Үзілісте — асық пен арқан тарту: Екібастұз мектептерінде ұлттық ойындар жаңғыруда

Екібастұз мектептерінде үзіліс уақыты барған сайын белсенді әрі мазмұнды демалыс алаңына айналып келеді. Әдеттегі гаджеттердің орнына бастауыш сынып оқушылары қазақтың ұлттық ойындары — «асық ату», «арқан тарту» және олардың заманауи үлгілерін ойнайды. Мұндай формат балаларға сабақ арасындағы уақытта сергіп қана қоймай, халықтық мәдениет элементтерімен ойын арқылы танысуға мүмкіндік береді.

Соның бір жарқын мысалы — № 6 мектеп-лицейіндегі тәжірибе. Мұнда үзіліс кезінде оқушылар «Асық – қазан» ойынын ойнайды: арнайы ойықтары бар тақтада балалар асықты жылдам жинап, кейін нәтижесін есептейді. Бұл ойын ептілікті, зейінді және бәсекелестік рухты дамытады, ал қысқа үзіліс белсенді қозғалысқа толы уақытқа айналады.

Бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Дүйсембинованың айтуынша, ұлттық ойындарды «заманауи форматта» ұсыну идеясы балалардың қызығушылығын арттыру мақсатынан туған:

— Біз бұл ойындарды «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында үзіліс кезінде ойнаймыз. Балалар арқан тарту, асық ату ойындарын біледі. Бірақ қызығушылық бәсеңдемеуі үшін ұлттық ойындарды жаңа форматта ұсынып отырмыз. Өзім қарап, бейімдеу жолдарын зерттеп, балаларды үйреттім. Нәтижесінде олардың үлкен ықыласпен ойнайтынын көрдім.

Ойын құралдарын дайындауға ата-аналар да атсалысуда. Педагогтермен бірлесіп, мектеп жағдайына ыңғайлы әрі қарапайым құрылғылар әзірлеуде. Мұғалімдердің айтуынша, мұндай үзілістер балалардың тек белсенді қозғалуына ғана емес, өзара қарым-қатынас жасауына, келісімге келуіне және бір-бірін қолдауына ықпал етеді. Нәтижесінде оқушылар сабаққа жинақы әрі жұмысқа дайын күйде оралады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий