Биліктен бұрынғыша білім мен ғылымға басымдық берілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өткен аптаның сейсенбі күні, яғни ақпанның 10-ында ел Үкіметінің кеңейтілген кезекті отырысына қатысып, сөз сөйлеуі барысында тәуелсіз жұртымыздың жаңа нұсқадағы Конституция мәтінінің жобасында Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалғанына тоқталды.
– Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз және аумақтық тұтастығымыз мызғымас құндылықтар болып қала береді және еліміздің унитарлығы, жерінің тұтастығы мен басқару нысаны ешқашан өзгермейді деген аса маңызды сөздер бар. Ата Заңымызда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі. Бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады. Мемлекеттік тұрғыдағы маңызды мәселелердің біразын жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
– Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне мәтінді, кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. Бұл өте қауіпті. Сондықтан көп оқыңыздар. Білім саласында бірқатар жүйелік проблемалар бар екенін Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Олар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға да, мемлекеттің мектептер мен жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктеріне де қатысты.
ҚР Президентінің мәлімдеуінше, білім саласындағы «экономизация», яғни қаржыны текке шашпай, жүйелі жұмсау үдерісін жалғастырған жөн. Бұл ретте балабақшадан бастап университеттерге дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін түбегейлі арттыруға баса мән беру қажет. Жаңа деректер анықталғаннан кейін бұл маңызды міндетке айналды. Маман даярлау ісі экономиканың нақты секторларында жасанды интеллект пен жаңа технологияларды игеру қарқынына ілесе алмай отыр. Оқу бағдарламалары мен стандарттары жаңарып үлгергенше, мамандықтар өзгеріп кетіп жатыр.
– Демек жай ғана IT-мамандардың санын көбейту және жалпы цифрлық дағдыларды үйрету жеткіліксіз. Елімізге жасанды интеллектті кез келген салада қолдана білетін кәсіби мамандар қажет. Олар нақты жұмыс орындарындағы еңбек өнімділігін арттырады. Осыған орай Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекет пен жеке серіктестік негізінде Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырамын. Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқарғаны дұрыс. Өйткені бизнес тезірек бейімделеді әрі нарық талаптарын жақсы біледі, – деді Мемлекет басшысы жоғары атқарушы билік құрылымындағы құзыреттілерге қарап.
Премьер-министр Олжас Бектенов келесі күні ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша ұйымдастырылған шұғыл кеңес шеңберінде білім беру мен денсаулық сақтаудағы жүйелі мәселелерді, оның ішінде цифрландыру және шығыстардың ашықтығын арттыру арқылы шешу міндеттерін қойды. Кадр даярлау, медициналық ақпараттық жүйені цифрландыру, үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыруға, сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне әлеуметтік көмектің түрлі нысандарын біріктіруге ерекше назар аударылды.
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері Қаржы министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде білім берудің барлық деңгейінде бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке ұсыныстар енгізуі қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, биылғы сәуір айының біріне қарай Кәсіптерді трансформациялаудың ұлттық орталығын құруы керек. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландыруды реформалау тәсілдерін ұсынды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті тапсырмаларын орындау шеңберінде жекеменшік мектептерді қаржыландыру өңірлердің қажеттілігін ескере отырып, басым жобаларға шоғырландырылатын болады, сондай-ақ олардың стандарттарға сәйкестігін бақылау күшейеді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру нәтижелері және оны кеңейту жоспарлары жеке ұсынылған; былтырғы жылдың қорытындысы бойынша үнемдеу 25,7 миллиард теңгені құраған.
– Көріп отырғанымыздай, алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы өте үлкен. Мемлекет басшысы атап өткендей, ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Тағы да қайталап айтамын, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуы тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі керек, – деді осы басқосуды қорытындылаған сөзінде Олжас Абайұлы.
ҚР Мәжілісінің ақпан айының төрті күнгі кезекті отырысында осы төменгі палатаның депутаттары «Respublica» партиясы Фракциясының мүшелері» Нұргүл Тау, Айдарбек Қожаназаров, Олжас Құспеков, Айтуар Қошмамбетов, Динара Наумова, Екатерина Смолякова Қазақстан Республикасының Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваға жолдаған бірлескен депутаттық жазбаша сауалдарында балалар легерінің мәселелерін қозғаған еді. Халық қалаулыларының айтуынша, елімізде жыл сайын тек жаз айларында көтеріліп, маусым аяқталған соң қайта ұмыт қалатын өзекті мәселе бар.
Ол балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және балалар лагерьлерінің қауіпсіздігі мен қызмет сапасын мемлекеттік деңгейде жүйелеу. Мәліметтерге сүйенсек, алдыңғы жылы республикада: жыл бойы жұмыс істейтін 17 сауықтыру орталығы қызмет көрсеткен, онда он тоғыз мыңға жуық бала демалған, оның ішінде тек екі орталық қана жекеменшік (1,2 мың бала) иелігінде. Сондай-ақ 192 маусымдық лагерьде екі жүз жиырма бес мың бала демалған. Оның бір жүз жиырмасы – мемлекеттік лагерь (141 мың бала), жетпіс екісі – жекеменшік лагерь (84 мың бала).
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде бес жүзге жуық балалар лагері болғанын ескерсек, бүгінгі күні олардың саны екі жарым есеге азайғанын және балалардың басым бөлігі лагерьлермен қамтылмайтынын көрсетеді. Ресми статистикаға сәйкес, елімізде жалпы балалардың саны жеті миллионға жуық, мектеп жасындағы балалар саны 4 миллионнан асып отыр. Сұранысқа сәйкес жекеменшік сектор заман талабына сай, бала демалысына қолайылы етіп, өз жер телімдеріне қала сыртындағы лагерьлер салып жатыр. Алайда, олардың жұмысы жүйелі түрде заңдастырылып, бизнес субъектілері құқығының қорғалмауы және мемлекет тарапынан лайықты қолдау таппауы саланың дамуын тежеуде.
Сол себепті де нарыққа тек пайданы көздеген кәсіпкерлер еніп, материалдық-техникалық базасы өте төмен, мамандарының кәсіби құрамы сай келмейтін балалар лагерьлерін ашып, төмен сападағы қызмет көрсетіліп жатыр. Оған соңғы жылдарда тіркелген бірқатар жайттар мысал бола алады: 2023 жылы Алматы қаласының балаларын «Сауна» орнында ашылған лагерьге жіберіп, бүкіл ел шулаған еді; Шымкентте «Үш бұлақ» лагерінде белгіленген 220 бала орнына үш жүз он бала қабылданған; сол секілді, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес: 2024 жылы 157 лагерь объектісінде 1237 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталған, алпыс төрт объект (40 пайыз) талапқа сай емес жағдайда жұмыс істеген.
Бұл жағдайлар жекеменшік балалар лагерьлерін бақылау мен лицензиялау жүйесінің жоқтығы мемлекеттік саясаттағы олқылық екенін көрсетеді. Лицензиялау 2025 жылдан енгізілуі тиіс еді, алайда кейін бұл талап биылға кері шегерілген. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін төмендегі шараларды қабылдауды ұсынамыз, – дейді ол. Біріншіден, балалар лагерьлерін лицензиялауды кейінге қалдырмай, 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу. Оның талаптарын арнайы құрылған жұмыс тобында жекеменшік лагерьлері өкілдерімен бірге пысықтап, әзірлеу.
Екіншіден, Премьер-Министрдің бұрынғы Өкімі негізіндегі мемлекеттік үйлестіру механизмін қайта енгізу. Қазіргі таңда балалар демалысы ведомствоаралық меморандуммен ғана реттеледі. Бұл жеткіліксіз. Үшіншіден, балалар лагерьлері үшін жеке ОКЭД кодын енгізу. Қазіргі жіктеуде балалар лагері қонақүй немесе база ретінде көрсетіледі, бұл сала сипатын толық ашпайды. Төртіншіден, жекеменшік лагерьлерге мемлекеттік қолдау шараларын енгізу. Нақтырақ айтқанда: «Даму» қоры арқылы төмен пайызды несие, жан басына шаққан қаржыландыру, инфрақұрылымдық қолдау тетіктері қажет.
Бесіншіден, мемлекеттік сатып алуда «ең төмен баға» принципінен, яғни демпингтен бас тарту. Бұл сапаның теңсіздігіне әрі жоғарыда аталғандай «Сауна» орындарында лагерьлердің ашылуына алып келеді. Алтыншыдан, балалар демалысын электронды автоматтандырылған форматта жанбасылық қаржыландырумен жүзеге асыру ұсынылады. Балалар лагері – жай ғана маусымдық қызмет емес, бұл – баланың денсаулығы, қауіпсіздігі және құқықтарының сақталу мәселесі. Үкіметтен жоғарыда көрсетілген ұсыныстар бойынша нақты жауап және жүзеге асыру жоспарын күтеміз, – деп жазылған депутаттық сауалдың соңында.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...
