Үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай жойылды
Облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемовтің төрағалығымен өткен аптада ұйымдастырылған алқа мәжілісінде білім басқармасының басшысы ретінде 2025 жылы аймақтағы білім саласында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген болатынмын. Жиналғандар алдында жасаған баяндамамда облыстық білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүргізілгенін жеткіздім.
Өңір бойынша былтыр 14 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде он мектеп бар. Бұл ағарту ошақтарының төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынса, қалған 4 нысан қолданыстағы мектептерге жапсарлас ғимарат ретінде бой көтерді. Нәтижесінде бір апатты, 1 үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар бес, тозығы жеткен 6 және асханасы жоқ бір мектептің мәселесі оң шешімін тапты. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай жойылды.
Қазіргі таңда облыста бір апатты, 11 тозығы жеткен және оқушы орны тапшылығы бар он жеті білім ордасы тіркелген. Биыл он екі білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның арқасында оқушы орны тапшылығы бар екі мектептің, тозығы жеткен төрт білім шаңырағына қоса спорт залы мен асханасы жоқ алты алтын ұяның күн тәртібінде тұрған маңызды мәселесі шешіледі. Былтыр облыстағы он алты білім беру нысанына (12 мектеп пен екі балабақша және 2 мектеп-интернат) 11 миллиард теңге көлемінде күрделі жөндеу жүргізілді.
«1300 мектепті жаңғырту» бағдарламасы аясында он мектеп қамтылды (Байзақ – 1, Қордай – 1, Сарысу – 2, Т.Рысқұлов – 1, Тараз – 4, басқармаға қарасты – 1). Және қырық бір білім беру нысанына (жиырма алты мектеп пен он төрт балабақша және 1 арнайы мектеп) жалпы көлемдегі 495,8 миллион теңгенің ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалғанын атап айтқан абзал. Сондай-ақ 2,2 миллиард теңгеге жаңа модификациялы кабинеттер (химия, физика, биология) кабинеттер, робототехника, ақпараттық технология мен мультимедиялық кабинеттер, қыздар мен ұлдарға арналған еңбек кабинеттері, пәндік кабинеттер (география, математика, тарих, орыс тілі, қазақ тілі, шет тілі және тағы да басқалары), STEM-зертханалар, асхана және кітапхана, спорт жабдықтары, мектеп жиһазы, турникеттер мен компьютерлік техника сатып алынды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының 750 миллион теңгені құрайтын қаржылық қолдауымен үш мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Өткен жылы өңірде тұңғыш рет мамандандырылған әскери мектеп-интернаты ашылып, «Дарын» лицей-интернаты жаңа ғимаратқа көшірілді. Биыл ІТ лицей-интернатына арналған үш жүз орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталады. Мойынқұм ауданы Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы апатты мектептің орнына сексен оқушыны қамтитын жаңа білім беру нысанының құрылысын бастау көзделуде.
Бүгінде облыстың аумағындағы алты жүз он тоғыз мектепке дейінгі ұйымда 63 мың 645 бүлдіршін тәрбиеленуде. Қамту үлесі 1-6 жас аралығында – 98,4 пайыз, 2-6 жас аралығында – тоқсан тоғыз пайыз, ал 3-6 жас аралығында толыққанды жүз пайызды құрап отыр. Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар толық автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыруға көшті. Бес жүз отыз бір жалпы білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. 2025 жылы облыс оқушылары мен педагогтері бірқатар елеулі жетістікке қол жеткізді.
Халықаралық және республикалық байқауларда бір жүз он үш педагог жеңімпаз атанса, облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 468 медаль иеленді. Дарынды оқушылар республикалық ғылыми жобалар байқауында он алты жыл қатарынан «Үздік команда», ал республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды. Биыл облыс мектептеріне екі жобаны енгізу мүмкіндігін қарастырудамыз. Біріншісі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Жамбыл облысы» атты кешенді жобасын 80 мектепке енгізу жоспары.
Жоба оқу кабинеттерін қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырумен қоса БИЛ тәжірибесі негізінде жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқыту сапасын арттыру, 3250 педагог пен басқарушыны оқыту және тәлімгерлік сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Екінші, «Zhambyl ai mektebi» жобасын бір жүз елу білім ордасына енгізу мүмкіндігі. Бұл бағытта мектептерді заманауи басқару, сапалы оқыту және цифрлық трансформация негізінде дамыту жайы қарастырылған. Педагогтер мен мектеп басшыларының кәсіби әлеуетін күшейту арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын, PISA нәтижелерін жақсарту көзделеді.
Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 223 миллион теңге қаржы бөлініп, алты салалық (hub) кешен ашылды. Жергілікті он алты колледж кәсіпорын мен жоғары оқу орындары арасында бір жүз он алты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Нәтижесінде, 1121 түлек жұмыспен қамтылып, бір жүз он тоғыз жұмыс берушілердің қатысуымен қырық төрт мамандық бойынша 147 оқу бағдарламалары жаңартылды.
Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде кәсіби дағды мен жұмыс тәжірибесін бағалайтын «1С» сертификаттау орталығы ашылды. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында жергілікті бюджеттен 374 миллион 553 мың теңге (күрделі жөндеу) бөлінді. Жұмыс берушілер есебінен («KNAUF» ЖШС, «Алина» ЖШС, «Мерагро» ЖШС) 119 миллион 773 мың теңгеге құрал-жабдықтар алынып, оның екі колледжінде (Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, Құлан агротехникалық жоғары колледжі) құзыреттілік орталығы ашылды.
Тараз қаласында колледж студенттеріне жеке кәсіпкер есебінен бір жүз елу адамдық жатақхана құрылысы салынып, студенттердің игілігі үшін пайдалануға берілді. Балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне ерекше назар аударылып, «Адал азамат» бағдарламасын іске асырудамыз. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мақсатындағы межелер орындалуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын, Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігі бекіткен бағдарламалар мен жол карталарын іске асыру аясында жүйелі жұмыстар өткен жылы жоспарға сай жүйелі жұмыстар ауқымды түрде атқарылып, алдағы кезеңді қамтитын биылғы жылдың нақты міндеттері межеленуде.
Нұрбек ОРШЫБЕКОВ,
Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы, Тараз қаласы





