Оқыту бейіні мен кәсіпті саналы таңдау

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде аймақтағы білім беру ұйымдарының басшылары мен кәсіби бағдар беру жұмыстарына жауапты мамандарға арналған «Балаларды оқыту бейіні мен кәсібін саналы таңдау» тақырыбындағы өңірлік семинарды осы жоғары оқу орны мен облыстық білім басқармасы бірлесе ұйымдастырды, – деп хабарлайды жергілікті осы салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда білім алушыларды еңбек нарығының талаптарына сай бағыттау, олардың қабілеті мен қызығушылығына сәйкес мамандық таңдауына жағдай жасау – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Осы орайда аталған семинардың басты мақсаты – білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, әдіскерлер мен жауапты мамандарға әдістемелік қолдау көрсету, сондай-ақ олардың кәсіби шеберлігін арттыру.

Семинар барысында қатысушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстарының тиімді әдістерін қолдану жолдары, инновациялық тәжірибелерді білім беру ұйымдарына енгізу, лайықты маман даярлаудың заманауи тетіктері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар қатысушылардың кәсіби және тұлғалық құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған тәжірибелік ұсыныстар мен нақты кейстер ұсынылды.

Іс-шараның ашылуында оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нарегеева Агура Маарбановна құттықтау сөз сөйлеп, кәсіби бағдар беру жұмыстарының аймақтық білім беру жүйесіндегі жұмыстардың барысына тоқталды. Спикерлердің қатарында университет әкімшілігі мен білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар жұмыстарына жауапты тәжірибелі мамандар болды. Олар тағылымды тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру ұйымдарындағы кәсіби бағдар жұмыстарының тиімділігін арттырудың нақты жолдарын ұсынды.

Аймақтық семинарға жалпы саны екі жүз елуге жуық маман қатысты. Бұл іс-шара өңірдегі білім беру мекемелері арасында тәжірибе алмасуға, кәсіби байланысты нығайтуға және болашақта білікті маман даярлау жүйесін жетілдіруге зор ықпал етпек. Кәсіби бағдар – жас ұрпақтың өмірлік жолын дұрыс таңдауға бағыт беретін маңызды құрал. Сондықтан мұндай семинарлар білім беру сапасын арттырып, ел болашағын айқындайтын жас мамандарды даярлауға берік негіз қалайды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий