Қазақ мифологиясы гравюра тілінде жаңаша өрнектелді

Біздің жоғары оқу орнындағы өнер факультеті «Жасампаз» галереясында «Мифтік код» атты линогравюра, литография және офорт көрмесі AP25796905 ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды («Design Thinking тәсілін қолдану арқылы көркем білімдегі қазақ мифологиясы мен гравюрасын модификациялау»).

Жоба қазақ мифологиясы мен гравюра дәстүрін көркем білім беру тәжірибесінде жаңғыртып, Design Thinking тәсілдері арқылы шығармашылық ойлауды жүйелеуге бағытталған. Экспозиция студенттік жұмысты тек дайын өнім ретінде емес, ізденіс, талдау, композиция құру, баспаға түсіру және рефлексия кезеңдері арқылы қалыптасатын жобалық оқыту нәтижесі ретінде ұсынды.

Көрмеде қазақ мифологиясының архетиптері мен символдары (таңба, қорғаныш мотивтері, уақыт пен шеңбер идеясы, табиғат пен кеңістік кодтары) заманауи графика тілінде жаңаша пайымдалған. Линогравюрадағы контраст, литографиядағы жұмсақ пластика және офорттағы фактуралық тереңдік авторлық қолтаңбаларды айқындай түседі. Көрме аясында қонақтар студенттік жұмыстармен танысып, авторлармен пікір алмасып, гравюра өнерінің білім беру кеңістігіндегі маңызын атап көрсетті.

Бұл іс-шара Өнер факультетінің теориядан, тәжірибеге бағытын нақты нәтижемен бекіткен маңызды мәдени-академиялық оқиға болды. Ұйымдастырушыларды атап айтсақ, жобаның ғылыми жетекшісі – философия докторы (PhD) Карим Алимханұлы; жобаның ғылыми кеңесшісі – п.ғ.к., профессор м.а. Шайғозова Жанерке Наурызбаевна.

Және гравюра шеберханасының оқытушылары – Ордабеков Темирхан, Найманов Бауыржан Тоқтарович, Қапленов Магауия Ғабдул-Муталипович. Өнер факультеті көрмеге қатысқан студенттерге, қолдау білдірген әріптестер мен қонақтарға алғыс білдіреді. Алдағы уақытта үздік жұмыстарды каталогтау және кең аудиторияға ұсыну жоспарлануда.

Карим БАЙГУТОВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы Өнер факультетінің деканы, философия докторы (PhD), «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий