Жоғары жетістіктер жаңашылдыққа жетелейді
Өткен жылы аймақтағы білім саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтуды арттыру мақсатында 3344 орынға есептелген қырық бес балабақша мен 14 мыңға жуық оқушыны қамтитын он төрт ағарту ошағы пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында он үш заманауи мектеп он екі мың алты жүз шәкіртке есік ашты.
Және жер қойнауын пайдаланушылардың демеушілік қаражаты есебінен 1200 орындық бір мектеп қолданысқа берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 588 орындық екі ағарту орнына қосымша жапсарма салу жұмыстары жүргізіліп, Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында осы ғимараттар пайдалануға берілді. Бұл нысандардың іске қосылуының нәтижесінде алдыңғы жылмен салыстырғанда үш ауысымда оқитын мектептердің саны жеті бірлікке қысқарып, 10 мектептен үшеуге дейін азайды.
Аймақтағы дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атқарылған игі істердің нәтижесінде облыс оқушыларының республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға, ғылыми жоба байқауларға, робототехника және шығармашылық сайыстарға қатысу белсенділігі артып, жүлделі орындарға қол жеткізе бастады. Былтырдың қорытындысы бойынша алты жүз төрт дарабоз (халықаралық – 146, республикалық – 460) халықаралық, республикалық шараларға қатысып, 241 медаль (халықаралық – 28, республикалық – 213) түрлі марапаттарды жеңіп алды. Оның ішінде екі Бас жүлде, 46 алтын (халықаралық – 5, республикалық – 41), тоқсан бір күміс (он екі халықаралық, жетпіс тоғыз республикалық) және 102 қола (он бір халықаралық, тоқсан бір республикалық) медаль.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада ұтымды ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде ауылдық оқушылардың жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші артып, шалғай елді мекендердегі мыңдаған балалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Алдыңғы жылы 68 ауыл білімгерінің отыз тоғызы жүлделі орынға ие болса (11 алтын мен тоғыз күміс, 19 қола), былтыр алпыс алты оқушының 44-і жүлделі (он үш алтын, 13 күміс жіне он сегіз қола) орынға ие болды.
Командалық есепте жаратылыстану-математикалық бағытта 2024 жылы «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша бірінші орын, былтыр – Бас жүлде, қоғамдық-гуманитарлық бағытта және алдыңғы жылы «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымының негізінде екінші орын, 2025 жылы бірінші орын өңірімізге бұйырды. 7–8-сынып оқушылары арасындағы олимпиадаларда да маңғыстаулық оқушылар озық білімдерін дәлелдеп, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда-2025» аталымына сәйкес алдыңғы қатардан көрінген еді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша ұйымдастырылған республикалық олимпиадада көрсеткен жоғары нәтижеге сай облыстық төрт білім беру ұйымы (Ақтау қаласындағы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі; Ақтау қаласындағы №23 жалпы білім беретін мектеп; Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейі; Білім-Инновация лицейі) еліміздің «Ең үздік 100 олимпиадалық мектептері» рейтингіне енді. Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында оқушымыз абсолютті жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленсе, химия пәнінен Халықаралық Менделеев олимпиадасы мен Қ.Сәтбаев атындағы олимпиадада жергілікті дарын иелері бір алтын мен 3 күміс және екі қола иеленулері арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің мерейін асқақтатты.
Сондай-ақ оқушыларымыз математикадан халықаралық Әл-Хорезми олимпиадасында күміс медаль, математика, физика және информатика пәндері бойынша ХХІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола медаль иеленіп, ең мықты жас математиктер қатарынан көрінді. XVII Еуразиялық халықаралық информатика олимпиадасында шәкірттер үш күміске қоса үш қоланы олжалағаны бар. Италия, Түркия және Орта Азия елдері арасындағы робототехника бойынша халықаралық чемпионаттарда ерекше жетістікке жеткен (7 алтын мен үш күміс және 2 қола медаль) озық ойлы оқушылардың үздік үлгісі көпке ортақ.
Ғылыми жобалар байқауларында үкілі үміткерлеріміз биік белестерді бағындырып, өңірдегі білім саласының жоғары деңгейін көрсетуде. «Зерде» республикалық ғылыми жоба байқауына облыс атынан қатысқан 32 оқушының жиырма тоғызы жеңімпаз атанса, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауынан үш алтын мен бес күміс және екі қола медаль алдық. Бұл айтулы жетістіктердің артында шығармашылығын шыңдаған шәкірттердің тынымсыз еңбегімен қатар ұстаздардың кәсіби шеберлігіне қоса дарынды балаларды қолдауға бағытталған жүйелі әрі кәсіби үйлестіру жұмысы тұрғанын айрықша атап айтқан абзал.
Халық даналығына сүйенсек: «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген емес пе?! Әрбір жеңіс оңай келмейді. Бұл – үлкен еңбектің, табандылық пен үздіксіз ізденістің жемісі. Облыстағы білім беру саласындағы ұстаздары да былтыр түрлі республикалық, халықаралық байқауларда табысты нәтижелер көрсетіп, өңір мәртебесін және бір жоғары сатыға көтерді. «Үздік педагог-2025» республикалық байқауында аймақ педагогтері жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында да өңір ұстаздары І, ІІ және ІІІ орындарға қол жеткізген еді.
«Алтын тұғыр» олимпиадасы мен «Математикалық прогрессия» байқауында, сондай-ақ оқу және математикалық сауаттылыққа арналған республикалық конкурс нәтижелерінде өңір өкілдері жүлделі екінші және үшінші саптан табылды. Мектепке дейінгі білім беру саласында да байқалып, «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» байқауынан жүлделі орынмен оралды. Жыл қорытындысы бойынша білім беру саласына қосқан үлесі үшін бір шоғыр педагогтер он екі аталым бойынша марапатталды.
Білім беру ұйымдары арасындағы «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында бірінші орынға Ақтау қаласындағы Мамандандырылған ІТ лицейі, екінші орынға Мұнайлы ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектеп, ал үшінші орынға Жаңаөзен қаласының №5 мектеп-гимназиясы лайық ретінде танылды. «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін үздік ұйым» аталымы бойынша Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі де жеңімпаз атанды.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында аймақтағы колледж студенттері халықаралық және республикалық кәсіби шеберлік чемпионаттарында өңір абыройын асқақтатты. «ҚР-ның 100 топ студенті» аталатын былтырғы басқауға қатысқан 10 студенттің бесеуі республикамыздың 100 үздік студенттерінің қатарына кіріп, жеңімпаздардың қатарынан көрінді. «DOSTI Skills Aktau 2025» халықаралық чемпионатында өңір студенттері Австрия, Сауд Арабиясы, Қытай, Ресей және Қазақстан қатысушыларымен бәсекеге түсіп, жүлделі орындарға ие болды.
«DalaSkills 2025» өңірлік чемпионатына еліміздің жеті өңірінен қатысқан бір жүзге жуық студенттің жиырма сегізі жүлделі орындарға ие болды. TurkicSkills аталатын халықаралық деңгейде біздің облыс орталығында ұйымдастырылған алғашқы чемпионатта түркітілдес мемлекеттердің алты елінен 43 студент бақ сынады. Дүбірлі дода барысында осы өңір атынан қатысқан Аманғали Алтынбек («Аспаз ісі») күміс медаль жеңіп алып, ең жоғары ұпай жинағаны үшін 1 000 000 теңге көлеміндегі арнайы сыйақымен марапатталды.
ҚР колледж студенттері арасындағы «Мен – кәсіпкермін» республикалық онлайн Гранд турнирінде мұнайлы өңірдің студенттері екі жоба бойынша үшінші орынды иеленді. Санкт-Петербург қаласында өткен жылдың соңында ұйымдастырылған «Профессионалы 2025» халықаралық чемпионатында маңғыстаулық бес білімгер жүлделі орындармен марапатталып, облыстың кәсіби білім беру саласындағы әлеуетін дәлелдеді.
Амантай КУМБАЕВ,
Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы, Ақтау қаласы



