Сөз киесін ардақтаған: Павлодарда «Бала би» сайысы өтті

2026 жылғы 3 наурызда М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында шешендік өнердің асқақ үні қалықтады. «Бала би» облыстық байқауының ақтық кезеңі өтіп, ұлттық рух пен ана тіліміздің құдіреті салтанат құрған шынайы сөз мерекесіне айналды.

Облыстық балалар-жасөспірімдер ұйымы “Жас Ұлан” мен Оқушылар сарайының бастамасымен ұйымдастырылған жоба бүгінгінің жас көшбасшыларын — ертеңгі ел тірегі болар ділмар шешендерді анықтауды мақсат етті.

Финалға Баянауыл, Ақтоғай, Павлодар аудандары мен Ақсу, Екібастұз, Павлодар қалаларынан іріктелген 8–10 сыныптың ең үздік 33 оқушысы қатысты. Олар — тек мектеп мақтанышы ғана емес, ойы ұшқыр, тілі орамды, жүрегі «қазақ» деп соққан намысты жас өрендер.

Сайыс төрт кезең бойынша өрбіді. «Қоржын» бөлімінде қатысушылар терең ой толғап, салмақты пікір білдірсе, «Ұлылар сөзі» кезеңінде жедел жауап беріп, білім көкжиегін танытты. «Жыраулар жырлайды» бөлімінде суырыпсалмалық пен тапқырлық сынға түсті. Ал «Таразы» кезеңі нағыз пікірталас алаңына айналып, жас шешендердің уәж айту, дәлел келтіру мәдениетін айқындады.

Байқау соңында қазылар алқасы жас өрендердің дайындығына жоғары баға беріп, ақжарма тілектерін жеткізді.

Қазылар алқасының мүшесі, ақын, айтыскер Нұрбек Бәкір өз сөзінде:
«Бүгін біз сахнадан тек оқушыларды емес, сөздің қадірін түсінетін, ойы кемел, рухы биік болашақ мемлекетшіл тұлғаларды көрдік. Жастардың тіл байлығы мен қиыннан қиыстырып жол табатын тапқырлығы ерекше қуантты. Бұл — қазақ тілінің өміршеңдігінің айқын дәлелі. “Бала би” атағын иелену — үлкен жауапкершілік, сендер сол биіктен көріне білдіңдер!» — деп атап өтті.

Қызу тартыс пен мазмұнды ой айқасының қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:

Бас жүлде — Береке жалпы орта білім беру мектебі, Ақсу қаласы.
І орын — №25 қазақ қыздар гимназиясы, Екібастұз қаласы.
ІІ орын — Баянауыл ауданы, Ш. Айманов атындағы ЖОББ мектеп-интернаты; Павлодар ауданы, №1 Чернорецк ЖОББМ.
ІІІ орын — Тереңкөл ауданы, Аққайың ЖОББМ; Ақтоғай ауданы, Мүткенов атындағы ЖОББМ; Павлодар қаласы, М. Әлімбаев атындағы ЖОББМ.

Байқау барысында сахна төріне шыққан әрбір жастың бойынан ел тарихындағы би-шешендердің сарыны сезілді. Көрермендер мен ұстаздар қауымы еркін көсілген ой мен ұтымды сөзге тәнті болып, рухани серпіліс алды.

«Бала би» — сөз құдіретін ұлықтап, ұлттық болмысты жаңғыртқан тағылымды жоба екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий