Кәрім Мыңбаевтың ғылыми идеялары заманауи контексте
Кәрім Мыңбаевтың туғанына 120 жыл толуына қалалық білім басқармасының қолдауымен жергілікті әдістемелік орталықтың бастамасы бойынша өткен аптада көрнекті қазақ ғалымының атындағы елордалық №59 мектеп-лицейде «Инновациялар мен сабақтастық: Кәрім Мыңбаевтың ғылыми идеялары заманауи контексте» тақырыбында республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған болатын. Іс-шараның басты мақсаты – Кәрім Мыңбаевтың идеяларын насихаттау, пәнаралық ғылымды, білім алушылар мен педагогтердің ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, жаратылыстану-ғылыми және гуманитарлық бағыттағы педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына бағытталған.
Жиынға бейіндік ведомство мен Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, С.Торайғыров университетінің «Мониторинг» ғылыми-зерттеу орталығы, Мемлекет тарихы институтының ғылыми-ақпараттық бөлімі өкілдері, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих кафедрасының оқытушылары, жаратылыстану пәнінің мұғалімдері қатысты. Конференцияда білім алушылар мен педагогтердің ғылыми-зерттеу дағдыларын дамыту, заманауи ғылым мен білімнің өзекті мәселелері талқыланды. Төрт секцияның жұмысы барысында ғалымның ғылыми және тарихи мұрасын зерттеу, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың пәнаралық байланыстарын дамыту, білім алушыларды зерттеу іс-әрекетіне ынталандыру, педагогикалық тәжірибемен алмасу, мектептер, лицейлер, жоғары оқу орындарының өзара қарым-қатынасын нығайту бағытында баяндамалар тыңдалды.
Пленарлық отырыста академик Аюп Искаков пен профессор Мақсат Алпысбес бастаған ғалымдар Кәрім Мыңбаевтың аграрлық ғылымдағы ізі мен тарихи мұрасын бүгінгі заманмен байланыстыра отырып талдады. Руслан Каратабановтың ЖИ-дидактика (жасанды интеллект) бойынша жасаған баяндамасы педагогтер арасында үлкен қызығушылық тудырып, білім берудегі цифрлық трансформацияның маңыздылығын көрсетті. Конференцияның ең маңызды жаңалығы ретінде №59 мектеп-лицейдің мұғалімдері әзірлеген 7–10-сыныптарға арналған «Мыңбаевтану» элективті курсының мазмұны талдануын айрықша атап айтқан абзал.
Маңызды басқосуға ғалымның немересі, қарындасы, Мыңбаевтанушы ғалымдар және еліміздің әр аймағынан арнайы келген бірнеше жүздеген қатысушы жиналып, экологиялық тәрбие мен жаратылыстану пәндерін оқытудың жаңа әдістерін талқылады. Әсіресе, жас зерттеушілердің танымал тарихи тарлан тұлғаның құнды еңбектеріне сүйене отырып жасаған ғылыми ізденістері мен ой-тұжырымдары көпшілікке үлкен әсер қалдырды. Бұл жүздесу ғұламаның ғылыми мұрасын жаңаша зерделеуге, идеяларын қазіргі заман талаптарымен ұштастыруға мүмкіндік берген мазмұнды алаң болғаны даусыз.
– Құрметті конференция қонақтары, қадірлі ғалымдар мен зерттеушілер, білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар қауымы және жас ізденушілер! Баршаңызды Қазақстан ғылымы мен білім беру саласының көрнекті өкілі, академик Кәрім Мыңбаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл конференция – ұлттық ғылым тарихындағы тұлғалардың ғылыми мұрасын зерделеуге, олардың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін жас ұрпақ санасына жеткізуге бағытталған маңызды алаң, – деді сала жетекшісінің атынан құттықтау лебізін білдірген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Зейнеп Махсутова.
– Кәрім Мыңбаев – отандық биология және ауыл шаруашылығы ғылымдарының дамуына ерекше үлес қосқан, қазақ ғылымының іргетасын қалаушылардың бірі. Оның ғылыми қызметі терең ізденіспен, кәсіби жауапкершілікпен және мемлекет мүддесіне адал қызмет етумен ерекшеленеді. Ғалымның өмір жолы – бүгінгі педагогтер мен жас зерттеушілер үшін табандылықтың, ғылымға адалдықтың және отансүйгіштіктің айқын үлгісі. Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалары аясында ұлттық зияткерлік әлеуетті арттыру – білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі болып отыр.
Зейнеп Әбдіжүсіпқызының мәлімдеуінше, осы тұрғыдан алғанда, мұндай ғылыми-тәжірибелік конференциялар оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және білім мен ғылымның өзара сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді. Астана қаласындағы К.Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейдің ғылыми бағыттағы жүйелі жұмысы мен педагогикалық бастамалары жалпы орта білім беру ұйымдары үшін озық тәжірибе ретінде бағалауға лайық.
– Осы конференция аясында ұсынылатын баяндамалар мен ғылыми жобалар жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырады деп сенемін. Осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барлық әріптестерге ҚР Оқу-ағарту министрлігі атынан алғысымды білдіремін. Баршаңызға мазмұнды ғылыми пікір алмасу, жаңа идеялар мен нәтижелі ынтымақтастық тілеймін, – деп қорытындылады сөзінің соңын ол.
Ұлы дала тұлғасы, ВАСХНИЛ академигі, қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев жайлы Мыңбаевтанушы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, публицист Кәрім Мыңбаевтың туысы Нұрхан Хамзеұлы Мыңбаев естелік әңгімесін айтып, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді. Және осы шараны ұтымды ұйымдастырған қалалық білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың мамандары және ұйымшыл ұстаздар ұжымының жаңашыл жетекшісі Сұлтанова Гүлжазира Әлімханқызына, таңдап алынған түрлі тақырыптарға сай жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарын ортаға салған ізденушілердің барлығына ризашылық алғысын білдірді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ел тарихы ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дүйсен Сейітқали Жахияұлының «Кәрім Мыңбаев және оның заманы» баяндамасы; КеАҚ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Ғылым және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің жетекші маманы Сенкебаева Дилора Тажибаевнаның «Кәрім Мыңбаевтың ғылыми идеялары ғылыми контексте» зерттеуі; Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейдің биология пәнінің мұғалімі, биология магистрі Қармақбай Асылбек Өсербекұлының «Мыңбаевтану» 7–10- сынып оқушыларына арналған элективті курсы көптің көңілінен шыққаны даусыз.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...



