Ләззат ЕРКІНБАЕВА – М.Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің 2026 жылғы ақпан айының тоғызындағы №8 ж\қ бұйырығымен әрі Республикалық комиссияның шешіміне байланысты Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры қызметіне заң ғылымының докторы, профессор Ләззат ЕРКІНБАЕВА тағайындалды.

Жаңа басшыны университет ұжымына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Ләззат Қалымбекқызы 1989 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ды заң факультетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бастаған: ассистент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі; І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, Оқу-әдістемелік жұмыстары бойынша проректоры қызметтерін атқарған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор; М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған. Ғылыми-педагогикалық және басқарушылық тәжірибесі мол, білім беру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі еңбегімен танымал. Жазған ғылыми еңбектерінің жалпы саны – бір жүз отыз. Оның он тоғызы – оқу құралы және 15-і – монография.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық ғылыми жобаларына қатысу және басшылық ету тәжірибесі бар. ҚР заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің бірқатар жобаларын әзірлеуші және БҰҰДБ, ЕҚЫҰ сарапшысы болған. 2023 жылдың ақпан айынан бастап ҚР жаңадан құрылған Конституциялық сотының сарапшысы болып сайланды. 2009 және 2010 жылдары Қазақстанның құқықтық ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР БҒМ «ҚР ғылымына сі-ірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «ҚР Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «ҚР Конституциясына 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Ләззат Қалымбекқызын жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз! Университеттің дамуына бағытталған бастамаларыңыз сәтті жүзеге асып, ұжым мен білім алушылар игілігіне қызмет ете берсін!

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің медиа орталығы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий