EDUFEST-2026: білім берудің келешегі жасанды интеллект пен экожүйе тәсілінде
Алматы қаласында «Білім берудің келешегі – экожүйе, технология, адам» тақырыбында ауқымды конференция өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының қолдауымен NNEF қоғамдық қоры, Қазақстан-Британ техникалық университеті және MIRAS халықаралық мектептері ұйымдастырған.
EDUFEST-2026 алаңында педагогтар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, білім беру ұйымдарының басшылары, зерттеушілер мен EdTech қауымдастығының өкілдері бас қосты. Конференция қатысушылары білім берудің экожүйесін дамыту, жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу, деректерді талдау және адами капиталды дамыту бағытындағы тәжірибелерді талқыға салды.
NNEF қоғамдық қорының білім беру бөлімінің басшысы Мария Көпжасарованың айтуынша, конференцияның басты мақсаты — білім беруді балабақшадан бастап университетке дейін біртұтас жүйе ретінде қарастырып, жасанды интеллектіні оқу процессіне енгізудің тиімділігімен қоса, осы бағыттағы жауапкершілікке қатысты сауалдарды талқылау, оған оңтайлы шешім табу.
Оған қоса, NNEF қоғамдық қорының өкілі Қазақстанда мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланыстың жекелеген үлгілері бар екенін айтады. Десе де бүгінде білім беру деңгейлері арасында сабақтастықты сақтап, ортақ сапа талаптары бар тұтас экожүйе қалыптастыру қажет екенін, ал технологиялар болса мұғалімді алмастыратын емес, керісінше мұғалімнің жұмысын күшейтіп, әр баланың ойлау қабілетін, ынтасы мен әлеуетін ашуға көмектесуі керек екенін атап өтті.
«Қазіргі білім беру жүйесі әлі де дамытуды қажет етеді. Әсіресе баланың бақшадан барынша мектепке бейімделіп өткені маңызды. Экожүйеде бірыңғай талаптар мен сапа стандарттары қалыптасуы тиіс. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс көп. Конференция барлық білім беру деңгейіне ортақ мәселелерді бір алаңда талқылап, бірыңғай экожүйе құру жолдарын және цифрлық дәуірде адамның ролін айқындау үшін ұйымдастырылды», – деді Мария Көпжасарова.
Microsoft Kazakhstan компаниясының Орталық Азиядағы білім беруді дамыту жөніндегі директоры Данияр Жұмабеков жасанды интеллект педагогтың жұмысын жеңілдете алатынын, алайда тәрбие беру мен тұлға қалыптастыруда жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайтынына тоқталды. Маманның айтуынша, білім беру саласындағы цифрлық трансформация ел Президенті қойған міндеттер аясында жүзеге асырылып, педагогикалық қауымдастықтың нақты сұранысына негізделуі тиіс.
«Біздің негізгі міндетіміз — Қазақстан Президенті цифрлық білім беру ортасын трансформациялау жөніндегі білім беру жүйесінің алдына қойған мақсаттарға қол жеткізуге барынша қолдау көрсету. Бұл ретте педагогтар қауымдастығының да заманауи технологиялар трендінен қалыс қалмауы, осы бағытта мұғалімнің ұмтылысы да аса маңызды. Яғни, мұның барлығы жұмыс барысында жаңа мүмкіндіктер ашып, білім беруді және білім алуды едәуір тиімді ете түседі», – дейді маман.
Конференцияға қатысушылар мектеп пен жоғары оқу орындарында жасанды интеллектті енгізудегі мүмкіндіктер мен тәуекелдерге қатысты пікірлерін панелдік сессияларда ортаға салды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, Artificial Intelligence Astana IT University ғылыми-инновациялық орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов бұл салада асығыстыққа жол бермеу керек деген пікірде.
«Егер оқушыларға дайын шешімдерді шектен тыс ұсынсақ, олар ізденудің орнына дайын жауапқа тез үйреніп қалады. Бұл оқушының ойлау қабілетінің дамуына кері әсерін салып, салдарынан келешекте бәсекеге қабілеттілігі төмен ұрпақты қалыптастыруымыз әбден мүмкін. Сондықтан заманауи құралдарды енгізер алдында өзімізге «қандай құралды енгіземіз» деген сауалмен қатар, «сол құралды қалай енгіземіз» деген сауалға да жауап қарастырғанымыз өте маңызды. Адами капиталды дамыту басымдық берілген бағыт, оны ел Президенті де атап отыр. Ал егер цифрлық технологияларға салмаққа салмай, сараламай енгізер болсақ, келешекте оның айтарлықтай салдарына тап болуымыз ықтимал», – деді Бейбіт Әбдікенов.
Ал КБТУ-дың әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Сәбит Сұлтанов EDUFEST конференциясын мектеп, университет және одан кейінгі үздіксіз білім беру жүйесін біріктіретін, қазақстандық білім берудің келешектегі біртұтас бағытын қалыптастыруға мүмкіндік беретін іс-шара деп бағалады.
«NNEF қоғамдық қоры қолдау көрсетіп отырған жоғары оқу орындарының альянсы мектеп, университет және үздіксіз білім берудің біртұтас даму бағытын айқындайтын білім беру экожүйесін кезең-кезеңмен қалыптастырып келеді. Мұндай тәсіл білім берумен шектелмей, білім берудің барлық кезеңдерінде оның өзектілігін, сабақтастығы мен практикалық құндылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Білім беру жүйесінің келешегі – ерте жастағы баладан бастап аға буынға дейін үздіксіз білім алу мәдениетін қалыптастыратын, барлық деңгейдегі білім беру ордаларының арасындағы тығыз байланыста деп білеміз», – деді Сабит Сұлтанов.
Айта кетейік, EDUFEST-2026 конференциясының бас серіктесі Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры. Қор директоры Сағынбек Шүнкеев білім беруді қолдау елдің болашағына және адами капиталды дамытуға бағытталған инвестиция екенін, ал бұл үдерісте негізгі рөл оқытушыға тиесілі екенін атап өтті.
«Қор EDUFEST-2026 форумына қолдау көрсетіп отырған басты серіктес, өйткені адами капиталды дамыту ең алдымен оқытушыдан басталады. Ал білім беруді қолдау — Қордың негізгі басым бағыттарының бірі. Біз үшін заманауи білім беру тәжірибелері мен технологияларының барлық өңірдегі педагогтар мен білім ордаларының басқарушы командаларына қолжетімді болғаны маңызды. Айта кетейін, NNEF қоғамдық қорымен бірлесіп, дарынды мектеп оқушыларының халықаралық бағдарламалар бойынша сапалы білім алуына мүмкіндік жасап, мұғалімдерді дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз», — деді Сағынбек Шүнкеев.
EdTech демоаймақтарында NNEF қоғамдық қорының University Alliance of Science and Technology альянсының құрамындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары ұсынған стартаптар мен практикалық жобалар таныстырылды. Жобалар қатарында жасанды интеллектке негізделген шешімдер мен түрлі салаларға арналған цифрлық өнімдер де бар.
Форум қатысушылары болашақтағы білім беру технологиялар мен адами құндылықтар арасындағы тепе-теңдікке негізделуі тиіс, ал жасанды интеллектті білім беруді дамытатын құралы ретінде қарастыру қажет деген ортақ пікірге келді.
Загрузка...



