Әже өнегесі – ұрпаққа бағдар

Павлодар ауданының Шақат ауылындағы Шақат жалпы орта мектебі базасында «Ұрпаққа үлгі — ұлтқа аманат» тақырыбымен облыстық Даналық мектебінің аналар мен әжелер клубының форумы ұйымдастырылды. Мазмұнды басқосу ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас буынның рухани-адамгершілік бағдарын айқындауға арналды.

Форумның негізгі мақсаты – саналы тәрбие мен өмірлік өнегені кейінгі буынға аманат ету. Аналар мен әжелердің парасатты пайымы, ісмерлігі мен өмір тәжірибесі ұлттық тәрбиенің сарқылмас қайнары екені айқын көрінді. Салтанатты ашылудан кейін пленарлық бөлімде отбасы институтының қоғамдағы рөлі, ұлттық тәрбиенің заманауи білім кеңістігіндегі маңызы және ана мен әженің бала тәрбиесіндегі орны кеңінен талқыланды.

Даналықтың ұрпаққа бағыт пен бағдар беретін шамшырақ екендігі айрықша атап айтылды. Жүздесу аясында алты секциялық алаң жұмыс істеді. «Берекелі диірменде» дәстүрлі тағам әзірлеу мәдениеті таныстырылса, «Білгенге маржанда» жүн өңдеудің әдіс-тәсілдері көрсетілді. «Жұмсақ өрнекте» киіз басу өнері дәріптеліп, еңбектің бірлікпен ұштасатыны айтылды.

«Ұрпақтар кездесуі» алаңында өмірлік тәжірибе мен тәрбие жайлы сыр-сұхбат өрбіді. «Дастархан ырысында» ас әзірлеу мен қонақжайлық дәстүрі насихатталса, «Ethno Art Lab» шығармашылық кеңістігінде ұлттық әшекейлер жасалып, ою-өрнек мәні түсіндірілді.

Қорытынды бөлімде секциялық жұмыстар сараланып, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы бастамаларды жалғастыру қажеттігі айтылды. «Ұрпаққа үлгі — ұлтқа аманат» форумы өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды алаңға айналып, ұлттық тәрбиенің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий