Павлодар облысы: Сахна төрінде күмбірлеген рух
М. М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында облыстық домбыра ансамбльдерінің «Күй шебері – 2026» байқауы қорытыланды. 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан өнер додасы биыл да жас домбырашылардың шеберлігін шыңдап, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін айқындай түсті, – деп хабарлайды Павлодар облысы білім басқармасының бапсасөз қызметі.
Сахна төрінде күмбірлеген күй көрерменге ерекше рухани әсер сыйлап, қазақтың бай музыкалық мұрасын ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды. Байқауға облыстың жалпы білім беретін мектептері мен қосымша білім беру ұйымдарының домбыра ансамбльдері қатысып, ұлттық нақыштағы шығармаларды жоғары деңгейде орындады.
– Біз бұл байқауға ұзақ дайындалдық. Сахнаға шыққанда толқыдық, бірақ күйді ойнай бастағанда бәрі ұмытылып кетті. Домбыра – біздің жүрегіміз, – дейді М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы «Мұрагер» ансамблінің оқушысы. Он жылдан астам уақыт ішінде «Күй шебері» өңірдегі жас домбырашылардың өнерін шыңдайтын маңызды мәдени алаңға айналды.
«Күй шебері – 2026» қорытындысының Гран-приы Павлодар қаласының «Қос ішек» ансамблі (Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты). Бірінші орын «Мұрагер» ансамблі, М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайы (жетекшісі: Сәрсебеков Батырбек Жақсылықович). Екінші орын Ақсу қаласы Балалар шығармашылық үйі (жетекшісі: Уәлиев Қуанышбек Жалелович) мен Павлодар қаласындағы Б. Момышұлы атындағы мектеп (жетекшісі: Орынбаев Алмат Жасқайратұлы).
Загрузка...Үшінші орын «Достық» ансамблі, Қ. Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі (жетекшісі: Апушева Әлия Әбішевна; Ақтоғай ауданы Нығманов атындағы орта мектебі (жетекшісі: Қожмағанбетов Азамат Оразбекович); Павлодар қаласының №48 мектеп «Өнеге» домбыра ансамблі (жетекшісі: Солтанова Гүлжанат Сәрсенбаевна); Павлодар ауданының Луганск мектебі (жетекшісі: Баймағамбаева Светлана Табысовна). «Күй шебері – 2026» тағы бір мәрте ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеді. Домбыра үні – ұлт үні.
