Жаңа мектеп пайдалануға берілді

Облыс орталығының Гагарин көшесіндегі 58/4 мекенжайы бойынша орналасқан №47 орта мектептің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылған еді. Осынау маңызды оқиғамен ұстаздар мен оқушыларды облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашақ мектептері» бастамасы аясында өңірімізде білім беру саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда облыста 10 жаңа мектеп салынып, соның арқасында үш мыңға жуық бала сапалы әрі заманауи білім алуда, – деді өңір басшысы. «Келешек мектеп» жобасы балалардың зерттеушілік дағдылары мен шығармашылық ойлау қабілетін дамытатын жаңа буындағы білім беру кеңістіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Бұл заманауи білім ордасының құрылысы екі жыл бұрын желтоқсан айында басталған болатын. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Жаңадан бой көтерген төрт қабатты ағарту ошағында 805 оқушы білім алуда. Отыз тоғыз сынып ашылып, 75 жоғары білікті ұстаз білім беру үдерісін қамтамасыз етуде.

Сапар барысында аймақ жетекшісі тамақтану мәдениеті, дизайн және технология шеберханаларын, оқу кабинеттерін, спорт және мәжіліс залдарын, STEM-зертхананы, музыка сыныптары мен кітапхананы аралап көрді. Сондай-ақ ол шәкірттермен түрлі тақырыпта еркін әңгімелесіп, білімге ұмтылыс пен зерттеушілік дағдының маңыздылығына тоқталды.

Eurasian Resources Group (ERG) және KAZ Minerals Bozshakol компаниялары осы өңірдің әлеуметтік саладағы негізгі серіктестері. Облыс әкімдігімен бірге жасалған меморандумдар аясында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласын дамытуға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 11,1 миллиард теңгені құрайды.

Павлодар облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий