Қостанай облысы: Ауылдағы жүз орындық мектеп

Аймақта білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Соңғы үш жылда балаларға арнап аймақта 19 әлеуметтік нысан, оның ішінде тоғыз мектеп пен алты балабақша және үш шығармашылық үйі пайдалануға берілген болатын. Қостанай ауданында екі білім ордасы салынды.

Жергілікті білім беру басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ресми ақпаратқа жүгінсек, бұл ағарту ошағы заманауи оқу кабинеттерімен, кітапхана, спорт залы және мультимедиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Демек адами капиталды дамытуға маңызды үлес қосуға бағытталған құптарлық қадам. Өңірдегі тоғыз мектептің екеуі осы ауданда пайдалануға берілді. Еңбек ауылындағы 100 орынға арналған мектептің салтанатты ашылуы өткен аптада ұйымдастырылған еді. Бұл жаңа оқу ордасы қазіргі заман талабына сай салынып, оқушылардың білімі мен қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалған.

1962 жылы бой көтерген бұрынғы мектеп ғимараты әбден тозығы жетіп, аймақ басшылығы оның орнына жаңа білім ошағын салу туралы шешімге келді. Оның үстіне, бұл елді мекен облыс орталығына іргелес, халқы орнығып қалған келешегі бар құтты қоныстардың қатарында. – Бүгін барлығымыз үшін көптен күткен ерекше атаулы күн! Балаларымыз заманға сай білім алып, армандарын іске асыратын жаңа мектеп есігін айқара ашып отыр! Бұл сәтті жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктердің бастауы деп білемін, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жаңа мектеп ауылдық өңірде инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынып отыр. Үлкен қалаларда немесе кішкентай ауылдарда тұрғанына қарамастан, балаларымызға сапалы білім алу үшін бірдей мүмкіндіктер жасалуы қажет. Естеріңізде болсын, білім алуға ұмтылған балаға, әрдайым, барлық есіктер ашылады. Айта кететінім, биылғы оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарына грантқа түскен түлектердің жартысы ауылдық мектептердің оқушылары болды.

Еңбек ардагері Жаксылық-қажы Жүнісов жиналғандарға батасын берді. Жаңа мектепте шәкірттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен жабдықталған, компьютерлік сынып және мультимедиялық кабинет, шеберхана мен технология кабинеті жұмыс істейді. Спорт залы қажетті құралдарға толы, асхана қазіргі заман талаптарына сай жарақталған. Мектептің кітапханасы көркем әдебиет кітаптардың үлкен қорымен қамтамасыз етілген.

Педагогикалық саланың майталман маманы Надежда Пак көпшіліктің қуанышымен бөлісті: «Мектептің ашылуын асыға күткен едік! Біздің балаларымыз сапалы білім алып, талант пен қабілеттерін ашуға мүмкіндік берілгенін көріп менің қуанышымда шек жоқ! Болашақта олардың арасынан мықты ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, спортшылар шығатынына мен сенімдімін».

Заманауи білім шаңырағының табалдырығын аттаған сегізінші сынып оқушысы Айзере Айжарқын шын жүректен қуанып: «Біздің жаңа мектебіміз – ең керемет! Мұнда бәрі әдемі, әр сынып заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бізге олимпиадаларға жан-жақты дайындалуға және ғылыми жобалармен айналысуға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ең кереметі – енді тамаша кітапханамыз бар!», – деді. Білімгерлердің екінші үйіне айналған бұл мектепте қазір жетпіс жеті ұл мен қыз оқып жатыр.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий