жоспарланған ғылыми зерттеулер нәтижесінде өңірлік ерекшеліктерді ескеретін неғұрлым нақты жүйе қалыптастырылып, аймақтар саны алтыға дейін ұлғайтылмақ. Бұл жолдар мен көлік құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің ғылыми тұрғыда қамтамасыз етілуінің маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысы көлік пен логистиканы елдің стратегиялық басымдығы ретінде айқындады. Осы міндеттерді табысты іске асыру үшін саланы заманауи ғылыммен қамтамасыз ету қажет. Көлік ғылымдары мен технологиялары институты дәл осы мақсатқа қызмет етеді», – деді ҰҒА президенті.
Оның айтуынша, Ұлттық ғылым академиясында «Көлік» бағыты бойынша арнайы ғылыми секция құрылып, бұл бағыт алғаш рет ғылымның басым бағыттарының тізбесіне енгізілген. Нәтижесінде көлік саласындағы ғылыми жобалар гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға, сондай-ақ коммерцияландыру тетіктеріне қол жеткізді.
Сонымен қатар институт қызметінде жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және болжамдық модельдеу технологияларын қолдану көзделіп отыр. Бұл шешімдер көлік ағындарын оңтайландыруға, интеллектуалды логистиканы дамытуға және Қазақстанның транзиттік-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталмақ.
Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының құрылуы Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерді ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге, Қазақстанның көлік саласын ұзақ мерзімді дамытуға және елдің Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік әлеуетін нығайтуға берік ғылыми-технологиялық негіз қалайды.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының баяндамасы
Құрметті бүгінгі салтанатты іс-шараға қатысушылар!
Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT университеті базасында, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы жанынан Қазақстандағы Көлік ғылымдары мен технологиялары институтының құрылуына арналған салтанатты іс-шараға қош келдіңіздер!
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы атынан Сіздермен еліміздің көлік саласы үшін аса маңызды осындай іс-шарада жүздескеніме шын жүректен қуаныштымын!
Көлік – ел экономикасындағы маңызды салалардың бірі. Оның тиімді қызмет атқаруы барлық әлеуметтік-экономикалық қатынастардың қарқынды дамуына серпін береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика секторын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде атап өтті. Заманауи технологияларды енгізе отырып, мультимодальды тораптарға бағдарланған дамыған логистикалық жүйе қалыптастыру қажет.
Жуырда Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында да көлік және логистикалық жүйе – Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясының аса маңызды элементі екені туралы айтты. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасындағы өзінің географиялық орнын тиімді пайдалана отырып, транзиттік әлеуетін нығайтуға және Азия мен Еуропаны байланыстыратын ірі көлік торабына айналуға ұмтылуда.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысының ел экономикасы үшін көлік, логистика салаларын дамыту және көлік-транзиттік әлеуетті арттырудың аса маңыздылығы туралы барлық тұжырымдарының өзектілігін терең түсінеді.
Академияда «Көлік» ғылымдары бағыты бойынша жеке секция құрылды. Академия мен Секцияның бірлескен жұмысының нәтижесінде «Көлік» бағыты алғаш рет отандық ғылымның басым бағыттарының тізбесіне енгізіліп, көлік саласының ғалымдары мен мамандарының жобалары гранттық, бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру және коммерцияландыру конкурстарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы базасында Қытай ғылым академиясының академиктерімен және Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп құрылған Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық біріккен зертхана аясында интеллектуалды логистиканы дамыту, көлік ағындарын оңтайландыру, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және болжамдық модельдеу әдістері кеңінен қолданылатын болады.
Мемлекет басшысының жоғарыда аталған тапсырмаларын орындау мақсатында Көлік ғылымдары мен технологиялары институты құрылуда. Институт қызметінің басым бағыттары – көлік, транзит және логистика салаларының жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асырудың ғылыми-техникалық негіздерін қалыптастыру болып табылады.
Бір ғана мысал келтірейін. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының кең байтақ аумағы тек екі жол-климаттық аймаққа бөлінген, бұл табиғи және пайдалану жағдайларының шынайы тұрғыда әртүрлілігін толыққанды көрсете алмайды. Нақтыла айтсақ, біз әлі Кеңес үкіметінің құрған жүйесімен келе жатырмыз. Институтта жоспарланған ғылыми зерттеулер барысында жол-климаттық жағдайларды неғұрлым нақты саралау (дифференциациялау) жүргізіліп, нәтижесінде аймақтар саны алтыға дейін ұлғаяды. Бұл автомобиль жолдары мен көлік құрылыстарын жобалау, салу және пайдалану барысында өңірлік ерекшеліктерді ескеруге мүмкіндік береді.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Институттың қызметі көлік инфрақұрылымының ұзақ қызмет етуі мен сенімділігін арттыруға, көлік жүйесін басқарудың тиімді әдістерін дамытуға, инновациялық материалдар мен технологияларды әзірлеу және енгізуге, сондай-ақ көлік құрылыстарын әртүрлі климаттық жағдайларға бейімдеуге бағытталатын болады.
Мамандандырылған көлік институтын құру Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді шешудің берік ғылыми-техникалық іргетасын қамтамасыз ететініне сеніміміз мол!
Институт ұжымына жемісті еңбек, биік жетістіктер мен маңызды ғылыми жаңалықтар тілеймін!
Назарларыңызға рахмет!
Загрузка...



