LEGO арқылы логика мен инженерлік ойды дамытқан жасөспірім

Шарбақты ауданы, Галкино жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Жәңгір Джамбулат – бос уақытын тиімді пайдаланып, қиялын нақты жобаға айналдырып жүрген жас құрастырушы. Сабақта озат, мінезі ашық, ұстаздары мен достарының арасында құрметке ие.

Алайда оның ерекше қыры – LEGO әлеміндегі табандылығы. Жәңгірдің LEGO-ға қызығушылығы 10 жасында басталды. Туған күніне анасы сыйлаған шағын жиынтық оның өміріндегі жаңа бағыттың бастауы болды. Қарапайым модельдерден басталған әуестік бүгінде күрделі архитектуралық құрылымдар мен техникалық механизмдерге ұласты.

Бүгінде ол тек нұсқаулыққа сүйенбей, өз идеясымен ерекше жобалар жасайды. Әрбір құрастырылған модель – ой еңбегінің нәтижесі.

LEGO құрастыру Жәңгірдің логикалық ойлауын, кеңістікті бағдарлау қабілетін, есептеу дағдыларын дамытты. Әсіресе математика, информатика және технология пәндеріне деген қызығушылығы арта түсті.

Құрастыру барысында ол жоспарлайды, салыстырады, талдайды, шешім қабылдайды. Бұл – болашақ инженерге тән қасиеттер.

Жас құрастырушының анасы Әсел ұлының қызығушылығын әрдайым қолдап келеді:

«Жәңгірдің LEGO-ға деген қызығушылығы бізді алғашында жай ғана балалық әуестік сияқты көрінген. Бірақ уақыт өте келе оның әрбір модельге үлкен жауапкершілікпен қарайтынын байқадық. Ол кейде бірнеше күн бойы бір жобаны жетілдіріп, бөлшектерін қайта қарап шығады. Бұл – оның табандылығы мен шыдамдылығының белгісі. Біз тек қолдау білдіреміз. Баланың қызығушылығын шектемеу керек деп ойлаймын», – дейді анасы Әсел.

Қазіргі таңда Жәңгір 46 ірі әрі күрделі LEGO моделінен тұратын жеке коллекция жинақтаған. Бұл – жай ғана сан емес, әр жобаның артында уақыт, еңбек және шабыт тұр.

Жас құрастырушының бүгінгі хоббиі ертеңгі мамандығына айналуы әбден мүмкін. Себебі үлкен жетістік кішкентай бөлшектерден құралады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий