Павлодар облысында Жыл мұғалімі – 2026 облыстық кезеңінің бірінші туры өтті
Байқаудың негізгі мақсаты – мұғалім мамандығының беделін арттыру, инновациялық идеяларды қолдау және озық педагогикалық тәжірибені кеңінен тарату.
Байқауға аудандық және қалалық білім бөлімдері ұсынған педагогтерден барлығы 59 өтінім қабылданды. Бұл кәсіби педагогикалық қауымдастықтың өзара тәжірибе алмасуға және кәсіби дамуға деген жоғары қызығушылығын айқындайды.
Облыстық кезеңнің бірінші туры білім беру саласының сарапшылары әзірлеген олимпиадалық тапсырмаларды орындауды қамтыды. Қатысушылар терең пәндік білімдерін, күрделі әрі стандарттан тыс тапсырмаларды шешу дағдыларын, сондай-ақ шығармашылық ойлау қабілеттерінің жоғары деңгейін көрсетті.
Байқау оффлайн форматта ұйымдастырылып, педагогтер тапсырмаларды жеке қатысу арқылы 4 сағат ішінде орындады. Екінші турға өту үшін қатысушылардың 70 пайыздан жоғары балл жинауы талап етіледі, бұл комиссияның ресми хаттамасында тіркеледі.
Байқау Мұғалімдер күніне орай өтетін облыстың үздік педагогтерін марапаттауға арналған салтанатты рәсіммен аяқталады. Бұл күні жеңімпаздар лайықты құрметке ие болып, өздерінің кәсіби бастамаларын жүзеге асыруға қолдау алады.
2026 жылғы наурыз айында өтетін екінші турға қатысатын педагогтерге сәттілік тілейміз!


