Жұмыстар қорытындыланып, жоспар таныстырылды

Жергілікті білім бөлімі тарапынан былтырғы жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, биылғы атқарылатын жоспар таныстырылды. 2025 жыл қалалық білім саласы үшін толағай табыстар мен жаңа бастамаларға толы болғаны айрықша атап айтылды. Қаладағы білім беру мекемелерінде оңды өзгерістер орын алып, білім беру мен тәрбиелеу ісіндегі өзекті мәселелер оң шешімін тапқан.

– Бүгінде шаһарда екі жүз қырық тоғыз білім беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Оның сексен алтысы жалпы білім беретін мектеп болса, 152-сі мектепке дейінгі ұйымдар. Мектептен тыс мекемелер саны – алты. Жалпы білім беретін мектептерде 59 мың 508 оқушы білім алып жатса, мектепке дейінгі ұйымдарда 2-6 жас аралығындағы 17 мың 776 бала тәрбиеленуде. Мектептен тыс мекемелерде 3429 бала түрлі үйірмелерге қатысады. Жалпы білім беру ұйымдарында 5606 педагог жұмыс істесе, балабақшаларда 1389 тәрбиеші тер төгіп жүр, – деді білім бөлімінің басшысы Төлімбет Бақытжан.

– Балабақшамен қамту көрсеткіші толық жүз пайызға жеткен. Нәтижесінде бұл қала білім сапасы бойынша облыс көлемінде алдыңғы орында тұр. Өткен оқу жылында 178 оқушы «Алтын белгіге», екі жүз елу шәкірт «Үздік аттестатқа» ие болды. Тоғызыншы сыныпты бітіргендер арасында 350 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 11-сыныпты бітірген 3063 оқушының 2468-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, сынақты сәтті тапсырған екен. Бітірушілердің 53,1 пайызы мемлекеттік грант негізінде оқу орындарына қабылданыпты.

Оқу-ағарту министрінің бұйрығы негізінде биылдан бастап бөлімге қарасты білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылып жатыр. Және балалар лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Лагерьге қосымша екі жүз орынды он модульді жатақхана орнатылғанын естідік. Осылайша қала сыртындағы лагерьде 1450 бала тегін демалды. Психологиялық профилактикалық жұмыстар, психологиялық тренингтер, жеке және топтық түзету, дамыту жұмыстары жүргізілу үстінде.

Жүйелі жұмыстар нәтижесінде өзіне-өзі қол жұмсау фактілері азайғаны айтылды. Былтыр төрт мектепке күрделі жөндеу және жеті білім беру ұйымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта тоғыз балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Қайта жаңғырту бағдарламасына 11 мектеп енгізілген. Олардың төртеуі былтыр қайта жаңғыртылыпты. Екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Яссы» секторы мен «Жаңа қала» мөлтек ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 және 2000 орынды мектеп ашылды.

Түркістан қаласындағы 38 мемлекеттік мектеп толық жүз пайыз интернетпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мектептерде оқулық тапшылығы жоқ. Бөлімге қарасты 4 мектеп пен екі балабақша орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады. Отыз төрт мектеп, 19 балабақша және алты мектептен тыс мекеме сұйытылған газ қазандығын пайдаланады.

Мектептер мен балабақшаларда жылуға байланысты мәселе туындаған емес. Білім мекемелері түгелдей «Фаворит» жүйесімен жұмыс істеуге көшіріліп, салық төлемдері дер кезінде жүргізіліп жатыр. Осыған дейін жеке ғимараты болмаған үш мектептен тыс мекеме жаңа нысанға қоныстанып, үш ауысымдылық мәселесі толығымен жойылған. Апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Барлық мектепте ішкі әжетхана жұмыс істеп тұр.

Лина ҚАСИЕТ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий