Ғылыми мұраны цифрландыру: «Ғылым ордасы» мен Alatau Hub меморандумға қол қойды
2026 жылғы 27 ақпанда «Ғылым ордасы» РМК мен Astana Hub IT-стартаптарының халықаралық технопаркінің филиалы — Alatau Hub өңірлік инновациялық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл маңызды қадам Алматы өңірінің инновациялық экожүйесін дамытуға және ғылыми ресурстар мен IT-индустрия мүмкіндіктерін тиімді үйлестіруге бағытталған.
Меморандумның мақсаты – ғылым және IT-индустрия ресурстарын біріктіру арқылы Алматы өңірінің инновациялық экожүйесін дамыту, Қазақстанның ғылыми және мәдени мұрасын цифрландыруға жәрдемдесу, жас ғалымдар мен IT-мамандарға арналған заманауи білім беру ортасын қалыптастыру, сондай-ақ өңірдің ғылыми-технологиялық қоғамдастығын нығайту.
Екіжақты ынтымақтастық аясында ғылыми және мәдени мұраны цифрландыру, оның ішінде Орталық ғылыми кітапхана қорын цифрландыру, цифрлық музей экспозицияларын әзірлеу, VR/AR жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Ғылым + IT» бағыттары бойынша бірлескен білім беру курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын, бірлескен ғылыми жобалар мен халықаралық бастамаларды жүзеге асыру, воркшоптар, дәрістер және Speaker Talks форматындағы іс-шараларды ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ тараптар жас ғалымдар мен IT-мамандарға арналған заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға басымдық бермек.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы — еліміздің технологиялық трансформацияға деген нақты қадамын айқындайды. Осы тұрғыда «Ғылым ордасы» мен Alatau Hub арасындағы әріптестік ұлттық мұраны цифрлық дәуірге бейімдеуге және инновациялық білім көкжиегін кеңейтуге арналған стратегиялық шешім болып табылады. Бұл бастама Алматы өңірінің инновациялық экожүйесін нығайтып, ғылыми әлеует пен IT-индустрия ресурстарының өзара тиімді ықпалдасуына жаңа серпін бермек», – деді «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов.
Тараптар цифрлық технологиялар, білім беру және инновациялар саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыта отырып, Алматы өңірінде ғылым мен технологияның интеграциясына жаңа серпін беруге ниетті.
Загрузка...

