Кітапхана – мемлекеттің негізгі жады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ осыдан екі жыл бұрынғы Ұлттық құрылтайда: – Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. …Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет, – дегені елдің есінде.
Осыған орай оңтүстік өлкедегі сарыағаштық ұстаз Дәуренбек Нұрқұлов оқушыларға арналған «Оян, қазақ» деп аталатын жобаны қолға алып, арнайы сайт ашқаны баршамызға белгілі. Бұл жаңа жоба – мектеп оқушылары арасында кітап оқу мәдениеті мен оқу белсенділігін арттыруға бағытталған. Сайтта – Басты бет, Жаңалықтар, Kitap Fest, E-кітап, Аудио кітапхана, Үздіктер тақтасы, Жобаның авторы, Кері байланыс сынды айдарлары бар. Қазіргі кезде осы сайтты пайдаланушылардың қатары көбейіп, сұраныс артқан.
Осы жобада екі жүзден аса кітап қоры жинақталған. Дәуренбек Миратұлы сол жергілікті өңірдегі №74 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Оның сөзінше, жоба жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал етеді. Сондайақ оқушылар түрлі кітаптарды оқу арқылы талқылау және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік алады. Бағалы бастама бүгінгінің білімпаз балаларын оқуға баулу, білімге құштар ету мақсатында қолға алынған. Ізденімпаз педагог аудандық «Дарынды оқушыларға – талантты ұстаз» байқауында қорғап, іс-жүзінде дәлелдеп шыққанын айрықша атап айтады.
Пән мұғалімінің мәлімдеуінше, шығармашыл шәкірттер білім ошағындағы академиялық жетістіктерін кітап оқумен байланыстырса, жан-жақты дамып, ізденіске ден қоймақ. Кітап оқу жобасы – бұл тек қана оқушыларды кітап оқуға баулу емес, сонымен қатар олардың өз ойларын еркін жеткізу, талдау, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал ететін маңызды жұмыс. Жаңашыл жобалар арқылы оқушылар түрлі тақырыптарға арналған кітаптарды оқып, оларды талқылау, өз көзқарастарын білдіру мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде олардың сөйлеу және ойлау дағдыларын жетілдіреді.
Ғаламторды өз деңгейінде оқушыларға жақсы жағынан пайдалы ақпаратты ала білуге үйрету. Сонымен қатар, кітап оқу жобасы ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуына, өз бетімен білім алуға деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Кітапты немесе белгілі бір шығарманы ұжымдық талқылау жаңа идеялар мен шешімдер табуға мүмкіндік береді. Абай хәкім жетінші қара сөзінде айтқандай, жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады, бірі – «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген тән құмарлығы, екіншісі – «көрсем, білсем, үйренсем» деген жан құмарлығы. Баланың қай құмарлыққа ерік беріп, болашағына бағыт алуы алғашқы ұстазы – ана-анасының берген тәрбиесіне байланысты.
Шымкент қаласы да дарынды жастарымен әрқашан ерекшеленетін мекен. Солардың бірі – бүгінде барша мектеп оқушыларына үлгі боларлықтай өнеге көрсетіп жүрген он екі жасар Әлтайыр Ерназаров. Оның кітап оқуға деген құштарлығы соншалық, соңғы жеті жылдың ішінде ол алты жүз елуден астам кітапты тауысып оқып шыққан. Қазіргі таңда Фараби атындағы мектепте білім алып жатқан кішкентай кейіпкердің бұл ерекше қызығушылығы небәрі бес жасында басталған. Ол кезде көптеген құрдастары ойынға көңіл бөлсе, ол әріп танып, қиял әлеміне саяхат жасауды жөн көрген. Кітапқұмардың алғашқы қадамы орыс тіліндегі танымал «Майнкрафт» кітабынан басталыпты.
Бұл туынды оның кітапқа деген сүйіспеншілігін оятып, кейіннен күрделі әдебиеттерге жол ашқан. Бүгінде ол тек бір тілмен шектелмейді: қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиеттер мен ғылыми-танымдық еңбектерді еркін оқи алады. Оның жеке бөлмесі қазір нағыз шағын кітапханаға айналған. Ал қолға түсе бермейтін шетелдік басылымдар мен әлемдік бестселлерлерді бұл балақай электронды кітап платформалары арқылы тауып, ағылшын тілінде түпнұсқадан оқиды. Әлтайырдың жан-жақтылығы тек кітаппен шектелмейді.
Ол – нағыз заманауи полиглот. Ағылшын тілін еркін меңгергені соншалық, халықаралық тіл байқауларында бірнеше мәрте жүлделі орындарды иеленген. Қазіргі уақытта ол француз, неміс және түрік тілдерін тереңдетіп үйреніп жүр. Спорттық жетістіктері де аз емес. Интеллектуалдық дамумен қатар физикалық шынығуды да ұмытпайды. Ол семсерлесумен (фехтование) кәсіби деңгейде айналысады және жүзу спортының тұрақты қатысушысы. – Күн сайын ұйықтар алдында кем дегенде бір сағат кітап оқимын. Демалыс кезінде, жолға шыққанда, көлікте немесе ұшақта да кітапты қолымнан тастамаймын, – дейді жас білімпаз.
Оның осынау сөздері уақытты тиімді пайдаланудың нақты үлгісі. Әлтайыр үшін кітап – жай ғана ақпарат көзі емес, ол әлемді танудың, ой-өрісті кеңейтудің және жаңа тілдерді меңгерудің ең төте жолы. Шым шаһарлық жас жеткіншектің бұл жетістігі – қазіргі «гаджеттер дәуірінде» кітаптың құндылығын жоғалтпағанын көрсететін жарқын мысал. Әлтайырдың мақсаты – алған білімін еліміздің игілігіне жұмсау және әлемдік деңгейдегі маман болу. Осындай зерек те ақылды жастар барда тәуелсіз еліміздің болашағы зор екеніне еш күмән жоқ.
– Әулиеата топырағында кітап құмарлыққа бастайтын мемлекеттің арнайы тұжырымдамасы аясында нақты жұмыстар қолға алынуда. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тарихи, рухани еңбектерге деген сұраныс артып келеді. «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығы тарапынан жуырда ұйымдастырылған «Отбасыммен оқыған кітап» шығармашылық байқауында бақ сынаған оқушыларымыз Алғыс хаттармен марапатталды. Орымбековтер отбасы білімге құштарлығына қоса өнерлерін көрсетті, – дейді Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы мектептің кітапхана меңгерушісі Гүлбайра Беделханқызы Танысхожаева.
– Кітапхана – құндылықтар жүйесін қалыптайтын орын. Ол мемлекет саясатының жүзеге асуында айтарлықтай рөл ойнайды. Ал жас ұрпақты кітап оқуға баулу – кешенді мәселе. Бұл – ел болып ұйысып, жұрт болып жұмылып істейтін аса маңызды іс. Өйткені еліміздің өркениетті елдермен терезесі тең болуы үшін, ең алдымен, оқуға құштар қоғам құру қажет. Ол үшін ғылым, білім, мәдениет салаларына қарайтын мекемелер – балабақшалар, мектептер мен кітапханалар әрбір отбасымен бірлесе жұмыс атқаруы керек. Мемлекеттің міндеті – қаржылық һәм құқықтық шектеулерді алып тастап, даңғыл жол салып беру, – дейді Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Нұрбол Құдайбергенов.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...


