Жетісу университеті: «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастармен маңызды кездесу
Бүгін І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Гуманитарлық факультетінің студенттерімен Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заң мен тәртіпті сақтаудағы менің үлесім» атты кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – құқықбұзушылықпен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтаудағы жастардың өзіндік ұстанымын қалыптастыруға бағыт-бағдар беретін тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу.
Жиын барысында заң талаптарын сақтау, интернет-алаяқтық, буллинг, сталкинг, есірткі және өзге де зиянды әрекеттердің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар қоғамда жиілеп бара жатқан құқық бұзушылық түрлеріне бейжай қарамай, олардың алдын алуда әр азаматтың, әсіресе жастардың рөлі зор екенін атап өтті.
Әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев кездесудің жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы, заң мен тәртіпке жауапкершілігін арттырудағы маңызына тоқталды.
Жиында Жетісу облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы аға жедел уәкілі, полиция майоры Ернат Абдрахимов интернет-алаяқтық пен дропперлік қылмыс туралы кеңінен баяндап, нақты мысалдар келтірді. Ол күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді жария етпеу, бейтаныс адамдармен қаржылық операциялар жасамау сынды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Кездесу соңында студенттермен интерактивті форматта жұмыс жүргізілді. Білім алушылар ұяшықта көрсетілген ситуациялық сұрақтарға өз ойларын білдірді. Бұл әдіс олардың құқықтық сауаттылық деңгейін, кез келген жағдайда дұрыс шешім таба алу және сыни ойлау қабілеттерін анықтауға мүмкіндік берді.
Факультет деканы Райгүл Желдібаева қонақтарға маңызды әрі құнды ақпарат бергені үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің жастар тәрбиесіндегі рөлі зор екенін атап өтті.
Кездесуге барлығы 150 студент қатысты.
Загрузка...
