Мемлекеттік тілде оқытатын мектеп ашылды

Рудный қаласында тоғыз жүз орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын №8 жалпы білім беретін жаңа мектеп ашылды. Осы айтулы күнді оқушылар және олардың ата-аналары асыға күткен болатын.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөзінде: – Осы мектептің ашылуы ел Тәуелсіздігінің отыз бес жылдығымен, сондай-ақ қазақ халқының ұлы ағартушысы, біздің жерлесіміз Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Келешек мектептері» Ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде өңір қалалары мен аудандарында 4500 орындық алты білім ордасы пайдалануға берілді. Біздің өңіріміз ел Президентінің тапсырмасын орындады. Ендігі мақсат – осы мектептің әлеуетін тиімді пайдаланып, балаларға сапалы білім беру және ел дамуына үлес қосатын азамат етіп тәрбиелеу. Жаңа мектеп құтты болсын! Баршаңызға сәттілік, мектеп ұжымына жемісті еңбек пен толағай табыстар тілеймін!, – деді.

Осы шағын шаһардың Құрметті азаматы, педагогикалық еңбек ардагері Ғабдолла Ахметжанов мектептің ашылуына жиналған қауымды құттықтап, өз батасын берді. Бірінші сынып оқушысының әжесі Рашила Каленова жаңа мектеп өз оқушыларының екінші үйі болатынына сенімді. – Мектепте балаларымыздың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндіктер жасалған. Мұнда білім алған оқушылар тәуелсіз мемлекетіміздің патриоттары, белсенді және саналы азаматтары болып өседі деген сенімдемін, – деді.

Заманауи үлгідегі ағарту ошағында оқушылардың қабілеттерін ашуға барлық жағдайлар жасалған. Кіші, орта және жоғары буын үшін жеке блоктар қарастырылған. Химия, биология, физика, информатика, робототехника пәндік кабинеттері, сондай-ақ STEAM-зертхана оқушылардың зерттеу мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді. Оқу кабинеттері компьютерлік жабдықтармен, интерактивті тақталармен, шет тілдер кабинеттері – лингафондармен жарақталған.

Мектепте қажетті құралдарымен 3 спорт залы, хореография залы, жайлы асхана бар. Еңбекке баулу шеберханаларында станоктар және тігін жабдықтары қойылған. Аулада оқушыларды жан-жақты дамыту үшін қозғалыс ойындарға және демалуға арналған алаңдар орнатылған. Ұйымшыл ұстаздар ұжымының жаңашыл жетекшісі Қымбат Бірманова мектеп ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделгенін атап айтты: мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифт, пандустар жұмыс істейді, арнайы санитарлық бөлмелер жабдықталған, инклюзияны қолдау кабинеті қызметін бастады.

Алтыншы сынып оқушысы Ажар Рүстемова өз қуанышымен бөлісті: – Мектептің кітапханасы өте үлкен екен! Кітап қоры бізге оқуда қажет және қосымша еліміздің тарихи, мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік береді. Ыңғайлы және жайлы коворкинг аймақтар мен өнер студиясын көріп таңғалып отырмын, осы жерде болашақта іске асыратын шығармашылық жоспарларымыз өте көп!

Бұл мектеп осы аймақ бойынша Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өңірлік үйлестірушісі қызметін атқарып, осы салада халықаралық тәжірибе алмасу бойынша белсенді жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Кеншілер қаласы үшін мектепте алпыс екі жаңа жұмыс орнының ашылуы маңызды. Оның 34-і педагогтер, оларға сапалы білім беру және оқушылардың зияткерлік, спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жасалған қолайлы жағдайларды толығымен пайдалану міндеті қойылып отыр.

Оқырмандардың есіне салсақ, облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметтің негізінде Ұлттық жоба аясында күні бүгінге дейін қысқа мерзім аралығында төрт мың бес жүз оқушыны қабылдауға қауқарлы алты білім шаңырағы шәкірттерге есігін айқара ашқанын білдік: Арқалық қаласында (300 орын), Қостанай ауданының Заречный ауылында тоғыз жүз орын, екі мектеп Қостанай қаласында (1200 және 900 орын), Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында үш жүз орын және Рудный қаласында (900 орын).

Әсел НҰРЛАНҚЫЗЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий