Жекеменшік мектеп облыстық коммуналдық меншікке берілді

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен (06.11.2025 ж.) бұйрығымен бекітілген «пилоттық жобаға» сәйкес 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына жеке мектептердің мемлекеттік тапсырысын орналастыру жергілікті атқарушы органдарға міндеттелген еді. Жеке мектептерден мемлекеттік тапсырысқа өтініш қабылдау үшін ҚР Қаржы министрлігі тарапынан «Орта білім» электрондық платформасы әзірленіп, аймақтағы отыз тоғыз мектептің 37-сі тіркеліпті.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі жариялаған ресми ақпаратқа жүгінсек, байқау нәтижесімен тиісті талапқа сәйкес келген екі білім беру ұйымына мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. Жеке мектептерді ашудағы басты мақсат – бұл мемлекет қаржысы есебінен мектеп құрылысын салуға мүмкіндігі жоқ жерлердің мәселесін шешу болатын. Дегенмен, жекеменшік мектептер ашылған Қызылорда қаласы (27 мың 448 орын) мен Шиелі (3914 орын), Жаңақорған (4630 орын) кенттеріндегі мемлекеттік мектептерде 35 мың 992 бос орын (профицит) қалыптасқанымен, көп жекеменшік мектептер жергілікті жердегі оқушы орны қажеттілігі бойынша жергілікті атқарушы органның келісімін алмаған.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік мектептер орналасқан мөлтек аудандарда бірнеше жеке мектептердің шоғырлануына алып келуде. Жеке мектептердің мемлекеттік тапсырысы ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы №597 бұйрығымен бекітілген «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» әдістемесіне сәйкес орташа бір балаға бір жылға 650,0 мың теңге көлемінде төленеді. Сонымен қатар аталған әдістемеде бір баланың оқу құнынан бөлек құрылысы салынған жеке мектептерге бір оқушы орнына бір жылға жаңа құрылысқа 377,5 мың теңге (96 АЕК) қайта бейімдеуге (реконструкция) 184,8 мың теңге (47 АЕК) көлемінде сегіз жыл төленуде екен.

Бұл аймақтағы жұмыс істеп келген отыз тоғыз мектептің 29 мектебіне құрылыс бойынша республикалық бюджеттен соңғы бес жыл көлемінде 8,0 миллиард теңге берілген. Мысал ретінде, төрт жүз орындық мектеп құрылысына бір жылда (бала саны толық болған жағдайда) 166,1 миллион теңге, сегіз жылда 1,3 миллиард теңге төленеді. Бұдан бөлек тағы әр баланың оқу құнына орташа 650,0 мың теңгеден бір жылға 260,0 миллион теңге, сегіз жылда 2,1 миллиард теңге беріледі. Облыстағы төрт жүз және алты жүз орындық жеке мектептердің орташа құны 682,6 миллион теңгені құрайды. Осылайша, құрылыс қаржысы сегіз жылда екі есеге дейін артық алып, төрт жылда жалпы құрылыс шығынын өтеуге мүмкіндік жасалған.

Осы өңірде алғашқылардың бірі болып жеке мектеп салған Мұрат Бақтиярұлы. Бүгінде «Orda school» жекеменшік мектептерінің желісі төртке жетті. Қызылорда қаласына қарасты Сабалақ саяжайындағы 400 орындық «Orda school-2» жеке мектебінің құны 520,0 миллион теңге. Танымал тұлға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2022 жылдың қыркүйегінде ашылған «Orda school-2» жекеменшік мектебін облыстық коммуналдық меншікке беру жөнінде шешім қабылдады. Былтырғы жылдың желтоқсан айының соңғы аптасында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен жеке мектеп ғимаратын сыйға тарту шарты бойынша екі жақты меморандумға облыстық білім басқармасы мен мектеп құрылтайшысы қол қойды.

Нұрлыбек Машбекұлы ел игілігі мен жас өрендеріміздің қолайлы әрі қауіпсіз ортада білім алу бағытында жасаған батыл қадамы және көрсеткен үлгі-өнегесі үшін жеке мектеп құрылтайшысы Мұрат Бақтиярұлына Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысын білдіріп, өңірде Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен жүзеге асқан ауқымды жобалар мен тың бастамалардың барысына тоқталды.

– Аймағымызда жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Соңғы жылдары біз бюджет қаржысының басым бөлігін әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласына бағыттадық. Білім беру саласына соңғы үш жылда 812 миллиард 245 миллион теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге қаралды. Бөлінген қаржының түпкілікті мақсатқа жетуі мен қаржы бұзушылықтардың алдын алуда нақты шаралар қабылданған. Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Облыстың аумағында алғашқылардың бірі болып, тәуекелге бел буып, қаржысын білім беру саласына салған Мұрат Бақтиярұлы ағамыз болатын, – деді ол.

– «Orda school» жекеменшік мектептерінің бүгінгі саны төртеу. Біз де өз кезегімізде таза, шынайы жұмыс істейтін кәсіпкерлерді үнемі қолдап келеміз. «Сабалақ» саяжайы аумағы жыл сайын кеңейіп, халық саны артқанын ескерсек, «Orda school-2» жеке мектебінің перспективасы зор. Әрбір ата-ана баласының заманауи ғимаратта оқып, білімді болғанын қалайды. Бұған дейін жеке мектепте 336 оқушы тегін оқып келді. Мұрат Бақтиярұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2023 жылдың қыркүйегінде ашылған «Orda school-2» жекеменшік мектебін облыстық коммуналдық меншікке беру жөнінде шешім қабылдады.

– Жас өрендеріміздің игілігі жолында жасаған батыл қадамыңыз үшін Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз! Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды міндет. Барша бастамаларыңызға сәттілік тілеймін және бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын!, – деді Нұрлыбек Нәлібаев. Рас, әрбір ата-ана баласының заманауи ғимаратта оқып, білімді болғанын қалайды. Бұған дейін жеке мектепте үш жүзден астам оқушы тегін оқып келді. Енді бұл білім беру ұйымы №297 орта мектеп болып қайта құрылып, мемлекеттік мекеме ретінде жұмысын жалғастырады. Басқосу барысында «Orda school» мектебінің құрылтайшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, «Ұлағат» мектебінің құрылтайшысы Қалқазбек Әжібеков, «Зерде» мектебінің құрылтайшысы Сейтқали Алшынбаев сөз сөйледі.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий