Кішкентай наубайхана – үлкен арман
Баянауыл ауданындағы Қаражар негізгі мектебінің сегізінші сынып оқушысы Ерасыл Қанат – қарапайым ғана ауыл баласы. Бірақ оның күнделікті еңбегі көпшілікке ой саларлық. Ол компьютерлік ойындарды ұнатады, физика мен тілдерді қызығып оқиды. Үйінде – ата-анасына көмекші, екі қарындасына қамқор аға. Ал кеш түсе келе ол – шағын наубайхананың иесі.
Арманы – соңғы үлгідегі телефон сатып алу. Біреу үшін бұл жай ғана гаджет болса, Ерасыл үшін – мақсат. Ол телефонды ата-анасынан сұрап алмай, өз еңбегімен табуды жөн көрген. Арманына қол жеткізу үшін он жеті мың тоқаш сату керек екен. Қазірдің өзінде күн сайын 50–70 тоқаш пісіреді. Кейде бір жүзден асады. Кешкісін 5–7 үйге, кейде оннан астам отбасыға таратады. Қазіргі таңда ауылдастарынан арнайы тапсырыс қабылдай бастады.
Жас кәсіпкердің тәттілеріне ауылда сұраныс бар. Біз кішкентай кейіпкеріміздің үйіне арнайы барып, ата-анасымен тілдестік. Анасы Зура Сапаровна – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ұлының еңбекке ерте араласуына отбасы тәрбиесінің ықпалы зор екенін айтты. Өзі бос уақытында тігін тігеді. Ұқыптылық пен жауапкершілік – осы үйдің басты қағидалары дейді анасы.
Әкесі табиғатты суретке түсіруді ұнатады. Таудағы жануарлар мен ауыл көріністерін объективке сыйдырады. Шығармашылыққа жақындық пен еркін ойлау Ерасылдың да мінезінен байқалады. Ерасыл – бірде жуас, бірде тік мінезді, бірақ жүрегі жұмсақ, алғыр, қайсар бала. Қазір ол тек телефон үшін емес, жақсы тоқаш пісіретін пеш алу үшін де жұмыс істеп жүр.
Бұл – жай ғана тоқаш туралы әңгіме емес. Бұл – еңбек туралы, жауапкершілік туралы, арманға адалдық туралы оқиға. Қарапайым ауыл баласының табандылығы үлкен тәрбие мектебіне айналып отыр. Осындай мақсатшыл, еңбекқор, арманына адал жасөспірімдер – барша оқушыларға үлгі. Арманға апарар жол адал еңбектен басталатынын жаңшыл жас нақты ісімен дәлелдеп келеді.
Павлодар облысы білім
басқармасының баспасөз қызметі
