Қатарластарына үлгі жас құтқарушы

Кравченко Александр – 8 «А» сыныбының оқушысы, еңбегімен ерекшеленіп жүрген жас өрен. Қатарластары виртуалды әлемге әуес болып жүргенде, ол нақты іспен айналысып, айналасына пайда келтіруді таңдаған. Кейіпкеріміз үшін жас – кедергі емес, ал еңбек – өмірлік ұстаным. Мектепте оны «қолы алтын шебер» деп атайды. Бұл атаудың артында тек шеберлік емес, қоғамға қызмет етсем деген шынайы ниет жатыр.

Ол – батыл, мейірімді, ашық мінезді, жауапкершілікті терең сезінетіндігімен ерекшеленеді. Бұл оқушының төтенше жағдайлар қызметіне деген қызығушылығы жай әуестік емес. Ол қауіпсіздік ережелерін меңгеріп қана қоймай, өрт кезінде ұйымдастырылатын нақты шығуларға қатысып, кәсіби мамандарға көмектесіп жүр. Шарбақты ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінде оны әрдайым жылы жүзбен қарсы алады. Құтқарушылар оны тәртіпті, іске байыппен қарайтын, үйренуге құштар жас ретінде сипаттайды.

Арнайы техниканы көрсе, мамандардың әр қимылын мұқият бақылап, қажет сәтте құрал-жабдық тасуға, өрттен кейінгі ауыр жұмыста көмектесуге дайын тұрады. Бұл – болашақ құтқарушыға тән қасиет. – Осындай жастарды көргенде, ел үмітін ақтар жас буын өсіп келе жатқанына сенеміз, – дейді аудан құтқарушылары. Бұл пікірді аудандық ТЖ бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры А.Даиров та қолдап, жасөспірімнің таңдаған жолы мен табандылығы оны болашақта өз ісінің нағыз маманы ететініне сенім білдірді.

Александрдың еңбекке деген сүйіспеншілігі технология сабақтарында да айқын көрінеді. «Жас дәнекерлеуші» профильді отрядына қабылданған сәттен бастап ол металлмен жұмысқа ерекше қызығушылық танытты. Тәжірибелі ұстаздың жетекшілігімен қауіпсіздік техникасын ғана емес, берік әрі эстетикалық бұйымдар жасаудың қыр-сырын меңгерді. Оның алғашқы ірі жобасы – гүлдерге арналған сәндік бақша арбасы.

Ал мектеп кіреберісін безендіріп тұрған металл шыршалар – оның еңбегінің тағы бір жарқын нәтижесі. – Металлмен жұмыс істеу бұл оқушыға өзін танудың сәтін сыйлады. Шын еңбек виртуалды әуестіктен әлдеқайда қанағаттандырады, – дейді еңбек пәнінің мұғалімі, №2 мектептің ұстазы Бояров Юрий Владимирович.

Павлодар облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий