Озық техникалық білім – жаңа индустрияның драйвері
Әлемдік экономика адам еңбегінің сипатын түбегейлі өзгертуге бет бұрған кезеңде кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі жоғары технологиялық экономиканың негізгі тірегіне айналды. Қазақстан техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) саласын дамыту үшін жүйелі және ауқымды реформаларды жүзеге асыруда. Жұмысшы мамандықтар ұлықталған былтырғы жылдың шеңберінде колледждерге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 145 мың орынға дейін ұлғайтылды, – деп хабарлады жуырда Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Ресми мәліметке сәйкес, оның жетпіс пайызы техникалық және технологиялық бағыттарға бөлінген екен. Бұл ел экономикасының нақты секторына қажетті кадрларды даярлауға жасалған нақты қадам. Жұмыс берушілермен бірлесіп 11 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленді. Олар кәсіби стандарттар мен WorldSkills талаптарына негізделген, бұл қазақстандық студенттердің құзыреттерін халықаралық деңгейге жеткізеді. Даниядағы EuroSkills Herning 2025 чемпионатында отандық ұлттық құрама жеті үздік медальон иеленгенін білеміз. Бұл – техникалық білім сапасының халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі.
Ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтар бойынша онлайн-оқыту заңнамалық түрде енгізілді. Бағдарламалау, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, жасанды интеллект негіздері сияқты бағыттар колледждерде кеңінен оқытылады. Нәтижесінде түлектер еңбек нарығына тез бейімделетін, бәсекеге қабілетті маман болып шығады. Қазіргі таңда 43 мыңға жуық студент кәсіпорындардың нысаналы мемлекеттік тапсырысы аясында білім алуда. Олардың сегіз мыңға жуығы оқуын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бейіндік ведомствоның жуырда ұйымдастырылған кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен техникалық және кәсіптік білім беру саласында жүзеге асып жатқан іргелі реформалар кезекті мәрте талқыланды. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жоғары технологиялық экономиканы дамытудың шешуші құралына айналғанын баяндама жасап, сөз сөйлегендер айрықша атап айтты. Жаһандық трендтерге сәйкес, оқыту үдерісіне автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект сияқты цифрлық дағдылар терең интеграциялануда.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында былтыр республика аумағындағы колледждер мемлекеттік тапсырыс 145 мыңға жетіп, оның жетпіс пайызы техникалық бағыттарға басымдық берді. WorldSkills талаптарын ескеретін он бір мыңнан астам жаңа білім беру бағдарламасы әзірленіп, заңнамалық деңгейде ақпараттық технологияның мамандықтары бойынша онлайн-оқыту нормалары енгізілді. Елімізде дуальды оқыту жүйесі қарқынды дамып, оған он бір мыңнан астам кәсіпорын мен 138 мың студент тартылды. Қазіргі таңда қырық үш мыңға жуық студент кәсіпорындардың нысаналы тапсырысымен білім алуда, бұл түлектердің тікелей жұмысқа орналасуына кепілдік береді.
Сондай-ақ студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жатақханалардағы орын тапшылығы бір жылда екі есеге қысқарып, 187 колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай нығайтылды. Халықаралық ынтымақтастық саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Он бір оқу орны халықаралық аккредитациядан өтіп, жеті жүзге жуық педагог пен студент шетелде тағылымдамадан өтті. TurkicSkills-2025 чемпионаты жеті мемлекеттің қатысуымен біздің республикада ұтымды ұйымдастырылуы ұлттық тәжірибемізді әлемдік аренада паш етудің маңызды қадамы болғаны даусыз.
Бұл бейіндік ведомство тарапынан алдағы уақытта классикалық білім беруден икемді модульдік және тәжірибеге негізделген траекторияларға көшу жоспарланғанын білдік. ОЭСР елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, ұзақ академиялық бағдарламаларды қысқа мерзімді курстармен және нақты құзыреттерді меңгеруге бағытталған тағылымдамалармен ұштастыруға барынша басымдық беріледі екен. Яғни бұл тәсіл еңбек нарығының жылдам өзгермелі талаптарға бейімделуі үшін жасалған мол мүмкіндіктердің бірегейі. Өнеркәсіп пен колледждер арасындағы байланысты нығайту үшін металлургия, құрылыс және IT компанияларымен бірлескен нақты жобалар мен дуальды оқыту бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар колледж студенттерінің білімін университет бағдарламаларына интеграциялау мәселесі зерделенуде. Алдағы бес немесе жеті жылда колледждердің модульдік бағдарламаларын жоғары білім жүйесімен ұштастыру мамандар даярлаудың сапасын жаңа деңгейге көтермек. Болашаққа жасалған стратегиялық мақсат – колледж бағдарламаларын толық цифрландыру және виртуалды зертханалар арқылы халықаралық стандарттарды енгізу. Болжам бойынша бес жылдан кейін білім беру бағдарламаларының кемінде алпыс пайызы цифрлық форматқа көшіп, студенттердің мобильділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Демек модульдік оқыту, цифрландыру және өндіріспен тығыз байланыс орнату – кәсіптік білім беру саласының негізгі басымдықтары болып қала береді. Жуырда тәуелсіз еліміздің техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде алғаш рет қонақжайлылық және туризм саласы бойынша өңірлік білім беру-өндірістік кластері елордасындағы Сервис және туризм колледжі базасында қонақжайлылық және туризм бойынша іске қосылғаны туралы жақсы жаңалық жарияланды. Бұл заманауи құрылымды үйлестірудегі басты мақсат – ерте кәсіптік бағдар беруден бастап мақсатты жұмысқа орналастыруға дейінгі үздіксіз кадр даярлау жүйесін қалыптастыру және білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті нығайту.
Осы жобаның шеңберінде мектепке дейінгі ұйымнан бастап мектеп, колледж, жоғары оқу орны және өндіріс арасындағы сабақтастыққа негізделген кешенді модель ұсынылады. Бұл тәсіл еңбек нарығының талаптарына сай, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған. Өңірлік кластердің іске қосылуы – дуальды оқытуды дамытуға, білім мен өндіріс интеграциясын күшейтуге және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Ақтөбе облысының он мен он бірінші сыныпта оқитын елу екі шәкірті бір жарым жыл бойы мектеп пен колледжден де қалмауы себепті жақында бір мамандықты игеріп шыққандықтан қолдарына арнайы димлом алғаны хабарланды.
Былтыр жиырма бес түлек осы жұмысшы мамандығын тәмамдаған екен. Және осы өңірдегі автожол колледжінде жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары жұмысшы біліктілігі арнайы мамандық алып шыққанын білдік. Олар автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандығы бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасын аяқтаған екен. Бағдарлама салалық министрліктің бұйрығына сәйкес соңғы төрт жылдан бері іске асырылып келеді. Бұл жоба негізінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары базасында бітіруші түлектерді кәсіби даярлауға бағытталған. Осы оқудың барысында мектеп оқушылары алғашқы кәсіби дағдыларды меңгеріп, жұмысшы біліктілігін растайтын ресми диплом алды.
Өткен оқу жылында ақтөбелік қырық оқушы тігін өндірісі және киімдерді модельдеу мамандығын меңгеріп, тігінші біліктілігін алып шыққан болатын. Бағдарлама аясында олар мектептегі жалпы білім беруді колледждегі кәсіби даярлықпен ұштастырып, екі білім беру бағытын тиімді біріктіре алды. Оқу барысында оқушылар тігін өндірісінің заманауи технологияларын меңгеріп, колледж шеберханаларында практикалық дағдыларын жетілдірді. Сондай-ақ әлеуметтік серіктес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, бейінді ұйымдарға экскурсияларға қатысты. Бұл формат оқушыларға тек теориямен шектелмей, болашақ мамандықтың қыр-сырын іс жүзінде танып-білуге мүмкіндік берді. Барлық қатысушы қорытынды аттестациядан сәтті өтіп, жұмысшы біліктілігі бойынша дипломдарға ие болды.
Көптеген түлек үшін бұл – алғашқы кәсіби жетістік әрі еңбек нарығына қадам басудағы маңызды белес. Жоба, сондай-ақ, жастар арасында еңбек құндылығын дәріптеп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған. Колледж басшылығының айтуынша, эксперименттік бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, мектеп оқушыларына ерте кәсіптік бағдар беру жұмысын жалғастыру жоспарланып отыр. «BilimHack Almaty-2026» қалалық хакатоны тұңғыш мегаполистегі колледж студенттері арасында ұйымдастырылды. Жергілікті білім басқармасының қолдауындағы бұл бәсекеге жетпіс екі құрама командадан құралған екі жүзден астам үміткер қатысқан-ды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың цифрлық құзыретін дамыту, қолданбалы инновацияны қолдау және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің заманауи кәсіби дағдысын жетілдіруді көздейді. Алматылық студент жастардың арасында хакатон ұйымдастыру бастамасы былтырғы Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында қолға алынған еді. Жаңаша жоба қолданбалы мамандықтардың беделін арттыруға, инженерлік және технологиялық ойлауды дамытуға, сонымен қатар жұмысшы мамандықтарын цифрлық экономика талаптарына бейімдеу үшін бағытталған. Және колледж студенттеріне нақты міндеттерді шешу барысында кәсіби білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін практикалық алаңға айналды.
Қатысушылар пәнаралық командаларда жұмыс істеп, заманауи экономика сұранысына сай технологиялық шешімдер әзірледі. Байқау форматы білім беру саласы, бизнес және IT-қоғамдастық арасындағы байланысты нығайтып, теориядан жобалық және кәсіпкерлік қызметке көшуге жол ашты. Екі күн бойы студенттер білім беру үдерісін жетілдіруге, кәсіптік бағдар беру сервистерін дамытуға, инклюзивті цифрлық платформалар құруға және оқу процесіне жасанды интеллект технологиясын енгізуге бағытталған жобаларын ұсынды. Қарқынды командалық жұмыс форматындағы хакатон қатысушыларға ақпараттық технология индустрия талаптарына жақын жобалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша сарапшылар алқасы технологиялық тұрғыдан үздік ретінде танылған қырық команданы анықтады. Қатысушылар әзірлемесін IT-индустрия мен технологиялық бизнес өкілдеріне таныстырды. Жобалар инновация деңгейі, техникалық орындалуы, практикалық маңыздылығы және ауқымдау әлеуеті бойынша бағаланды. АУЭС колледжінің командасы байқау нәтижесінде алғашқы қатардан көрінді. Алматы сервис және технологиялар колледжіне екінші орын бұйырды. Инновациялық техникалық колледж командасы үшінші орын алды. «Диджитал» командасына алты айлық білім беру курстарынан өтуге сертификат табысталды.
Еуразиялық техникалық-экономикалық колледж командасы IT Support компаниясы ұсынған кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған тағылымдамадан өту сертификатына ие болды. Хакатон аясында студенттер IT-компания өкілдерімен кәсіби байланыс орнатып, жобаларын одан әрі дамыту, тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін талқылады. Бұл олардың тұрақты кәсіби даму жолын қалыптастыруға ықпал етеді. «BilimHack Almaty» хакатонын алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу және қатысушылар қатарын жыл сайын кеңейту көзделіп отыр. Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде өткен жылы еліміздегі заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылған еді.
Инновациялық зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған. Fab-Lab (Fabrication Laboratory) – әлемнің жетекші оқу орындары қолданатын цифрлық өндіріс зертханалары желісінің халықаралық форматы. Зертхана үш негізгі бағытта жұмыс істейді. Робототехника зертханасы – NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар арқылы құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған. 3D модельдеу және 3D басып шығару зертханасы – Fusion 360, SolidWorks, Blender бағдарламаларында прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект зертханасы – Python, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрондық желілер бойынша практикалық білім алуға бағытталған. Заманауи зертханалардың ашылуы – еліміздің болашақ инженерлері мен техниктерін дайындаудағы үлкен стратегиялық қадам. Fab-Lab жастардың тек оқып қана қоймай, нақты өнім жасап, инновациялық жобалар әзірлеуіне мүмкіндік береді. Бұл – еңбек нарығына қажетті жаңа буын мамандарын қалыптастырудағы маңызды бастама екендігі даусыз. Жаңа орталық студенттерге теорияны тәжірибемен ұштастырып, өз идеяларын іске асыруға, өнеркәсіп пен IT саласына қажетті жобалар әзірлеуге жол ашады.
Жетісу облысының орталығындағы осы техникалық және кәсіби білім беру ұйымында наурыз айының алғашқы күні 1С сертификатталған орталығы ашылды. IT саласының білікті мамандарын даярлауға бағытталған заманауи білім беру кабинеті саналатын бұл жаңа орталықты колледждің техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмысының біріне бағалауға болады. Осы арнаулы оқу орнындағы арнайы орталық студенттерге заманауи бағдарламалық шешімдерді меңгеруге, кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді. Білім алушылар енді тек теориялық біліммен шектелмей, 1С бағдарламалық өнімдерін қолдана отырып, нақты өндірістік кейстерді орындау арқылы тәжірибелік машықтарын шыңдай алады.
– 1С пайдаланушыларына, бағдарламашыларға және IT мамандарына кәсіби кадрлар даярлау біздің стратегиялық бағыттардың бірі. Осы мақсатта колледж оқытушылары арнайы аттестациядан өткен. Жаңа ашылған кабинет – республика бойынша он екінші орталық. Бұл оқу орнынан алдағы уақытта білікті мамандар легі шығады деген сенім зор. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасудың маңызды алғышарты, – дейді 1С Қазақстан оқу орталығының жетекшісі Ғалия Керейбаева. – Сертификатталған орталықтың оқытушылары аталған компанияның ресми оқу-әдістемелік материалдарымен қамтамасыз етілген және заманауи трендтер мен инновацияларға сай біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып отырады.
– Студенттер халықаралық стандарттарға сәйкес сертификат алу мүмкіндігіне ие болды. Жаңа кабинеттің ашылуы жастар үшін үлкен мүмкіндік. 1С бағдарламасын меңгерген кәсіби жас мамандарға бүгінде түрлі ұйымдардан сұраныс жоғары. Сондықтан бұл бастама болашақта IT және бизнес саласында табысты мансап құруға берік негіз қалайды, – дейді колледж студенті Наталья Шальнева. – Жобаның жүзеге асуы колледждің инновациялық даму стратегиясының маңызды бөлігі, уақыт талабына сай кәсіби кадрлар даярлауға бағытталған нақты қадам. Цифрлық дәуірде білім мен тәжірибені ұштастыра білген жас маман ғана бәсекеге қабілетті болмақ.
Осы облыстың орталығында орналасқан жоғары медициналық колледжі биыл 90 жылдық мерейтойын қарсы алуда. Тоқсан жыл – бір білім беру ұйымы үшін үлкен тарих. Әрі бірнеше буынның тағдырымен қоса мыңдаған маманның кәсіби жолына бастау болған тағылымды кезең. Іргетасы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында қаланған небәрі отыз орынды медициналық курстан басталған шағын мекеме уақыт өте келе өңірдің медицина саласын кадрмен қамтитын маңызды білім ошағына айналды. Соғысқа дейін медициналық курс мектеп дәрежесіне көтеріліп, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ерекше міндет жүктелген оқу орны жеделдетілген бағдарлама бойынша майданға қажетті орта буын медицина қызметкерлерін оқытқан.
Кеңестік кезеңде жаңа ғимаратқа көшіп, материалдық-техникалық базасы нығая түскен училище ел тәуелсіздігінің талмау тұсында отандық педагогика саласына үздіксіз білім беру жүйесін енгізудің нәтижесінде колледж мәртебесіне қол жеткізді. Десек-те шынайы жаңғыру кезеңі мыңжылдықтар тоғысында басталған болатын. Бүгінде республикаға әйгілі озық тәжірибе мектебі ретінде танылған колледждің заманауи симуляциялық орталығы мен виртуалды клиникасында студенттер теориялық білімді тәжірибемен ұштастырады. Жасанды интеллектке негізделген манекендер мен тренажерлар болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беруде.
– Емтихандар арнайы бақылау жүйесі арқылы өткізіледі. Халықаралық байланыс жақсы жолға қойылған колледж Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медициналық университетімен әріптестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар оқу орнында есту қабілеті шектеулі жандарға арналған стоматология бөлімінің ашылуы – әлеуметтік маңызы зор бастама. Ұйымшыл ұстаздар ұжымында жүзге жуық тәжірибелі оқытушылар еңбек етеді. Жыл сайын жаңа сыныптар ашылып, медицина мамандығын таңдаған түлектердің қатары қалыңдауда. Гүлшат Қадырова, Қалиман Ташкеева, Анна Филимонова, Роза Қыдыркешова, Әсия Әлибекова, Шахаризат Алипбаева сияқты майталман мамандар мәртебелі мақтаныш.
Дастан Иманбаев, Арайлым Жомартбаева, Асқар Қайыров, Баян Ткенбаева сияқты жастардың болашағы зор. Колледждегі білім беру мен тәртіпті сақтау жолындағы жетістіктері жоғары директордың орынбасары Алтынай Құмарова мен бөлім меңгерушілері Ләйла Оразбекова және Гүлім Дуванбекованың абыройлары асқақ. Жыл сайын мыңнан аса орта буын медицина мамандары еліміздің әр аймағына жол тартады. Өйткені, оларға деген сұраныс жоғары. Институционалдық аккредиттеуден сәтті өткен колледж бірнеше мамандық бойынша сапа талаптарына толық сәйкестігін дәлелдеді. Тоқсан жыл бұрын жертөледе басталған жол бүгінде заманауи, халықаралық деңгейдегі білім ордасына ұласты. Бұл – ұжымның қажырлы еңбегі мен уақыт сынынан өткен табандылығының нәтижесі, – дейді ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанған Мырзахмет аға Ережепов.
Қарағанды облысы білім басқармасының баспасөз қызметі жақында жергілікті колледж студенттері мен оқытушыларының республикалық байқауларда табысты өнер көрсеткенін мәлімдеді. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің өндірістік оқыту шебері Мұхаметәли Исайын кірпіш қалау құзыреттілігі бойынша үздік қалаушы өңіраралық байқауында жеңімпаз атанса, Қарағанды теміржол колледжінің студенті Керімқұл Шыңғыс тау-кен техникалық бағыты бойынша республикалық жарыста теміржол локомотиві санатында екінші орынды иеленді. Үздік қалаушы аталатын бұл өңіраралық байқауы Көкшетау қаласында ұйымдастырылды.
Алаң ретінде қалалық құрылыс-технологиялық колледжі таңдалып, сайысқа Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің педагогтеріне қоса елордалық құрылыс кәсіпорындарының мамандары қатысқан. Сынға түсушілерге берілген сызбаға сәйкес құрылыс нысанын қатаң бағалау талаптарын сақтай отырып тұрғызу тапсырылды: жіктердің сапасы, өлшем дәлдігі, қалау геометриясы мен түзу сызықтылығы есепке алынды. WorldSkills стандарттары бойынша бағаланған барлық жұмыстар.
– Байқаудың негізгі мақсаты – мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және WorldSkills стандарттарын оқу үдерісіне енгізу. Байқаудағы арнайы тапсырмалар осы стандарттардағы өлшемшарттар бойынша бағаланды, – дейді Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, байқауда сарапшы ретінде қатысқан Рымбек Алтайбаев. Ең үздік нәтижені өндірістік оқыту шебері Мұхаметәли Исайын көрсеткен екен. Сарапшылар оның жоғары кәсібилігін, жұмысты дәл әрі сапалы орындауын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін айрықша атап айтқан.
– Тапсырма мен үшін аса қиын болған жоқ. Жарыс екі күнге созылып, жалпы ұзақтығы он сағатқа жалғасты. «Плитка қалау» пәні бойынша осыдан екі жыл бұрын ұйымдастырылған WorldSkills республикалық байқауында екінші орын алған едім. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, себебі байқауға өз ісінің мықты шеберлері қатысады, – дейді жеңімпаз. Қостанай облысының Рудный тау-кен технологиялық колледжінің алпыс жылдығына орай BabySkills және JuniorSkills форматында тағы бір республикалық кәсіби шеберлік байқауында қарағандылық команда «Теміржол локомотиві» құзыреттілігі бойынша екінші орынды иеленді.
Жеңімпаз атанған Қарағанды теміржол колледжінің студенті Керімқұл Шыңғыстың практикалық дағдылары мен тапсырмаларды орындау сапасын қазылар алқасы жоғары бағалады. – Байқаудағы жеңіс – педагогтер, тәлімгерлер және қатысушының өзара үйлесімді еңбегінің, оның мақсаткерлігі мен жоғары кәсібилігінің нәтижесі. Мұндай жарыстар жұмысшы мамандықтарын дамытуға, техникалық білімнің беделін арттыруға және жастардың кәсіби қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді, – деді осы колледждің өкілдері журналистермен әңгімесінде.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...



