ҚазҰУ студенттері үшін цифрлық инженерия клубы есігін айқара ашты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, академик Өмірбек Жолдасбековтің туғанына 95 жыл толуына орай, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерейтойлық шара академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Оған университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлері, Өмірбек Арысланұлының ұрпақтары, шәкірттері, замандас-достары және білім алушы жастар қатысты. Жиналған қауым отандық ғылым мен жоғары білімнің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғаны еске алып, оның тағылымды ғұмыры мен өнегелі жолы жайында жылы лебіздерін білдірді.
Көрнекті ғалымның 95 жылдығына орай, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Цифрлық инженерия ғылыми-техникалық клубының салтанатты ашылуы өтті.
Клуб университет қабырғасында еркін ғылыми пікір алысу алаңы ретінде құрылды. Оқу залында білім алушы жастар мен докторанттар жиналып, цифрлық инженерия және техникалық бағыт бойынша ғылыми жобаларын талқылайды. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасады.
Оқу залының ашылуында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов сөз сөйледі. Проректор жаңа клубтың іске қосылуы академиктің ғылыми дәстүрін жалғастыруға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
«Өмірбек Жолдасбеков ҚазҰУ-ды 16 жыл басқарып, ғылым мен білімнің дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, 400-ден астам ғылыми еңбек жазды. Оның ғылыми мектебі қазіргі таңда да жемісті еңбек етіп келеді. Университет үшін ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау – стратегиялық басымдық. Сондықтан мұндай зияткерлік орталардың құрылуы білім мен ғылымның сапасын арттыруға жасалған нақты қадам», – деді проректор.
Өз кезегінде филология факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор Баян Жолдасбекова сөз алып, жаңадан ашылған оқу залының мазмұндық тұрғыдан да ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Аудиторияда Өмірбек Жолдасбековтің жеке пайдаланған заттары, ғылыми еңбектері мен сирек кітаптары қойылған. Сонымен қатар арнайы бұрышта ғалымның жастық шағы, еңбек жолы, ғылымдағы жетістіктері мен қоғамдық қызметі туралы тың деректер мен архивтік материалдары орналастырылған.
Салтанатты шара академиктің өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық конференциямен жалғасты.
Жиын барысында ғалымның архивтік баяндамалары негізінде жасанды интеллект технологиялары арқылы әзірленген арнайы бейнеролик ұсынылды. Бұл жоба қатысушыларға академиктің дауысын қайта естіп, оның отандық инженерлік мектептің қалыптасуына арқау болған терең ғылыми ойларымен қайта қауышуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар арнайы академиктің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған Алматы қалалық робототехника чемпионатының жеңімпаздары марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Загрузка...



