2026 жылғы 6 наурызда облыстық М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Аққу» клубтарының бастамасымен «Ұрпақтар үндестігі» атты облыстық іс-шара өтті

Тағылымға толы басқосу үш буын өкілдерін – 10–12 жастағы қыздарды, жас әйелдерді және аға буын аналарын бір алаңға біріктіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналды. Іс-шараның мақсаты – мәдениет, қолөнер және ашық диалог арқылы ұрпақтар сабақтастығын көрсету, аға буын тәжірибесіне құрметті арттыру болды.

Бағдарламаның алғашқы бөлімі төрт интерактивті локацияда өтті. «Шебер қолдар» алаңында қатысушылар қолөнермен айналысып, ұлттық әшекейлер жасады. «Ұлттық сән – заманауи көзқарас» бөлімінде ою-өрнек элементтерімен безендірілген сән үлгілері таныстырылды. «Қыз болашағы» алаңында қыздар «25 жасымдағы өзіме хат» және «12 жастағы өзіме кеңес» интерактивтеріне қатысып, арман-мақсаттарымен бөлісті. Ал «Әже мұрасы» локациясында аға буын өкілдері дәстүрлі орамал байлау тәсілдерін көрсетіп, ұлттық өнер мен тұрмыстық мұра туралы әңгіме өрбітті.

Іс-шара «Ұрпақтар бірге» телемарафонымен жалғасты. Оған Екібастұз, Ақсу қалалары және Баянауыл, Тереңкөл, Железин, Павлодар аудандарының «Аққу» клубтары онлайн қосылып, мерекелік құттықтаулар мен шығармашылық нөмірлерін ұсынды.

Қорытындысында облыстың барлық өңірлері бір экранда тоғысып, үш буын әйелдерінің үйлесімі – дәстүрді сақтаған аға буын, оны жаңғыртқан орта буын және болашаққа жалғастыратын жас ұрпақтың бірлігін көрсетті.

«Ұрпақтар үндестігі» іс-шарасы ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық мұраны дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий