Алдағы ауқымды міндеттер айқындалды

Бұл өңірде мыңнан астам білім беру ұйымы бар. Жүз мыңға жуық балаға 17 мыңнан астам мұғалім сабақ береді. Білім сапасын арттыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Өткен аптада аймақтағы білім саласында атқарылған соңғы бір жылдың жұмыстары қорытындыланып, алдағы міндеттерді айқындау кәсіби мамандардың қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі ұйымдастырылды.

– Былтыр облыстың білім беру инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді: 35 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сексен үш ағарту ошағы қайта жаңғыртылды. «1300 мектепті реновациялау» жобасы аясында он бір білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Шағын жинақты мектептер 80 заманауи кабинетпен жабдықталды және он үш мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлескен жоба жүзеге асырылды, – деді осы байыпты басқосуға арнайы қатысып, сөз сөйлеген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Жергілікті білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды. ҚР Президенті әркез білім сапасын арттыруға, мектептерді цифрлық трансформациялауға, білікті мамандар даярлауға, сондай-ақ оқушылардың бойында отансүйгіштік құндылықтарын қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Одан бөлек облыста педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға, цифрлық құзыреттерін дамытуға және жұмысшы кадрларды даярлауға ерекше назар аударылуда.

Заманауи жабдықтарды пайдалана отырып сабақ өткізудің жаңа тәсілдері белсенді енгізіліп, қосымша білім беру және тәрбие бағытындағы жобалар іске асырылуда. Биыл мемлекет тарапынан айқындалған нақты міндеттерге сәйкес білім беру жүйесін одан әрі цифрландыру, заманауи білім беру платформалары мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқыту сапасын арттыру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау жұмыстары жалғасын табады.

– Білім сапасын арттырып, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту – орта білім беру саласындағы басты міндет. Аймақ үшін шағын жинақты мектеп мәселесі өзекті. Облыста үш жүз жиырма бес шағын жинақты мектеп жұмыс істейді. Смирново, Новоишимское ауылдарында үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептер бар. Смирновода – 300, Новоишимда 600 оқушыға арналған білім ошақтарын салу қажет. Қаланың Копай шағын ауданы мен Белое ауылына да жаңа мектептер қажет, – деді баяндамасы барысында облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

– Сала қызметкерлерінің жұмысын бағалаудың басты көрсеткіші – дарынды балалардың жетістіктері. Білім бәйгелерінің жүлдегерлері қатарында Есіл, Тайынша аудандары алдыңғы қатарға шыққан. Қызылжар, Ақжар, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда аталған көрсеткіш елу пайыздан жоғары. Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Тимирязев аудандарының оқушыларының белсенділігі бәсең. Бір жүз екі мектеп қазақ, 112 мектеп аралас, екі жүз жиырма бес білім беру ұйымы өзге тілде білім береді.

Айнагүл Ағыбайқызының сөзіне сүйенсек, облыста қазақ тілінде білім алатындардың үлесін арттыру мақсатында жол картасы әзірленген. Былтыр 6 мектепте қазақ тіліндегі бірінші сыныптар ашылған. Өткен қыркүйекте екі мыңға жуық оқушы қазақ сыныптарына қабылданыпты. Балабақшаның қазақ топтарына баратындардың үлесі 38 пайызға жеткен. 2025-2026 оқу жылында тоғыз балабақшада 11 қазақ тобы ашылды. Білім бөлімдеріне бастауыш сыныптың алғашқы сатысына қабылданатын балалардың кем дегенде 30 пайызы қазақша білім алуы қажеттігі туралы міндет қойылған.

Былтыр төрт колледжге күрделі және онына ағымдағы жөндеу жүргізілгенін білдік. Қолдарына таңдаған мамандықтары бойынша диплом алған түрлі кәсіптерге 3476 маман түлектердің 70 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған көрінеді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 26 арнайы мекеме жұмыс істейді. Онда жеті жүз елу үш бала білім алады. Серіктестермен бірлескен жұмыс нәтижесінде ерекше қажеттілігі бар 72 студент дуалды білім алып жатыр. Ерекше балаларға қосымша білім беру де басты назарда.

Жиынға қатысқан облыстық полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов мектептегі тәрбие үдерісін де назарда ұстау қажет екенін айрықша атап айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылдың соңында құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңға қол қойды. Бұл құқықтық құжат наурыздан бастап күшіне енеді. Осы заңда жасөспірімдермен жан-жақты жұмыс істеп, ерте әрекет ету жолдары қарастырылған.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басқарма төрағасы Ануар Жанғозин ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру бойынша бірлескен жұмыстың нәтижесі туралы баяндады. Басқа қатысушылар орта білім, техникалық және кәсіптік білім берудегі оң тәжірибелерді таныстырды. Жиында кадр тапшылығын азайту, жас мамандарға қолайлы жағдай жасау, құқық бұзушылыққа жол бермеу, ата-аналармен тиімді байланыс орнату сынды мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары айтылды.

Ақжар ауданында былтыр 24 мектептен екі білім ордасы мемлекеттік аттестациялаудан сүрінбей өтіпті. Соның бірі – Ақжарқын орта мектебі. Алмагүл Манапқызы 2023 жылдан бері осы ұйымшыл ұстаздар ұжымына жетекшілік етіп келеді. Аз уақытта атқарылған жұмыстарға көңіл сүйсінеді. Директордың дерегінше ауылдық жерлерде бос лауазымдарға үміткерлер арасында бәсекелестік деңгейі төмен, білікті кадрлардың саны шектеулі. Екі жылдық жедел ауыстыру үдерісі істі ілгерілетудің орнына күрделендіріп жібере ме деген күдік басым.

– Менің басқару қызметінде жүргеніме үшінші жылға аяқ басты. Отбасыларды оңтүстік өңірлерден қоныстандырдық. Нәтижесінде жалпы оқушының санын сексенге жеткізіп, 11 жылдық мәртебесін сақтап отырмыз. Жиырма алты мұғалімнің өз міндеттері бар. Бәріне өзімнің жүгіруіме, қазандыққа дейін бақылауыма тура келеді. Әр күніміз қарбаласқа толы, – деді ол облыстық бас газеттің журналистерімен әңгімесінде. Директордың орынбасарлары мен басқарушы педагог кадрларға арналған бір ғана тест мазмұны Еңбек кодексін, «Педагог мәртебесі туралы» Заңды, «Білім туралы» Заңды, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» Заңнаманы, «Неке және отбасы туралы» Кодексті, Басшылық лауазымдарға қойылатын талаптарды (№385 бұйрық) қамтиды.

Өту шегін айқындайтын алпыс сұрақтың кемінде 42-сіне дұрыс жауап беру. Бұған білім сапасына, оқушы, мұғалім санына, жетістік көрсеткіштеріне қатысты мәліметтерді қайта-қайта сұрататын бюрократтық кедергілерді қоссақ, жүйкеге түсетін психологиялық күш тым ауыр. – Ауылдық жерлерде мектеп директоры деген – аты ғана. Шаруашылық, әкімшілік, коммуналдық қызметтер, ғимарат пен мүліктерді күтіп ұстау, техника мәселесі, жергілікті атқарушы органдармен жұмысты үйлестіру – бәрі бір адамның мойнына артылған. Қағазбастылық өте көп, – деген кейіпкеріміз министрлік құзырындағы шарттар жеңілдетілсе, артық әкімшілік жүктемелер оңтайландырылса, педагог қызметі нақты нәтижемен бағаланса деген өтінішін бүгіп қалмапты.

Өмір Есқали әріптесіміздің сауалына орай әңгімені әріден қозғаған петропавлдық ұстаз Сәуле Қанатбаева ұсыныстың қисынсыздығын жеткізген. Соңғы уақытта мұғалімдер тарапынан директорлардың басқару әдебіне, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалануға қатысты шағымдар жиілегені туралы ресми құрылымдардың уәжі ешбір логикамен сыйыспайтындығына тоқталыпты. – Оқу үдерісін талапқа сай ұйымдастырып, республикалық, облыстық білім сайыстарында көш басынан көрініп жүрген, ұжымға өте сыйлы ұлағатты басшыларды жақсы білемін. Олардың жұмыс өтілінің алды – он және он бес жылдан басталады. Жалпы білім ұйымдарын басқару нақты мерзімге емес, түпкі нәтижеге қарап бағалануы тиіс, – деген пайымды пікіріне біздің де алып-қосарымыз жоқ.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий