Абай поэмаларындағы күрделі сөздер
№40622
Біз мектепке алғаш келген күннен бастап-ақ, төл қазақ тіліміздің, әдебиетіміздің қыр-сырын оқып үйренеміз. Сонымен қоса, қазақ жазба әдебиетінің бастауы – Абай Құнанбаев шығармашылығымен танысып, біліп, жаттап, білімімізді шыңдаймыз. Оның қазақ жазба әдебиетіне қосқан үлесі туралы оқып білеміз. 9-сыныптан бастап «Абайтану» курсы арқылы Абайды тануды жан-жақты зерттеген әдебиетші-тілші ғалымдардың еңбектерін саралап қарастырамыз.
Абайды тек қана оқып-білмей, оның шығармашылығын насихаттауда да өз үлесімді қосқым келді. Сол үшін де оқушылармен бірлесе отырып, Абай поэмаларындағы сөздердің қолданылуын саралап көрдім. Мен таңдаған тақырып, «Абай поэмаларындағы қос сөздер» әлі де көп екшелеуді керек етеді деп ойлаймын. Сол себептен ақын шығармашылығындағы қос сөздерге ғылыми тілдік тұрғыдан сараптама жасап көрдік.
Абайдың поэмаларындағы қос сөздердің қаншалықты қолданылғанын, оның қандай мағынада жұмсалып тұрғандығына талдау жұмыстарын жүргіздік. Абай атамыздың шығармашылығына елеулі орын алатын ишығармаларының бір саласы – оның поэмалары. Олар: «Ескендір», «Масғұт» және «Әзім әңгімесі». Бұл– ақынның лирикадан оқиғалы, көлемді шығарма жазуға ойыса бастаған кезеңін танытатын маңызды еңбектер.
– Абай поэзиясының тілі арқылы қазақ тілінің барша байлығы, күші мен оралымдылығы танылып тұрады» деп Абайға арнап әбден айтуға болады. Әдебиет тарихына көз жіберсек, шын суреткердің әрқашанда жазушылық еңбекке өте жауапкершілікпен қарайтыны белгілі. Әр сөзі, сөз оралымын орнымен ұтымды қолдануға айрықша мән беретінін білеміз. Осы ретте ойымызға нақтылы дәйек келтіре тетелік. Оның поэмаларына тоқталайық. «Ескендір» поэмасында 42 шумақ, 835 сөз бар екен. Соның тоғызы қос сөз.
Екінші шумағының 4-ші жолындағы қос сөз. Көз алартып қарады оңды-солды. Оңды-солды – қос сөзі, қосарлама қос сөз. Өзара қайшы мәндес түріндегі қосарлама сөз. Ауыспалы мағынада, жан-жағына, айналасына деген мағынада қолданылып тұрған сын есім сөздер… Осылайша оқушылармен қарастыра келе, қазақ жазба әдебиетінің қайнар бұлағы – Абай Құнанбайұлының поэмаларында жалпы, мағыналы 3805 сөз кездеседі 193 шумақта.
Үш поэма бойынша барлығы – 44 қос бар екен. Оның 30-ы қосарлама қос сөз. Ал 14-і қайталама қос сөз. 30 қосарлама қос сөздің ішіндегі қол-аяғы, жан-жағы деген қосарлама қос сөздер 2 реттен қайталанып қолданылады. Ал 14 қайталама қос сөздердің ішіндегі аң-таң сөзі 3 реттен қайталанып қолданылады. Сонымен, қорыта айтар болсам, қайталанып қолданылған қос сөздерді есептемегенде, Абай поэмаларында 40 қос сөзі қолданылған екен.
Мұхтар Әуезовтің: – Бұл үш поэманың бәрі де ақынның қазақ өмірінен, соның ішінде бұрынғы шығармаларындай өз ортасы, өз дәуірінің болмысынан алған шығармалары емес. Үшеуі де Шығыстық дастан аңыздардан, немесе ертегілік тақырыптардан алынған сюжеттерге құрылған, – деген сөзі де ақынның шығыстық сюжеттерді өзіндік шешіммен жырлау ерекшілігін дәйектей түседі.
Ғабит Мүсірепов айтқандай «Абайға жеткен тіл былайғы жұртқа да жетеді». Мәселе, үйрену мен игеруде және жауапкершілікте. Абай шығармашылығын дәріптейік, қазақ тілінің сөз байлығын танытайық. Қазақ тіл білімін ілгерілетейік демекпін.
Ардак Даутович КУЛЖАНОВ,
№93 мектеп-лицейдің қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Астана қаласы
