Жалпыұлттық коалиция өкілдері Аманжолов университетінде конституциялық реформаны талқылады
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Іс-шара Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндіруге және қоғам өкілдерімен ашық диалог орнатуға арналдығ – деп хабарлады осы жоғары оқу орнының медиа орталығы.
Кездесуге қатысқан делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Республикалық Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаева басқарды. Сонымен қатар жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов, ҚР Парламентінің депутаттары, Конституциялық реформа комиссиясының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен сала сарапшылары қатысты. Кездесу барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін стратегиялық маңызын атап айтты.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның білімге негізделген экономика құруына, адами капиталдың рөлін арттыруға және ұзақ мерзімді тұрақты дамуға бағытталған. Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде жаңа Конституцияда білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салалары мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде айқын белгіленгенін жеткізді. Бұл бағыттар елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар жастардың әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді.
Аида Ғалымқызы, сонымен қатар, жаңа Ата Заң тұжырымдамасын қалыптастырудағы Мемлекет басшысының ерекше рөліне тоқталып, Президенттің «Адал азамат», «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамалары Конституцияның концептуалдық өзегіне айналғанын жеткізді. Кездесуде Конституциялық реформаның қоғам өміріне тигізетін ықпалы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Университет алаңында адами капитал тақырыбына және өңірлік жоғары оқу орындарының білім экономикасындағы рөліне ерекше назар аударылды.
«С.Аманжолов атындағы ШҚУ» Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген Конституцияда адам дамуын негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындау технологиялық даму мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру секілді заманауи талаптарға сай келеді. – 2026 жылғы конституциялық реформа – бұл жай ғана нормаларды жаңарту емес. Бұл Әділетті Қазақстан құру идеясымен үндесетін, биліктің қоғам алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігін нығайтатын институционалдық жаңғыру. Конституциялық деңгейде адами капиталды дамыту басымдығын бекіту – елдің стратегиялық таңдауы. Қазіргі кезеңде білім мен ғылым елдің экономикалық өрлеуі мен технологиялық тәуелсіздігін айқындайтын шешуші сала ретінде қарастырылады, – деді ректор.
Осы университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Жиын соңында қатысушылар кездесудің ел болашағына қатысты мазмұнды әрі ашық пікір алмасу форматында өткенін атап өтті. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, Конституциялық реформаның мәні мен маңызын қоғамға кеңінен түсіндіруге ықпал ететіні айтылды.
Сәрсен Аманжолов атындағы
Шығыс Қазақстан университетінің
медиа орталығы,
Өскемен қаласы



