Жергілікті жеке мектептердің жайы

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА өткен аптада әлеуметтік желідегі парақшасында жекеменшік мектептер үшін жағымды жаңалықты хабарлады. Еліміздің бас ұстазының айтуынша, бейіндік ведомство тарапынан жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастырудың бірлескен бұйрығына қол қойылған. Бұл құқықтық құжаттың соңғы нұсқасы барлық жиырма өңірдің әкімдіктерімен келісілген екен. Сондай-ақ бұл нормативтік акті ҚР Қаржы министрі мен Оқу-ағарту министрінің бірлескен бұйрығы болып саналады.

– Бүгіннен бастап бұйрықты бүкіл 20 әкімдік өздеріне тіркей бастайды. Қаржы жергілікті атқарушы органның ақшасы. Олар қаржысын Қаржы орталығына аударады. Қаржы орталығы жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруда оператор саналады, – деді ол. Жұлдыз Досбергенқызы өзі жетекшілік жасайтын министрліктің тарапынан барлық нормативті әрі ұйымдастырушылық жұмыстарды толық атқарғанын атап айтты. – Сондықтан бүгінгі таңда бұған байланысты шешілмеген түйткілді мәселе жоқтың қасы. Бұйрыққа қол қойылды, – деген министр бұған дейін алдағы уақытта мемлекеттік және жекеменшік мектептер үшін талап бірдей болатындығына екпін берген еді.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен жақында Рахымжан Әліарыстанұлы атындағы жеке мектепті мемлекеттік меншікке алу бойынша меморандумға қол қою рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шараға жауапты сала басшылары, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы атқарылған ауқымды жұмыстарға, соңғы жылдары бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға, оның ішінде білім сапасын көтеруге бағытталғанына тоқталды. Рас, бұл өңірде ел Президенті мен ҚР Үкіметінің ерекше қолдауына сай тың бастамалар жүзеге асырылуда.

– Жас ұрпаққа заманауи білім мен ұлттық тәрбие беру – жауапты жұмысымыздың бірегей басымдығы. Осы саланы жергілікті аймақта ілгері дамытуға соңғы үш жылда 812 миллиард 245 миллион теңге тиімді жұмсалса, биыл үш жүз екі миллиард теңге қаралды. Бөлінген қаржының түпкілікті мақсатқа жетуін қадағалаудың нақты шараларды қабылданған. «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы соңғы үш жылдан бері қолданысқа енгізіліп, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған мекемелерге жалған тіркелген 19 мың 263 бала анықталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 28 миллиард бір жүз миллион теңге қазына қаржысы үнемделді, – деді ол сөйлеген сөзінде.

– Емхананың жалған анықтамасын тіркеу, негізсіз демалыс күндерін анықтау есебінен алты миллиард жеті жүз миллион теңге бюджетке қайтарылды. Облыста демографиялық өсім мен халықтың көшіп-қону белсенділігі жоғары болғандықтан, оқушы санының жыл сайын артқаны байқалады. Жаңа оқу жылында 1–11-сыныпта 189 мың 288 оқушы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда төрт мың үш жүз алпыс төрт оқушыға артқанына нақты дәлел бола алады. Осы ретте орын қажеттілігі жеке инвестиция есебінен де шешімін табуда. Жеке секторға мемлекет тарапынан қолдау жасалған. Біз өз кезегімізде таза, шынайы жұмыс істейтін кәсіпкерлерді үнемі қолдап келеміз.

Нұрлыбек Машбекұлының айтуынша, өткенде мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында соңғы үш жылдан бері жұмыс істейтін «Oрда скул-2» жеке мектебін мемлекет меншігіне сыйға берілген. Сырбойылықтар тағы да бір осындай игі істің куәсі болып отыр. Мемлекеттік құрылымдардың ең бірінші міндеті – балалардың жан-жақты, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Аймақ жетекшісі қорытынды пайымын өскелең ұрпақ тәрбиесімен айналысатын барша бастамаларға сәттілік тілеп, ортақ жұмысты бірлесіп атқаруға шақыруымен түйіндеді.

Рәсімде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов пен Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектептің құрылтайшысы Шәркүл Иманбердиева мектеп ғимаратын облыстық коммуналдық меншікке беру туралы меморандумға қол қойды. Сонымен бірге Шәркүл Иманбердиева, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов, «Ұлағат» мектебінің құрылтайшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков сөз сөйлеп, жас ұрпаққа сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды. Айта кету керек, өткен жылы бұл өңірде 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылған-ды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған он ағарту ошағы ел игілігіне пайдалануға берілді.

Сыр өңірінде соңғы жылдары жеке мектеп желісі жандана түскен еді. Осыдан төрт жыл бұрын жиырма жеке мектеп жұмыстарына кірісті. Қызылорда қаласында еді көбісі. «BAITEREK SСHOOL» жеке мектебі де сол кезде ашылды. Осы жеке білім беру ұйымының құрылтайшысы Шәркүл Иманбердиева еді. Ол ашылу салтанатында әрбір бала сапалы әрі заманауи білім ошағында білім алуға лайықты екенін жеткізіп, ақжарма тілегін арнады. Адами капиталды дамыту сол арқылы білім саласын жетілдіру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін айрықша атап айтқан жергілікті биліктің басшылары, білім ордасын ашуға ниет білдірген жанашыр меценатқа алғысын білдіргені бар. Бір мың бес жүз орындық осы жеке мектептің жалпы аумағы – 8500 м2.

Orda School мектебі де облыс орталығындағы жеке иеліктегі білім ордасы. Халықаралық әйелдер мерекесіне орай осы алтын ұядағы кәдімгі оқу сыныбы небәрі бір кеште махаббат пен мейірімге толы мерекелік сахнаға айнала кетті. Бесінші сыныптың оқушылары бұл кешке бар жанын салуы нәтижесінде айналаны шарлармен безендіріп, төбеден нәзік ленталар мен аналарының суреттерін іліп қойған екен. Әр фотоның астында бала жүрегінен шыққан ең тәтті тілектер мен алғыс сөздері менмұндалап тұрды. Бұл кеш тек көктем мерекесі емес, бала бойындағы адамгершілік пен отбасына деген құрметті оятатын «Адал азамат» бағдарламасының жарқын көрінісі болды.

Шығармашылық арқылы бүлдіршіндер ең басты нәрсені – мейірімді болуды және жақындарын бағалай білуді үйренді. Концерттің ең сиқырлы тұсы – ағылшын тіліндегі ертегі-әндер болды. Оқушылар сахнада нағыз актёрлердей өнер көрсетті: «Кішкентай ханзаданың» сырлы әлемі, «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісіндегі ана туралы нәзік ән, сүйкімді Қызыл Телпек пен Пьероның бейнелері көрерменді баурап алды. Ал финалдағы «Буратино» әні барлық кейіпкердің басын қосып, көңілді аяқталды. Балалардың өз қолдарымен дайындаған костюмдері әр бейнеге ерекше жылулық сыйлады. Кештің ең толқынысты сәті – қорытынды нөмір болды. «Анашым, әрқашан қасымда бол» әні әуелегенде, залдағы аналардың көзіне жас үйірілді.

Бұл ән – бала махаббатының ең шынайы үні еді. Мереке соңында балалар аналарына өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын – гүл пішінді әдемі магниттерді тарту етті. Гүлдің ортасындағы баланың суреті мен «Анашым, мен сенің гүліңмін» деген жазу әр ананың жүрегін елжіретті. Бұл кішкентай сыйлық енді әр үйдің төрінде үлкен махаббаттың белгісі болып тұрады. Көктем мерекесі әрбір баланың жан-жақты дамуына, оның талантын ұштауға қаншалықты көңіл бөлінетінін тағы бір мәрте көрсетті. Себебі бұл шаңырақты баланың қанатын қатайтып, биікке ұшуына көмектесетін ұлағатты ұстаздар еңбек етеді. Дәл осындай жылы қарым-қатынас пен заманауи тәсілдердің арқасында оқушыларымыз жаңа белестерді бағындырып келеді, – дейді осынау әдемі бағдарламаны дайындап, жүзеге асырған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қадыр Фариза Жаңабайқызы.

Жамбыл облысы білім басқармасы таратқан ресми мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда осы аймақта бес жүз отыз бір орта білім беру ұйымы жұмыс істеп тұрса, оның жетпіс үші – жеке меншікте. Онда 17 мың 119 оқушы білім алуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Былтырғы қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында жекеменшік мектептерге 4,1 миллиард теңге көлемінде төлемдер жүргізілген екен. Бұл қаржы оқыту сапасын қамтамасыз етуге, педагогтердің еңбекақысын төлеуге және білім беру ұйымдарының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік бергені анық.

Биыл да жекеменшік мектептерді қолдау шаралары жалғасын тауып, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен елу жеті жекеменшік мектепті қаржыландыруға 12,5 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі таңда ата-аналардың арасында баласын мемлекеттік мектепке беру мен жекеменшік мектепті таңдауға қатысты көзқарастар әртүрлі. Осыған байланысты ата-аналар екі түрлі ұстанымға бөлініп отыр. Мемлекеттік мектепті дұрыс көретін ата-аналардың бір бөлігі жекеменшік мектептерде оқу ақысы төленгендіктен, мұғалімдер оқушыларға шынайы баға қоймайды, білім сапасы жеткілікті деңгейде болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, мемлекеттік мектептерде талап қатаң, бағалау әділ әрі білім беру жүйесі тексерілген.

«Ақ жол» облыстық газетіндегі жергілікті журналистердің жазуынша, жекеменшік мектепті қолдайтын ата-аналар үшін баланың жайлы ортада, сапалы жағдайда білім алуы маңызды. Олар мұндай мектептерде сыныптағы оқушы саны аз болғандықтан, әр балаға жеке көңіл бөлінетінін, оқу процесі тиімді ұйымдастырылатынын алға тартады. Сонымен қатар ата-аналар оқу ақысы төленетіндіктен, мектептен нақты талап етіп, білім сапасына, тәрбие мен қауіпсіздікке көбірек әсер ете алатынын артықшылық ретінде көреді. Елімізде балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы жекеменшік білім беру ұйымдарының көбеюіне әкелді.

Дегенмен бұл үдеріс сападан бұрын санды қуалауға ұласып бара жатқандай әсер қалдырады. Бүгінге дейін мейрамхана, дүкен немесе жеке тұрғын үй ретінде пайдаланылған ғимараттардың ертеңіне балабақша не жекеменшік мектеп ретінде жұмыс істеп кетуі алаңдатпай қоймайды. Өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлер қомақты қаржыға ғимарат жалдап, ең алдымен пайда табуды көздейді де, бала қауіпсіздігі мен білім сапасын екінші орынға ысырып қояды. Нәтижесінде бала тағдырына тікелей әсер ететін білім беру саласы бизнеске ғана айналып, өзінің негізгі миссиясынан алыстай бастайды. Сондықтан жекеменшік балабақшалар мен мектептерге қойылатын талаптарды күшейту – уақыт талабы.

Олардың лицензиялануы, тіркелуі, материалдық-техникалық базасы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі қатаң бақылауда болуы тиіс. Мектепке немесе балабақшаға инвестиция салу – бұл тек табыс көзі емес, ең алдымен балаға сапалы білім беруге, оның өмірі мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін жауапты міндет. Бала болашағына салынған әрбір инвестиция немқұрайдылықты емес, жоғары жауапкершілікті талап етеді. Жекеменшік мектептердің көбеюі мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтып отырғаны рас. Сонымен қатар білім ордаларының арасындағы бәсекелестік туғызып, білім сапасының артуына да ықпал етіп отыр. Осы саладағы кәсіби мамандардың пайымы бойынша, жекеменшік мектепке сұраныстың артуы халықтың әл-ауқатының жақсаруымен де тығыз байланысты.

– Мемлекеттік және жекеменшік мектепте жұмыс істеген мұғалім ретінде екі жүйенің де өзіндік артықшылықтары бар екенін байқадым. Ақылы мектептердің басты ерекшелігі – сыныптағы бала санының аздығы. Бұл мұғалімге әр оқушыға жеке көңіл бөліп, қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Жекеменшік мектептерде, әсіресе математика пәнінде, баланың логикалық ойлауын дамытуға басымдық беріледі. Мемлекеттік бағдарламадан бөлек авторлық оқулықтар қолданылып, оқушылар тереңдетілген тапсырмалармен дайындалады. Алайда мұндай бағдарлама математикаға бейімі төмен балалар үшін қиындық тудыруы мүмкін. Мемлекеттік мектептер де осал емес. Соңғы жылдары оқу бағдарламалары жаңарып, мұғалімнің кәсіби дамуына жол ашылды. Қай мектеп болсын, ең бастысы – баланың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуы, – дейді Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Кадиша Дербисалиева.

– Жекеменшік мектептер біз секілді жұмысбасты ата-аналар үшін өте қолайлы. Себебі, бала күні бойы мектепте жүреді, сол жерде үй тапсырмасын орындап, қосымша дамыту сабақтарына қатысады да, үйге кешке бір-ақ қайтады. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде баланы тасымалдау қызметі (развозка) ұйымдастырылған, бұл ата-аналар үшін үлкен жеңілдік әрі мектепті таңдауда маңызды факторлардың бірі болып саналады. Бірақ ақылы мектептерде де бізді алаңдататын мәселе бар. Ол – мұғалімдердің тұрақтамауы. Яғни, мұғалім жиі ауысады. Ал балаға әр жаңа мұғалімге үйренуі үшін біраз уақыт керек, – дейді Prizma бастауыш мектебінің ата-анасы Анар Нұрманқызы.

Рас, ақылы мектепке ата-аналар белгілі бір талаптармен барады. Мемлекеттік мектепке қоя алмаған талаптарын, қызмет беруші ретінде жекеменшік мектептерден талап ете алады және өздерінің сұраныстарын жүзеге асыратын мектептерге олар қосымша ақысын төлеуге дайын. Жекеменшік мектептердің дамуы отандық білім беру жүйесі үшін маңызды әрі қажетті құбылыс болып табылады. Бұл мектептер жаңа әдістемелерді енгізу, заманауи оқу бағдарламаларын қолдану, сондай-ақ әр оқушыға жеке көңіл бөлу мүмкіндігі арқылы білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар олар білім беру саласындағы бәсекелестікті күшейтіп, мемлекеттік мектептерді де өз жұмысын жетілдіруге ынталандырады.

Мемлекет осы мектептерді қаржыландырып отырғандықтан, олардың қызметі де қатаң бақылауда болуы тиіс. Өйткені жекеменшік мектептердің тиімді жұмыс істеуі тек олардың санының өсуіне ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бақылау мен сапаға қойылатын нақты талаптарға тәуелді. Мектептердің оқу бағдарламасының сапасы, мұғалімдердің біліктілігі, материалдық-техникалық базасы және тәрбие жұмысы сияқты аспектілер үнемі қадағаланып отыруы тиіс. Бұл қадағалау білім беру процесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, ата-аналардың сенімін арттырады.

Тек осындай үйлесімді саясат – жекеменшік мектептердің дамуын ынталандырып, олардың әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жекеменшік мектептер елдің білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, жаңа идеялар мен инновациялық тәсілдерді енгізуге және қоғамдағы білім беру мәдениетін нығайтуға нақты үлес қосады. Адал әрі сапалы жұмыс істеген мектептер қаржыландырусыз қалмайтындығы шүбәсіз шындық. Жекеменшік білім беру ұйымдары республикалық қауымдастығының төрайымы Роза Садықова жекеменшік мектептерге бөлінетін мемлекеттік қаржы толықтай тоқтатылмайтынын айрықша атап айтты.

Оның сөзінше, адал жұмыс істеп, сапалы білім беріп отырған мектептерге мемлекеттік қаржыландыру жалғаса береді. – Қазіргі таңда e-qazyna.kz порталында орта білім беру сервисі іске қосылып, барлық жекеменшік мектептер толық цифрландырудан өтті. Одан өтпей қалғандар бар, әрине. Олар қандай да бір заңбұзушылыққа жол берді ме, әлде талапқа сай келмеді ме – тиісті орындар бағасын беретін болады. Кейбіреулер жетіспейтін қажетті құжаттарын реттеп жатыр. Ал цифрлық жүйеден сәтті өткен, талапқа толық сай келетін мектептерге қаржы бөлу тоқтатылмайды, – деді ол.

Шыны керек, соңғы кездегі заңнамалық өзгерістерге сәйкес жеке мектептерді ашудың бұрыннан бар тәртібі тағы қатаңдайды. Қазақстанда жеке білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді. Енді жеке мектептерді кез келген жерде ашуға рұқсат берілмейді. Олар тек оқушы тапшылығы байқалатын немесе мектеп жетіспеушілігі анықталған өңірлерде ғана іске қосылады. Арнайы лицензиялар негізінен үш ауысымда оқыту мәселесін шешу немесе апатты жағдайда тұрған мектептердің орнын алмастыру мақсатында ғана берілмек. Бұл шешім білім беру инфрақұрылымын тиімді жоспарлауға және ресурстарды нақты қажеттілікке қарай бағыттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар салалық министрлік жеке мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр. Бұдан былай мектеп басшысын тағайындау тек құрылтайшының шешімімен шектелмейді. Директорды бекіту барысында министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі міндетті түрде ескеріледі. Қазіргі таңда ел аумағындағы 785 жеке мектептің барлық құжаттары толықтай цифрлық форматқа көшірілген. Бұл бақылау мен есептілікті күшейтіп, білім беру саласындағы ашықтықты арттыруға бағытталған.

Осынау игілікті істің шикі тұстарын назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Президент жекеменшік мектептерді, балабақшаларды, даму орталықтарын және медициналық клиникаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру қағидатына назар аудартты. – Ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Аружан РАУАНҚЫЗЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий