«Табиғатты аялайық» экологиялық акциясы
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жергілікті аймақтағы жүйелі жұмыстар жалғасуда, – деп хабарлайды Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Үржар ауданындағы «Болашақ» саябағында «Табиғатты аялайық» атты экологиялық акция осы бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылды. Іс-шараға алпысқа жуық мектеп оқушылары мен «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері қатысты. Негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, құстардың табиғи мекендеуіне қолайлы жағдай жасау және өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Іс-шара барысында саябақ аумағындағы ағаштарға құстарға арналған 12 ұя орнатылып, арнайы жем қойылды.
– Бұл іс-шара оқушылардың бойында табиғатты аялауға, құстар мен жануарларға деген сүйіспеншілік сезімін арттыруға бағытталды. Осы акцияның нәтижесінде құстардың саны артып, орнатылған ұялар өз иелерін табады деп үміттенеміз, – деді «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілі Баян Садакова. Бұл экологиялық акция табиғатқа жанашырлық танытуға және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Құстар – табиғи тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқаратын тіршілік иелері, ал оларды қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай игі бастамалар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, жас ұрпаққа табиғатты аялаудың маңызын түсіндіруге және экологиялық сананы қалыптастыруға зор үлес қосуда.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында былтыр облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Әртүрлі экологиялық акцияларға 349 мыңнан астам тұрғын қатысып, елу екі мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде жетпіс мыңнан астам көшет отырғызылып, ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылған.
Загрузка...