Өңірлердің дамуындағы білім мен ғылым саласының маңызы

Қазақстан Республикасының Үкіметіндегі ақпан айының 6-сы күнгі кезекті жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида БАЛАЕВАНЫҢ төрағалығымен Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік саласын дамыту мәселелері бойынша кездесу ұйымдастырылды. Бұл басқосуға салалық министрліктердің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Отырыс барысында өңірдің денсаулық сақтау саласында халық денсаулығының жекелеген көрсеткіштері бойынша оң өзгерістер байқалғаны атап өтілді. Шығыс Қазақстан облысы – былтыр ана өлімі тіркелмеген санаулы өңірлердің бірі. Сонымен бірге медицина мамандары тапшылығына байланысты жүйелі мәселелердің бар екені және бір жастағы балаларды вакцинациялау көрсеткіші бойынша өңірде белгіленген меже орындалмағаны айтылды. Облыста ғылымды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл сала бойынша нақты нәтижелер бар.

Атап айтқанда алты жүз алпыс төрт ғылыми жұмыс жарияланып, 67 әзірлеме өндіріске енгізілген. Өңірде өңдеу өнеркәсібіне арналған кобальтсыз қатты қорытпалар әзірленуде, сондай-ақ травматология мен ортопедияда қолданылып жатқан жиырмадан астам медициналық имплантат түрі жасалады. Сонымен қатар облыста орта білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді. Өңірде қосымша назар аударуды талап ететін негізгі бағыттар айқындалды.

Мәселен, оқушылардың оқу сауаттылығын, математика және жаратылыстану-ғылыми бағыт бойынша сауаттылығын жүйелі түрде дамыту жұмыстарын күшейту қажеттігі көрсетілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желісі бойынша өңірде жұмыссыздар саны, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықтың артқаны байқалады. Ведомство деректеріне сәйкес, өндірістік жарақаттану мәселелеріне де айрықша өзекті. Өңірде туристік инфрақұрылымды, навигация мен саланы ақпараттық қолдауды, сондай-ақ инклюзивті спортты дамыту қосымша назар аударуды қажет етеді.

Министрлер осы аймақтағы медицина, білім, туризм, спорт және әлеуметтік сала бойынша баяндама жасап, соңғы көрсеткіштерге мән берді. Денсаулық сақтау саласында соңғы бір жылда туберкулезбен ауырғандар көрсеткіші 7,1 пайызға, қант диабетіне шалдыққандар 9,6 пайызға төмендеген, ана өлімі тіркелген жоқ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Шығыс Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы студенттер саны соңғы үш жылда 31,2 пайызға артқанын, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін өңірде Жаңа мамандықтар атласының құрылғанын жеткізді.

Бұл атлас энергетика, ядролық физика, авиация, педагогика және өзге де салалардағы кадр тапшылығы мен еңбек нарығының сұранысын жинақтайды. Нәтижесінде мамандар нақты экономикалық қажеттіліктерге қарай дайындалады. Сонымен қатар Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі Лу Бань шеберханасының жұмысы жоғары бағаланды. Ғылымды дамыту үшін де біршама шаралар қолға алынған. Бүгінде аймақта Ғылым жөніндегі кеңес құрылып, оған аймақ жетекшісі Нұрымбет ұлы жетекшілік етеді. 2024-2025 жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі үш есеге артты.

Инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы өңір педагогтерінің жұмысы үздіктердің бірі ретінде танылып, инклюзияға арналған кадрлар даярлайтын мамандандырылған факультет ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мектепке дейінгі білім беру саласында аймақ көшбасшылар қатарында: екіден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші толық жүз пайызды құрайды.

Жиналыс барысында облыс әкімі білім беру ұйымдарында балаларды тегін тамақпен қамту барысындағы табысты есептеу жүйесіне өзгеріс енгізуді, Президенттің Шығыс Қазақстанда «Артек» балалар орталығын ашу бойынша тапсырмасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұрады. Аида Ғалымқызы бұл ұсыныстардың жіті қаралатынын айтып, Шығыс Қазақстанда Мемлекет басшысының реформаларына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізуді және халықтың өмір сапасын жақсарту бағытындағы шараларды ары қарай жалғастыруды тапсырды.

– Облыстағы ғылыми зерттеулердің басым бағыттары – металлургия, энергетика, көлік, цифрлық технологиялар, экология, агроөнеркәсіптік кешен және медицина салалары. Ғылыми-өндірістік инфрақұрылым, оның ішінде бизнес өкілдерінің қатысуымен құрылған зертханалар, тәжірибелік алаңдар мен инженерлік шеберханалар қарқынды дамып келеді. Соңғы екі жылда ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі үш есеге артты, мемлекеттік, халықаралық және тапсырыстық зерттеулерді қоса алғанда, екі жүз елуден астам жоба іске асырылуда, – деген болатын оның алдында ғылымды дамыту мәселелері талқыға салынған ел Үкіметінің кезекті отырысында осы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасаған Нұрымбет Аманұлы.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінде травматология және ортопедия саласына арналған медициналық мақсаттағы бұйымдар әзірленіп, өндіріске енгізіліп жатыр. Олардың ішінде имплантаттардың екі түрі клиникалық зерттеулерден толық өткен, 4 түрі клиникалық зерттеу кезеңінде, ал он төрт түрі Астана қаласындағы Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия орталығында клиникалық сынақтан өтуге дайын.

Сәтті іске асырылып жатқан жобалардың қатарында облыстың үш аумағында енгізілген көшкін қаупін автоматтандырылған мониторингтеу жүйесі бар. Бұл тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сирек және аса маңызды металдар үшін жаһандық бәсекелестік күшейіп отырған жағдайда, жаңа жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу үшін әзірлемелердің технологиялық дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін Сирек металдарды зерттеу орталығын құру бойынша жұмыстар басталды.

– Осы университеттің қолданыстағы ғылыми-зерттеу және зертханалық инфрақұрылымы қажетті технологиялық тізбектің шамамен 60 пайызын қамтамасыз етіп отыр, бұл жобаны іске асыру мерзімі мен шығындарын едәуір қысқартуға жағдай жасайды, – деді облыс әкімі. Қазіргі уақытта аймақтың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленіп, келісу кезеңінен өтуде.

Бұл құжатта өңірдің бәсекелестік артықшылықтарын іске асыру мақсатында Шығыс Қазақстанда сирек жер элементтері мен сирек металдарды толық өңдеу циклымен өндіру жобасын іске қосу көзделген. Аида Балаева жиын қорытындысы бойынша әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий